• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2013

Тайфун орасан зор шығын әкелді

610 рет
көрсетілді

«Фитоу» тайфунының соққысы салдарынан Қытайдың шығысында 4,5 миллион адам зардап шекті. Ең ауыр соққы тиген Чжэцзян провинциясының өзінде ғана 4,3 миллионнан астам адам жапа шегіп отыр.

 

«Фитоу» тайфунының соққысы салдарынан Қытайдың шығысында 4,5 миллион адам зардап шекті. Ең ауыр соққы тиген Чжэцзян провинциясының өзінде ғана 4,3 миллионнан астам адам жапа шегіп отыр.

Табиғат апаты үйлерді қиратып, егістіктерге шығын келтірген. «Фитоу» – жыл басынан бері Қытайға соққы жасап отырған 23-ші тайфун. 7 қазан күні Аспан асты елінің шығыс жағалауына жеткен дауылдың жылдамдығы сағатына 151 шақырымды құраған. Бұған дейін «Фитоу» тайфуны Жапонияға ойран салған болатын. Енді Қытайға Шығыс-Қытай теңізінде күшті дауыл тұрғызатын «Данос» тайфунының қатері төніп тұр.

 

Халықаралық миссия құрылмақ

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Сирияның химиялық арсеналын жоюға қатысты оған бақылау жасау мен үйлестіру бойынша халықаралық миссия құруды ұсынды.

Оған қатысушы сарапшылар тобы мен миссия үйлестірушілері Кипр мен Дамаскіде орналасатын болады. Бас хатшының айтуынша, миссияға БҰҰ-ның және Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның екі жүзге жуық сарапшысы қатыса алады. Миссияға Дамаск мен халықаралық ұйымдар арасында делдалдық жасайтын арнайы үйлестіруші басшылық жасайды. Бұл туралы Бас хатшы Қауіпсіздік Кеңесі мүшелеріне жолдаған хатында мәлімдеген.    

 

Әскерін жауынгерлік дайындыққа келтірді

Солтүстік Корея осы аптада басталуға тиіс болған АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларына кез келген сәтте қарумен жауап беру үшін әскерін жауынгерлік дайындыққа келтірді.

Солтүстіккореялық БАҚ-тардың мәліметтері бойынша, КХДР-дың барлық әскери бөлімдері жоғарғы командованиеден «операция жүргізудің белгіленген жоспарын шұғыл түрде қайта қарау және америкалық, жапондық агрессорлар мен олардың қолжаулығының қозғалысын бақылай отырып, кез келген уақытта соққы беруге толық дайын болу» туралы бұйрық алған. КХДР мұндай шешімге осы аптада өтуге тиіс болған бірлескен әскери-теңіз жаттығуларына байланысты барып отыр.

 

НАТО операциялары қасірет қана әкелді

Ауғанстан президенті Хамит Карзай НАТО елдері әскери контингентінің өз елінде он жыл тұрғанына қарамастан, Батысқа өңірде тұрақтылықты қамтамасыз етудің сәті түспегенін мәлімдеді.

Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда НАТО-ның бүкіл операциялары Ауғанстан үшін зор қасіретке айналып, көптеген адамдар құрбан болды және ең бастысы, ел әлі де қауіпсіз болып саналмайтындықтан ешқандай нәтижелер әкелген жоқ, деп атап көрсеткен Ауғанстан президенті британдық Би-Би-Си телерадиокорпорациясына берген сұхбатында. Карзайдың пікірінше, альянс басшылығы Пәкстандағы тәлібтер жасырынған жерлерге назар аудармастан, қателесіп ауған елді мекендеріндегі содырларға шабуыл жасаумен

болған.

 

Шеру соңы тәртіпсіздікке ұласты

Бразилияда елу күннен астам уақыттан бері еңбекақыны өсіруді талап етіп, бейбіт түрде өтіп жатқан мұғалімдер ереуілі тәртіпсіздіктерге ұласты.

Рио-де-Жанейро көшелеріндегі акцияларға елу мыңға дейін мұғалімдер мен оларға тілектестер қатысқан. Бастапқыда бейбіт басталған ереуіл қараңғы түсе полициямен қақтығысқа соқтырған. Қара бетперде киген жиырмаға тарта ереуілші мэрия ғимаратына басып кірмек болған кезде тәртіп сақшылары оларға қарсы көз жасаурататын газ бен басқа да арнайы құралдар қолданған. Сан-Паулу қаласында да осындай оқиға орын алған. Мұнда қақтығыстан жеті адам, оның ішінде төрт полиция офицері жарақаттанған.

 

Қырғыздар тағы ереуілге шықты

Қырғызстанның Ыстықкөл облысында ереуілшілер Қаракөл қаласын Бішкекпен жалғайтын автомобиль жолын жауып тастаған.

Республика президенті Алмазбек Атамбаев күштік органдарға тәр­тіп­сіздіктерге кінәлілерді жауапкершілікке тарту жөнінде бұйрық берді. Қазіргі уақытта автожол бір жағынан «КамАЗ» жүк көлігімен, екінші жағынан жеңіл автокөлікпен жабулы тұр. Ереуілшілер Жогорку Кенеш депутаттарынан «Құмтөре» туралы мәселені қайта қарауды талап етуде. Еске сала кетер болсақ, ереуілшілер талабы 2009 жылы бекітілген канадалық Centerra Gold компаниясымен арадағы келісімді бұзу жөнінде болып отыр.

 

Ресей кешірім сұрауды талап етуде

Ресей Нидерландыдағы РФ елшілігінің қызметкері Дмитрий Бородиннің соққыға жығылуына байланыс­ты түсінік беруді талап етуде.

Бұл Вена конвенциясын дөрекі түрде бұрмалау. Біз қарсы тараптың түсінік беруін және кешірім сұрауын, сол сияқты кінәлілерді жазалауын күтеміз, деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин АТЭҚ саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында. Нидерландыдағы оқиға Ресей тарапынан қатаң сынға ілігіп отыр. Ресей сыртқы істер министрлігі Нидерланды жағына қатаң түрде наразылық нотасын жолдаған.  

 

Баланы құрбандықтан құтқарып қалды

Либерияда жұмыс істейтін ресейлік полицей жеті жасар баланы құрбандыққа шалуға жол берген жоқ. Бұл туралы Ресей СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Россия-24» телеарнасы хабарлаған.

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, полковник Сергей Сафронов жеті жасар ер баланы құрбандыққа шалу үшін сатқалы жатқанын біліп қалады. Содан соң ол Әйелдер мен балаларды қорғау бөліміне хабарласып, оның қызметкерлерімен бірге баланы құтқару жөніндегі операцияны әзірлейді. Сатып алушы рөліне бір әйелді таңдап алады. Бала үшін 150 доллар ғана сұрайды. Сонымен бірге, ол сатушыға баланың қаза табатыны туралы да айтып береді. Мұндай жағдай сатушының көңілінен шығады. Арам ниетті ақша алып жатқан жерінде ұсталды. Сөйтсе ол баланың алыс туысы болып шыққан.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.      

Соңғы жаңалықтар