• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Маусым, 2020

Қарағанды облысының бас дәрігері: Үйге жүгірмеңіз, дәрігерге жүгініңіз

671 рет
көрсетілді

Коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері байқалған кезде, мәселен дененің ыстығы көтеріліп, жөтел пайда болып немесе дәм айыру сезімі  бәсеңдей бастаған жағдайда үйге тығылудың еш қажеті жоқ. Себебі, бірден дәрігердің көмегіне жүгінбей, өз бетінше емделу – зардабы ауыр болатын асқынуларға әкеліп соғуы әбден мүмкін. Бұл туралы  Қарағанды облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев онлайн-брифингте айтып берді, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысындағы бүгінгі жағдай мынадай: "жаман тұмау" жұқтырған бес адам өз бетінше дем ала алмайды, сол себепті олар  өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ)  аппараттарына қосылған. Міне, осы пациенттердің үшеуі дер кезінде медициналық көмекке жүгінбей, ауруын асқындырып алған екен.

"Бұл науқастар үйде емделмекші болған. Қазір олар дәрігерлердің тәулік бойы қадағалауында жан сақтау бөлімінде ауыр күйде жатыр. Барлық тұрғындарды медиктердің үндеуіне немқұрайды қарамауға шақырамын. Бұл өте маңызды екенін есте ұстау керек. Жедел жәрдем шақырудан қорықпаған жөн, керісінше дерт салдарынан қорқу керек", – деп ескертті Ержан Нұрлыбаев.

Облыста бұған дейін ӨЖЖ аппаратының 28 данасы болыпты. Қазіргі уақытта бұған қосымша 44 аппарат сатып алынған, оның 22-сі бүгінгі күнде өңірге жеткізілген.

Басқарма басшысы облыста КВИ жұқтырған науқастарға көмек көрсету үшін ресурс пен жабдықтың жеткілікті екенін айтады. Мысалы, қазіргі уақытта коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін төсек орнының санын  көбейту қолға алынған. Кешегі күннің өзінде ауруханалардың бірінің базасында инфекциялық бағыттағы қосымша 100 төсектік орын ашылыпты.

"Келесі аптаның басында тағы қосымша төсектер қойылады. Қарағандыда қазір 647 төсек орнының 66-сы бос тұр. Күніне біз шамамен алғанда, КВИ нышаны бар 50 адамды ауруханаға жатқызамыз. Жағдай толық бақылауда, алдын алу шаралары қабылданған. Біздің міндетіміз – барлығын дер кезінде медициналық көмекпен қамтамасыз ету", – дейді Ержан Нұрлыбаев.

Бір қуанарлығы, облыста КВИ індетін анықтайтын зертханалар саны артып келеді екен. Өткен аптада осындай орталық Жезқазған қаласында ашылған. Осы айда мамандандырылған зертхана Теміртауда, ал тамыз айында Балқаш қаласында жұмыс істей бастайды. Мұндай жағдай шілде айының өзінде  зерттеулер санын тәулігіне төрт мыңға дейін арттыруға мүмкіндік беретін көрінеді.

Облыста санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты  стационарлар жоспарлы емдеуге жатқызуды ішінара тоқтатыпты. Оңалту орталықтары инфаркт, инсульт ауруларын және жарақаттан кейін көмек алушыларға қызмет көрсету үшін жұмысын жалғастыра береді. Ал емханаларда уақытша скрининг және диспансерлеу жүргізілмейтін болған. Емханаларға келетін адам санын азайту мақсатында қауіп тобындағы пациенттер үшін дәрі-дәрмектер үйлеріне жеткізіліп беріледі.

Онлайн-брифингтің соңында облыстың бас дәрігері Ержан Нұрлыбаев тұрғындарды санитарлық талаптарды сақтауға,  өзінің және жақындарының денсаулығына жанашырлықпен қарауға шақырды.