• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2013

Сәтсіз қойылған «спектакль»

260 рет
көрсетілді

Ақмола облысы Аршалы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Бақтыбай Саханов бастаған полицейлердің «спектакльдері» сәтсіз аяқталып, оның соңы мұндағы бөлімнің жеті бірдей офицерінің айыптылар орындығына отыруына апарып соқтырды.

 

Ақмола облысы Аршалы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Бақтыбай Саханов бастаған полицейлердің «спектакльдері» сәтсіз аяқталып, оның соңы мұндағы бөлімнің жеті бірдей офицерінің айыптылар орындығына отыруына апарып соқтырды.

Осынау оспадарсыз қо­йылымның оқиғасы былай бас­талады. Өткен жылғы 12 тамыз күні аудандағы Қостомар ауылының бір тұрғыны орман шетінде жартылай кө­міліп жатқан ер кісінің мәйіті үстінен түскен. Сол бойда ол жазған жаны қалмай по­лицияға хабар береді. Алайда, аудан полицейлерінің бас «режиссері» әрі басты «актері» Б.Саханов көзге ұрып тұрған бұл қылмысты ашуға асыға қоймайды. Асықпағаны былай тұрсын, оны тіпті бол­ма­ғандай етіп жасауға барын са­лады. Ол салған жерден осы ойын жүзеге асырудың бас жоспарын жасауға шұғыл кірісіп кетеді. Себебі, бұл қылмысты тіркесе, аудандық ішкі істер бөлімінің статис­тикасы бүлінгелі тұр. Өйткені, Бақтыбай көке оны өзі бас­таған пинкертондардың өлсе де аша алмайтындарына иман­дай сенеді. Демек, жақсы көр­сеткішті құртып алмаудың жалғыз жолы өлікті жою болмақ.

­Жоспарын қарауындағы жандайшаптарына мойындатып алғасын, бас атаман соларды шұбыртып ертіп, мәйіт жатқан жерге жетті. Со­сын оны қапқа салып алып, орманның ортасына апарып, тепкілеп көміп тастады. Қыз­ғылықты қойылымның қызығына түсіп кеткен бұлар мұнымен де тоқтамады. Дереу сол маңайда бейсауат жүрген бір жігітті ұстап әкеліп, ма­на­ғы мәйіт жатқан жерге алып келді. Сол жерде оны шұң­қырға үстін топырақпен жартылай жауып жатқызып, шытырлатып суретке түсіріп алды. Мұнысы жеткен дабылда айтылған адам ешқандай да өлік емес, орға омақаса құлаған мас біреу екен деп көрсету үшін керек болыпты. Осымен спектакльдің бірінші актісі бітті.

Шамасы, «бас режиссер» мен «актерлер» өздері қойған бұл қойылым осы бір актімен біте салады деп ойласа керек, оның соңын бірден табысты «премьераны» жуу үрдісімен банкетке айналды­рып жіберді. Алайда, көп ұза­май оның екінші актісі аяқ астынан туындап кетті. Бұған мәйіттің иелері бастама жасады. Олар таксиші Базарбаевтың үшті-күйлі жоғалып кеткенін айтып, құқық қорғау органдарының табалдырығынан шықпай қойды. Ақыры істі Астана қалалық ішкі істер депар­таменті қолға алды. Және жай алып қоя салған жоқ, артынша жүргізушіні өлтірген қаныпезерлерді де тапты. Бар құқай олардың өз құр­бандарын көміп кеткен көрі­нен шықты. Ашып қараса, шұң­қырда адам түгілі сайтан да жоқ. Астаналықтардың тұйыққа тірелген жері осы болды. Ал әріптестерінің кісі өлтіруші қылмыскерлерді тапқанынан хабардар болып отырған Аршалыдағы ат төбеліндей әпербақандар сол бойы шала бүлініп сала берді. Бақтыбай баһадүр енді манағы өліктің үстінен шыққан адам мен шұңқырда маскүнем болып «ойнаған» жігітті шұғыл тауып әке­луге пәрмен берді. Олар әке­лінгесін жақын маңдағы шаруа қожалығының біріндегі баспанаға уақытша қамалды. Сірә, дабыр басылғанша екі бірдей қылмыстың – адам өлімі мен оны жасырудың куәсі есебіндегі жігіттерді жа­сырып қойғылары келген сияқты. Бірақ арада бірер күн өткесін, олардың бірі қапастан қашып шығып, Астана полициясына келеді...

Бұдан арғысы белгілі. Сол бойда Аршалы аудандық ішкі істер бөлімінің лауазымдық құрамы түгел тұтқындалды. «Аталмыш іс бойынша тер­геуді аудан прокуроры Ба­уыржан Құсайыновтың өзі жүргізді. Қазіргі таңда тергеу аяқталып, іс сотқа өткізілді. Ол бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, оның екі орынбасары және тағы төрт қызметкер күдікті ретінде аталуда», – деді Ақмола облысы прокурорының баспасөз хатшысы Аққу Мүрсәлімова осыған орай.

Сонымен, Еуропаның ор­та ғасырлардағы сарай ма­ңы жұрты арасында ға­на кез­десетін шым-шы­ты­рық шыр­­ғалаңдарға ұқсас ақ­мо­ла­лық оқиғаға орай қоз­ғалған сот процесі басталып жатыр.

Құрыш НҰРЫМБЕТ.

Соңғы жаңалықтар