Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында Индустрияландыру картасына енгізілген, жалпы сомасы 448 млрд. теңгені құрайтын 150 жоба жүзеге асырылып, соның арқасында облыс аумағында 19 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында облыстан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жалпы сомасы 600 млрд. теңгені құрайтын 104 жоба қосымша жіберілді.
Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында Индустрияландыру картасына енгізілген, жалпы сомасы 448 млрд. теңгені құрайтын 150 жоба жүзеге асырылып, соның арқасында облыс аумағында 19 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында облыстан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жалпы сомасы 600 млрд. теңгені құрайтын 104 жоба қосымша жіберілді.
Осы бағдарламаның аясында өткен аптада кондитерлік өнімдер шығаратын «Барыс 2007» ЖШС фабрикасының ашылу рәсімі өтті. Бір айта кетерлігі, 2009 жылы бұл кәсіпорында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен макарон өнімдерін шығаратын желі іске қосылған болатын. Аталған желінің қуаттылығы сағатына 3500 кг. немесе жылына 25 000 тонна макарон өнімдерін шығарады. Сол жолы бұл фабрикада 150 жаңа жұмыс орны құрылған еді. Содан кейін 2011 жылы қуаттылығы жылына 11 000 тонна макарон өнімдерін шығаратын екінші желі іске қосылды. Кәсіпорындағы құрал-жабдықтар италиялық «Pavan Mapimpiati S.P.A.» мекемесінен жеткізілген. Екінші желі ұзын макарон өнімдерін шығаруға мүмкіндік беріп, 40 жаңа жұмыс орны құрылды. Сапасының жақсылығынан болар «Барыс 2007» ЖШС шығаратын өнімдер аз уақыттың ішінде Қазақстанның ішкі нарығы мен ТМД елдерінде үлкен сұранысқа ие болды. Атап айтар болсақ, «Мадина» тауар белгісімен шығатын макарон өнімдері сапасы мен дәмділігі жағынан 2010-2011 жылдары Ресейдің «Продэкспо» халықаралық көрмесінде «Үздік тауар» белгісімен марапатталып, 2010 жылы «Қазақстанның үздік өнімі» атанды.
– Біздің өнім барлық сапа жүйелеріне сай келеді, – дейді кәсіпорынның бас директоры Азат Қаражанов. – Биыл өнім түрлерін ұлғайту мақсатында кондитерлік өнімдерді шығаратын желіні іске қосудамыз. Аталған желінің қуаттылығы сағатына 700-1000 кг. печенье, сонымен қатар «Таралли» және «Торчетти» өнімдері шығарылады. Тәтті өнімдерді шығаратын құрал-жабдықтардың жалпы құны 7 млн. АҚШ долларын құрайды.
Аталған фабрикада италиялық «IMAFORNI» компаниясының үздік желісі іске қосылған. Бұл желі жоғары сапалы, пішіні мен дәмі тұтынушының көңілінен шығатын кондитерлік өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кәсіпорында жаңа 80 жұмыс орны ашылды.
– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «Барыс 2007» ЖШС-ға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдікпен қаржы алуға көмек көрсетті, – дейді ОҚО КҚКО директоры Нұржан Алтаев. – Бұл мекемеге кондитерлік өнімдерді шығаратын жаңа желіні іске қосуға 532 млн. теңгені жылдық 7 пайызбен АТФ банкі арқылы қаржы алуға, сондай-ақ СТ-1 сертификатын рәсімдеп берді. Аталған сертификат кәсіпкерлерге кедендік жеңілдіктерге ие болуға мүмкіндік береді.
Кондитерлік фабрика толық іске қосылғанда мекемеде 270-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ал толық инвестиция көлемі 27 млн. АҚШ долларын құрайды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
________________________
Суреттерді түсірген Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.