Бүгін, 9 қазан күні Әзербайжанда президент сайлауы өтеді. Бұл туралы «Дейерлер AIN» агенттігі хабарлады.
Елде осы үшін 5491 сайлау учаскелері ашылған. Оларға 5 млн. 145 мың адам дауыс беруге келеді деп күтілуде. Соның ішінде 218 арнайы мекеме мен шет елдердегі 38 дипломатиялық миссия да бар.
Дауыс беру бюллетеніне 10 адамның аты-жөні енгізілген. Демек, осынша адам президент сайлауының додасына қатысқалы отыр. Президенттікке кандидаттар есебінде тіркелген кісілердің аты-жөндері мынадай: Игбал Агазаде, Ильхам Алиев, Араз Ализаде, Хафиз Гаджиев, Гудрат Гасангулиев, Джамиль Гасанли, Ильяс Исмайлов, Фарадж Гулиев, Сардар Мамедов және Захид Орудж.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сайлаудың барысын 40 мыңнан астам жергілікті бақылаушы, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың 300 өкілі қадағалайды.
Дауыс беру сағат 8:00-де басталып, 19:00-де аяқталады.
Сайлаудың өткені туралы хаттамалар учаскелерден округтік сайлау комиссияларына сағат 00-ге дейін келіп үлгерулері керек. Округтік сайлау комиссиялары екі күннен кешіктірмей қорытынды хаттамаларды Орталық сайлау комиссиясына өткізеді. Осыдан кейін ОСК бірден сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялайды. Ал Орталық сайлау комиссиясы 19 қазанға дейін қорытынды хаттамаларды Конституциялық сотқа жолдайды. Өз кезегінде Сот 14 күннің ішінде сайлау нәтижелерін жариялауы тиіс.
Осыдан кейін жаңадан сайланған Президент үш күннің ішінде ант қабылдап, өзінің лауазымдық міндеттерін атқаруға кіріседі.
Айта кету керек, Әзербайжандағы президент сайлауында кворум есепке алынбайды. Сайлауда 50 пайыз және бір артық дауыс алған кандидат жеңімпаз болып саналады.
Сәкен Майлыбай.