• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2013

Үш Еділ елі – елордада

580 рет
көрсетілді

Елордада академик­ Рахманқұл Бердібай аға­мыз­дың сөзімен айтсақ, «...бас қаласы Уфаны үш өзен: Ақ Еділ, Қара Еділ, Көк Еділ қоршай ағатын» Баш­құртстан мемлекетінің мәдени күндері өтпекші. Ол кеше Бейбітшілік және келісім сарайында, нақтылай түссек, Түркі академиясына рухани құндылықтың бас­тауы саналатын кітап тапсыру рәсімімен ашылды.

 

Елордада академик­ Рахманқұл Бердібай аға­мыз­дың сөзімен айтсақ, «...бас қаласы Уфаны үш өзен: Ақ Еділ, Қара Еділ, Көк Еділ қоршай ағатын» Баш­құртстан мемлекетінің мәдени күндері өтпекші. Ол кеше Бейбітшілік және келісім сарайында, нақтылай түссек, Түркі академиясына рухани құндылықтың бас­тауы саналатын кітап тапсыру рәсімімен ашылды.

 

Қазақ пен башқұрт елдері ежелден қанаттас, қатарлас келеді. Тамырластық пен үндестік іздері тіптен мол. Этностық жағынан да жақындығы бар. Халық ауыз әдебиетіндегі кейбір дүниелер тақырыптық тұрғыдан ұқсас. Бұл үрдіс қай кезеңде де сабақты жіптей үзілмей келе жатыр. Патшалық Ресей түбірі бір жұртты бір-бірінен алшақтату үшін араға сына да қағып көрген. Бірақ башқұрт пен қазақ ара қатынастарын үзе алған жоқ. Әдебиет пен мәдениеттің айтулы өкілдері Ақмолла (Мұхамедиярұлы) секілді ақындар алтын арқау болған. Уфаның «Ғалия» медресесінде қазақтың айтулы ұлдары білім алып, оларға «Қазақ қызы» деген роман жазған Ғ.Ибрагимов сабақ берген. Ойы озық, санасы биік, ұлттың кемел келешегі деп жар салған Мағжан Жұмабаевты әміршіл жүйе жау етіп көрсетіп, бүкіл шығармаларын жоқ қылуға ұмтылып жатқанда башқұрт бауырлардың зиялы ұлы Сайфи Құдаш араша түсіп, тиісті мекемелерге қасқайып тұрып хат жазғанын қалай ұмытарсың.

Сол Сайфи Құдаш тағы бір арысымызды, қазақ прозасының қас шебері Бейімбет Майлин жаптым жала, жақтым күйенің құрбанына айналғанда, тағы да: «Менің Бе­йімбетім» деп еміренгені есте. «Бейімбет өлді дегенге көңілім сенбейді. Өлімін өз көзіммен көр­меген соң, мен оны көз көрмес, құлақ естімес алыс жерде аман-есен жүрген шығар деген ойдан арыла алмай-ақ қойдым... Оның қағазы көне тартқан кітаптарын қолыма аламын да, қазақ халқының классик жазушысымен, өзімнің аяулы досыммен сырласамын... Бейімбет егіздің сыңарындай жақын еді маған...», – дейді естелігінде Сайфи аға. Ал кешегі алыптарымызға іні бола алған, кейінгілерге аға бола білген Мұстай Кәрімнің де қазақ пен башқұрт арасында алар орны ерекше. Тағдырлас арыстар – қазақ М.Шоқай мен башқұрт А.Тоған туралы әңгіме өз алдына бір әлем.

Осындай бауырластардың елордадағы күндерінде өтетін ша­ралар да бір шоғыр. Соның ал­ғашқысы Астанадағы Түрік академиясына кітап тапсыру рәсімі дер едік. Башқұрт елінің бүкіл тарихын баяндайтын түрлі энциклопедиялар мен тарихи еңбектер, әдебиет пен мәдениет саласын қамтитын дүниелер, бүгінгі даму көрінісін баяндайтын басылымдар – өткен мен бүгіннен мол дерек береді. Айтулы іс-шарада сөз алған Башқұртстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Салават Сағитов екі ел арасындағы стратегиялық әріп­тестік байланысқа жан-жақты тоқтала келіп, әдебиет пен мә­­­дениет, өнер мен білім, спорт са­ласындағы қарым-қатынасқа тоқталды. Біз қазақтармен бауырлас жұртпыз. Тілдеріміз де алшақ емес, өзара түсінісеміз. Ресей мен Қазақстан байланысының берік болуын жоғары бағалаймыз. Кітапханаға тапсырып отырған алпысқа жуық құндылықтардан біздің Отанымызды танып-білуге болады. Әсіресе, кейінгі жас ұр­­­пақ башқұрт бауырларының өт­ке­ні мен бүгінін, келешегін осы кі­таптар ар­қылы біледі деген ойдамын, деді.

Өз кезегінде Түркі ака­де­мия­сының президенті Шәкір Ыбыраев тек тамыры бір жұрт­тардың мұндай қоян-қолтық араласуы, әсіресе, рухани байлықты зерттеп-зерделеуге ерекше септігін тигізетінін, бұл бүкіл түркі әлемінің жәдігерлерін жинап, әлемдік биікке көтеріп, өзге мемлекеттердің адамдарына таныс­тыру мақсатында жұмыс істеп жатқан біздің ғылыми мекеме үшін үлкен сый, тағылымды іс деген байламын алға тартты.

Жалпы, бұл мәдени күндер аясында өткізілетін шаралар бар­шылық. Олардың қатарында әралуан тақырыптарды қам­титын дөңгелек үстелдер, жүз­десулер, жоғары оқу орындарын­да оқылатын дәрістер, М.Ғафури атындағы Башқұртстан мем­лекет­тік академиялық драма теа­тры астаналықтарға көрсететін Шың­ғыс Айтматовтың шығармасы бойынша қойылған «Ақ кеме» спек­таклін айта кеткен де орынды.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар