• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2013

Салық жағдайы салмақ болып тұр

254 рет
көрсетілді

Иә, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өндеу саласындағы кейбір ше­шімін табуы тиіс тетіктерге осы салық жағдайы сал­мақ болып отыр екен. Бұл жөнінде кеше Пре­мьер-Министр Серік Ахме­тов­тің төрағалығымен селек­тор­лық режімде өткен Үкімет отырысында айтылды.

Иә, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өндеу саласындағы кейбір ше­шімін табуы тиіс тетіктерге осы салық жағдайы сал­мақ болып отыр екен. Бұл жөнінде кеше Пре­мьер-Министр Серік Ахме­тов­тің төрағалығымен селек­тор­лық режімде өткен Үкімет отырысында айтылды.

Негізінен ішкі рыноктағы азық-түлік өнімдерінің кем дегенде 80 пайызын отандық өнімдер құрауы тиіс. Бұл Елбасының Үкімет алдына қойған басты тапсырмаларының бірі болатын. Осы ретте агроөнеркәсіп саласын барынша жандандырып, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өндеу жұмыстарын же­тілдіру аса маңызды. Осыны ес­ке салған С.Ахметов оты­рыстың күн тәртібіндегі мәсе­ле­ге орай сөз тізгінің Ауыл ша­руашылығы министрі Асылжан Мамытбековке ұсынды. Ми­нистр баяндамасында қайта өңдеу саласын дамытуға ықпал ететін негізгі факторларды айта келе, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеудің республикалық өнеркәсіп өндірісінің 5 пайызын және қайта өңдеу өндірісінің 16 пайызын құрайтынын атап өтті.

Тамақ және қайта өңдеу өндірісі саласындағы дерек­тер бойынша бүгінде елі­міз­де жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындардың саны 1 370 болса, оның 60-қа жуығын ірі кәсіп­орындар құрайды екен. Сонымен қатар, тамақ өнімдері өндірісі құрылымындағы негізгі үлесті астық өңдеу, сүт, нан және нан өнімдері, жеміс-жидек, май өнімдері, етті қайта өңдеу салалары алады.

Тұтастай алғанда, ауылша­руа­шылық өнімдерін қайта өң­деу мен тамақ өнеркәсібі өнім­дерін өндіру көлемі 2012 жылы 830 млрд. теңгені немесе 5,5 млрд. долларды құраған. А.Мамытбеков сондай-ақ, 2013 жылы Кеден одағы шеңберіндегі тауар айналымында оң беталыс байқалғанын атап өтті. 7 айда экспорт 72 пайызға, им­порт 2 пайызға артты, деді министр. Ол, сондай-ақ ауыл­ша­руашылық өнімдерінің өң­делген негізгі түрлері бойынша тұтыну құрылымындағы отандық өндірістің үлесі 80 пайыздан артық екенін баяндады. А.Мамытбеков бұдан әрі отандық ауылшаруашылық өнімдерін өткізуге кедергі кел­тіріп отырған негізгі мәселелерді де сөз етті.

Проблеманың кейбіріне тоқталатын болсақ, шикізат тапсырушылар қосымша құн салығын төлемейді, ал қайта өңдеушілер аталған төлемдерді жасайды. Нәтижесінде қосымша құнға есептелуі тиіс салық қайта өңдеушілер үшін барша айналымнан қамтылған салық болып келеді. Осы орайда ол шикізатты сатып алушы делдалдарды қосымша құн салығын төлеуден босату керектігін немесе сала бо­йынша жалпы қосымша құн салығы мөлшерлемесін тө­мендету керектігін айтты. Министрдің айтуынша, өнім­ді қажетті ыдыспен немесе қап­та­ма­мен қамтамасыз етуде де проб­лема бар. Мәселен, қайта өңдеу өнеркәсібі өнімінің өзіндік құны құрылымында қаптамалық ма­те­риалдарға шығындар 10-30 пайыз деңгейінде қалыптасып отыр.

Бұған қоса министр алдамшы өнімдермен күресу, нарықты жасырын демпингтен қорғау мәселелерін атады. Қазір қолданыстағы демпингке қарсы заңнама жұмыс істемейді. Демпингке қарсы шаралар тек тексеру нәтижесі бойынша ғана қолданылады. Бұл тұрғыдағы үдерістер тым күрделі, ұзақ уақытты қажет етеді, сондай-ақ, мемлекет экономикасына келтірілген шығын анықталған жағдайда ғана қолданылады, деп түйді министр.

Бұл тақырып бойынша,­ сондай-ақ Қазақстан Сүт ода­ғының тең төрағасы А.Кузля­кин­нің, «Маслодел» компа­ниясы» ЖШС директоры П.Се­ливановтың, Алматы облы­сындағы Есік жеміс-жи­дек зауытының директоры Е.Ай­дар­баевтың, «Семей ет комби­наты» ЖШС директоры Б.Жа­манғариновтың, сондай-ақ, Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетовтің, Оңтүстік Қа­зақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің есептері тыңдалды.

Отырысты қорытындылай келіп, Үкімет басшысы қайта өңдеу саласын дамытудың негізгі бағыттары «Агробизнес-2020» бағдарламасында анықталғанын атап көрсетті. Оның шеңберінде 2020 жылға дейін қайта өңдеу саласын қолдау мен дамытуға 130 миллиардтан астам теңге қарастырылған, деді ол.

«Нақты мемлекеттік қолдау шаралары және жыл сайынғы қажетті қаржы көлемі салалық бағдарламаларды жүзеге асырудың шеберлік-жоспарында жіті жазылып көрсетілген», деген С.Ахметов салааралық үйлестіру мәселелері ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспары шеңберінде шешілуі тиіс екеніне тоқталды.

Үкімет қаржыландыруды қоса айтқанда, барлық қажетті шешімдерді қабылдады», дей келе, С.Ахметов «Ауыл шаруашылығы министрі өңірлер әкімдерімен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бүгінгі ескертулер мен ұсыныстарды есепке ала отырып тиісті жоспарларды толықтырып, оны өңірлердің кешенді жос­парларымен үйлестіріп және қабылданған шешімдерді жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс, деп атап көрсетті. Үкімет басшысы, сондай-ақ, шикізатты қайта өңдеушілерге салық салу мәселелерін қайта қарауды тапсырды.

Интеграция жағдайында біздің тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – мемлекеттің ғана емес, бизнестің өзінің де міндеті екеніне тоқталған Премьер-Министр ауылдағы бизнесті, агробизнесті жұмылдырып, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды. Күшті қайта өңдеу жұмысы болса, күшті өнімді өткізу тетігі болса, ол тұтастай алғанда, негізгі ауыл шаруашылығы өндірісін өрге сүйрейді, деп сөзін түйіндей келе, Премьер-Министр ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың ауыл шаруашылығының жаңғыру жолымен жүруіне мүмкіндік беретін тағы бір өсім қадамы ретіндегі маңыздылығын атап көрсетті.

Қаржы министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеушілерге салық салу мәселесін шешуді тапсырды.

«Бұл – маңызды фактор, өйткені, ынталандыру да, қызығушылық та жоқ. Жүйелі өндірістік негізге қою қажет келесі кезең осы салыққа тәуелді болады. Ол мұнымен айналысуға қызығушылық танытпайды, себебі, оның мойнына бұл салық ілулі. Соңғы кешенді жоспарды және шеберлік жоспарларын қабылдағанда осы мәселе шешілуі тиіс», деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы отандық өнімдерді өткізуге кедергі келтіретін салық салу мәселелері шешілмейінше агроөнеркәсіп кешені әрекеттегі бағдарламалар тиімді болмайтынын баса айтты. «Егер біз салық салу мәселелерін шешпесек осы талқыланып, әзірленіп жатқан орасан зор бағдарлама, шеберлік жоспарлары, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша кешендік жоспарлар шешілмейді», деді Премьер-Министр.

Серік Ахметов аталған құжатты тағы бір мәрте то­лық­тыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қайтарды.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар