Кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту мен сапасын арттыру арқылы сұраныстағы мамандарды қысқа мерзімде даярлап шығуға болады. Осы ретте кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту мен жаңғырту мақсатындағы үш жылға арналған "Жас маман" жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасының жаңартылуы үшін бюджеттен 56 млрд теңге қарастырылды. Осы уақыт ішінде колледждерді жабдықтау, бағдарламаларын жаңарту және кадрларды оқытып, сол бағдарламамен жұмыс істеуге бейімдеу сияқты міндеттерді жүзеге асыру мақсаты қойылған.
Тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті қамтып отыр. Дуальді оқытуға байланысты студент өз уақытының 60%-дан көбін кәсіпорындардың базасында өткізеді, оқытудың бұл түрі бойынша білім алған түлектердің 72% жұмысқа орналасады. Бұл шаралардың кәсіптік-техникалық білім саласына оң өзгерістер әкелері сөзсіз.
Биылғы жыл білім жүйесі үшін өте маңызды жыл болды. 2019-2020 оқу жылының ерекшелігі қашықтан оқыту жүйесіне көшу ғана емес, біріншіден, еліміздің тәуелсіздік тарихында алғаш рет "Педагог мәртебесі туралы" Заң қабылданды. 2025 жылға дейінгі білім және ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, іске асырылып жатыр. Бұл құжаттардың білім саласы үшін тарихи маңызы зор.
"Педагог мәртебесі туралы" Заңның қабылдауы арқасында колледж оқытушыларының жалақысы жылына 25% және жаңа аттестаттау жүйесі арқылы қосымша 30%-дан 50%-ға дейін көбейтілуде.
Бүгінде педагог кәсібінің тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап мұғалім болуға ниет білдірген студенттердің шәкіртақысын 26186 теңгеден 42500 теңгеге дейін көтеру жоспарланған. Педагогикалық мамандықтарға оқытуға шекті баллды 70 баллға дейін көтеру қарастырылды. Педагогикалық бағыттағы түлектер биылдың өзінде педагог-модератор біліктілігін алуға үміткер бола алады. Бұл үшін Ұлттық біліктілік тестінен өтіп, өзінің игерген дағдыларын көрсетуі тиіс.
Елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жарияланған Төтенше жағдай кезінде қашықтан оқыту технологиясы бойынша оқу процесін сапалы ұйымдастыру мен үйлестірудегі министрліктің шұғыл шешімі мен дер уақытындағы ұсынылған әдістемелік нұсқаулары арқасында қиын кезеңнен оқу үрдісін тежемей өте алдық. Министрліктің алдында төтенше жағдай кезінде оқыту үрдісін жалғастыра отырып білім алушылар мен білім беру жүйесінің қызметкерлерінің денсаулығын қорғау мәселесі тұрды. Қысқа уақыт ішінде студенттердің де, оқытушылардың да, ата-аналардың да жаңа жағдайға бейімделе алғанын атап өткім келеді. Бірқатар проблемалардың болғанына қарамастан, оқу процесі тоқтаған жоқ.
Министріміз А.Аймағамбетов бір сұхбатында: "Өкінішке қарай, жемқорлық - бүгінгі күні ең басты проблемалардың бірі, біріншіден, білім саласында жемқорлық проблемасы бар деп мойындауымыз керек. Екіншіден, оған қарсы жекелеген ұсақ-түйек емес, кешенді жұмыс жүргізуіміз керек, ондаймен айналысып та жатырмыз. Үшіншіден, ашықтық керек. Ашықтық болған жерде жемқорлық болмайды. Төртіншіден, бұған әртүрлі процедуралар арқылы қарсы тұруымыз керек. Олар – білім сапасын көтеру, ұстаздардың, педагогтардың мәртебесін көтеру және жемқорлықты, жалпы келеңсіздіктерді жойып, ашықтық орнықтыру. Міне осыларды басты мәселе санаймын. Өйткені білім саласында таза, әділ, ашық адамдар жұмыс істеуі керек. Бізге көп нәрсе байланысты, бүгінгі білім саласы қандай болады, қандай ұстаздар болады, оқушылар қандай білім алады – болашағымыз соған тікелей байланысты. Болашақтың кілті біздің мұғалімдердің, ұстаздардың, оқушыларымыздың қолында. Сондықтан білім және ғылым министрлігі өз жұмысын кешенді, таза, жақсы істеуі керек деп санаймын",- деген еді.
Министр А.Аймағамбетовтің бұл пікірі бүгінгі күні іс жүзіне асып отыр. Еліміздегі мемлекеттік қызметтің басым бөлігі білім беру саласында көрсетіледі. Мәселен, колледждерге оқуға қабылдау процесін автоматтандыру - қағазбастылық деңгейін күрт төмендету, жалпы қабылдау талаптарының жеңілдетілуі деп түсінеміз. Колледждерге оқуға қабылдау қызметі –үлкен сұранысқа ие. Білім беру ұйымдарына құжат тапсыру үшін біраз уақыт жұмсау қажет болатын. Ол үшін көптеген анықтамаларды жинап, басқа мемлекеттік органдардан құжаттарды алып, оларды апарып беру сынды бірқатар кезеңдерден өту қажет еді. Мұндай процесс өте ыңғайсыз екені түсінікті. Биылдан бастап колледждерге оқуға қабылдау автоматтандырылған режимде қолжетімді. "Азаматтарға арналған үкімет" бөлімдері немесе "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге асыра алады. Бұл ретте көптеген құжаттарды жан-жақтан жинау қажет болмайды. Әрбір болашақ студент өзі үшін таңдаған колледждің сайттары арқылы танысып, бір тетікті басу арқылы барлық құжаттарды жіберуге болады.
Шағангүл ЖАНАЕВА,
М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры,
Қазақстан ПҒА корреспондент мүшесі,
"Ы. Алтынсарин", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілерінің иегері