Волейболдан Қазақстан құрамасының мүшесі, 24 жасар Сана Жарылғасова тұрмысқа шықты. Еліміздің сұлу волейболшы қыздарының бірі өзіне өмірлік жар етіп 26 жастағы Медет Анарқұловты таңдады. Бұл туралы бүгін Vesti.kz хабарлады.
Сана Жарылғасова – республикамыздың бірінші астанасы болған Орынбор жерінің тумасы. Спорттағы алғашқы жолын Оралдың «Грация» командасында бастаған. Содан кейін «Ертіс-Казхром» және «Алматы» командаларында ойнады. Қазақстан құрамасы сапында әлемдік Гран-при жарысына қатысып, оның құрамында 17-орын алды. Ал жақында ғана бас командамен бірге 2014 жылы Италияда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.
Сана сондай-ақ Қазақстандағы сұлу спортшылардың бірі болып табылады. Ол былтыр спортшы қыздардың арасында өткен сұлулық сайсында дзюдошы Мариан Ордабаевадан кейінгі екінші орын алды.
Медет Анарқұлов – Шымкент жерінің тумасы. Осында волейбол мектебінен тәлім алып шыққан ол спортшы ретіндегі жолын туған қаласының «Қазығұрт» командасынан бастады. 2009 жылы «Атырау» командасының сапына ауысты. Оның құрамында Қазақстан Кубогының иегері атанды. 2011 жылы Шымкенттің «Динамо-Қазығұрт» командасына қайтып оралды. Бұдан бөлек, спортшылық мансабын қазір Шымкенте учаскелік инспектор қызметімен ұштастырып жүр. Ол ішкі істер органдарында аға лейтенант шенінде қызмет етеді.
Еске сала кетейік, биылғы жыл спортшыларымыздың өз жұптарын тауып, шаңырақ құруға айрықша мән беріп жатқан кезеңі боылп тұр. Айталық, осыдан шамалы күн бұрын грек-рим күресінің шебері Алмат Кебісбаевтың үйлену тойы өтті. Оның алдында ғана ауыр атлет Кирилл Павлов некелі жарын тапты. Ал жылдың одан бұрынғы кезеңдерінде ауыр атлеттер Майя Манеза мен Вячеслав Ершов, Светлана Подобедова мен Владимир Седов бір-бірімен жұптасса, Зүлфия Чиншанло Қытайда тұратын серігімен қосылды.
Руслан Игілік.