«Қазақстанның Тұңғыш Президентінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Осыған байланысты Елбасы оқшауланды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеуді жалғастыра береді», деп хабарлады Елбасының баспасөз қызметі.
Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай төмендегідей пікір білдірді. «Ай басталғалы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі өте тығыз болды. Елбасы екіжақты келіссөздер жүргізіп, ресми тұлғаларды қабылдады. Оған қоса, Тұңғыш Президент отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Жалпы алғанда телевизиялық түсірілім үшін 40 адам жұмыс істеді, соның ішінде шетелдің азаматтары да бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың жағдайын медицина қызметкерлері бақылап отыр. Алаңдауға негіз жоқ. Елбасы заманауи коммуникация арналарын пайдаланып қашықтан жұмыс істеп жатыр. Бекітілген хаттамаға сәйкес, Тұңғыш Президенттің басқа тұлғалармен байланысы шектелді. Елбасы қатысатын жоспарланған кейбір іс-шаралар бейнеконференцбайланыс түрінде онлайн режімде өтеді. Ресми хабар тараған алғашқы минуттан бастап Тұңғыш Президенттің денсаулығына алаңдаған және тезірек сауығып кетуін тілеген азаматтардан хат алып жатырмыз. Менің телефоным хабарласқандар мен мессенджерлерден келген хабарламаға толып қалды. Журналистер, достар, туыстар, әріптестер хабарласып, Елбасына күш-қуат пен мықты денсаулық тілеп жатыр. Олардың қатарында жақын және алыс шетелден хабарласқандар бар. Тұңғыш Президентке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдау білдірді, еліміздің барлық аймағынан Елбасы Кеңсесіне жеделхаттар келіп түсіп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар мен барлық алаңдап отырған адамдарға алғыс білдіреді», деді Айдос Үкібай.