Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев есімінің қатар аталуы – заңды әрі әділетті. Жаңадан азаттық алған, егемендігін енді еншілеген елдің тізгінін ұстағаннан ауыр жүк жоқ шығар. Бұған тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдар Қазақстан үшін қай тұрғыдан алса да оңай кезең болмағанын қосыңыз. Осындай сындарлы сәтте тарихтың таңдауы, халықтың қалауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті.
Еліміздің бүгінгі қол артқан табысы, бағындырған биігі, жеткен жетістігі, дербес ел ретінде іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп қана қоймай, алты құрлыққа танылуы – мұның бәрінде Елбасының ұшан-теңіз еңбегі, ерлігі мен өрлігі, қалтқысыз қызметі мен қажыр-қайраты жатыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының еліміздің баянды болуына қосқан үлесі баға бергісіз зор! Нұрсұлтан Әбішұлы тарихтың сындарлы сағатында биліктің басында болып, терең саясаткерлігінің арқасында елдің тәуелсіз дара жолын қалыптастыра білді. Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанды дамыған ел деп мойындайды, дүниенің төрт құбыласымен тең араласамыз.
Сарыарқаның төрінде азаматтығымыздың Шолпан жұлдызындай болып ел жүрегі жаңа астана бой түзеді. Оның да бас архитекторы Елбасының өзі. Жаңа елорданың сәні мен мәні де, сәулеті мен дәулеті де тәуелсіз Қазақстанды төрткүл әлемге паш етті.
Елорданы Нұр-Сұлтан деп атау әділдік идеалдарына толық жауап беретініне, қазақстандықтардың басым көпшілігінің үміттеріне сәйкес келетініне кәміл сенемін.
Тарихымызда бірінші рет шекараны халықаралық шарттармен құжаттап бекіттік. Солтүстік өңір қазақ рухына қанықты. Санымыз өсіп, сапамыз жаңарып, ел рухы, еңсесі көтерілді. Көшіміз түзеліп, әніміз көкте еркін шырқала бастады, қазақпен қазақ қазақша сөйлесіп, тілі жойылып кету қаупінен арылды.
Ең бастысы, дербес елдің өзіндік заңнамасы қалыптасып, халық конституциялық еркіндік алды. Мемлекет және қоғам мүддесіне керекті шектеулерден басқаға Ата заң негізінде рұқсат етіліп, азаматтар еркін өмір сүру бостандығына жетті. Жоқшылық қорқынышынан, сөз сөйлеуге тыйым үрейінен халық құтылды. Оның ішкі өміріне ешкім араласпайтын болды.
Елбасының батыл да уақтылы шешімдерінің арқасында барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, экономикасы берік, халықаралық аренаға танымал, демократиялық және зайырлы елге айналдық. Соның бәрінде Н.Назарбаевтың қолтаңбасы мен тарихи қызметі тұр.
Осыған дейін Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, жас мемлекетті әлем мойындаған абыройлы елге айналдырған жаһандық деңгейдегі қайраткерлігі туралы көп айтылды. Томдалған кітаптар да жазылды, әлі де жазылмақ...
Бұл мақалада мен Елбасының мемлекет тізгінін ұстаған бірінші күннен, барлық сын-қатерлерден тек заңдылықты нығайтып, демократиялық құндылықтарды берік ұстап, Конституцияға қатал бағынған кезде ғана жетуге болатынын терең көре білгеніне оқырмандардың назарын аударғым келеді.
Қорыта айтқанда, өз мақаламды Қазақстанның Тұңғыш Президенті − Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың конституционализмге негізделген және заң үстемдігін қатаң сақтап, сол арқылы елімізді әлемге танымал қылған зор еңбегіне арнамақпын.
Қазақстанның бір сипаты Конституциямызбен айқындалған құқықтық мемлекет екендігінде. Құқықтық мемлекет ретінде басқару институттарының орнығуы мен олардың модернизациялану кезеңдері Елбасының конституциялық идеяларынан, құқықтық көзқарастарынан бастау алғанын ашық айту керек.
Дербестікті алуға ұмтылу кезеңі басталғанда Нұрсұлтан Әбішұлы көреген басшы ретінде болашақ тәуелсіздігімізге негіз болатын алғашқы қадамдарға батыл бара білді. Сол қиын жылдары қоғамдық қатынас субъектілерінің институционалды жадына лайықтап, уақыт сұранысын ескере отырып, КСРО-дан қалған Конституция тұсында көптеген заңға өзгерістер кіргізіп, құқықтық реанимация жасап, ерекше көрегендікпен уақытты ұта алды.
Елбасы Кеңес Одағының алдағы ыдырауы жағдайында Қазақстанды жүйелі дағдарыстан шығару үшін нені, қалай және қашан жасауы қажет екендігі туралы нақты түсінді. Әлемдік тарих пен саясатты жоғары деңгейде біле отырып, жақында мемлекеттік тәуелсіздікке ие болған елдердің басшылары мен үкіметтерінің әрекеттерін үнемі зерделей отырып, жоғары дамыған мемлекеттер эволюциясының, сондай-ақ демократиялық трансформация аясындағы орын алған саяси және экономикалық транзит мысалдарын мұқият зерттей білді. Сол арқылы терең және көпвекторлы жаңғыртудың шынайы қазақстандық жолы туралы нақты түсінік қалыптастырды.
Тәуелсіздіктің әр сәті, күні қымбат. Қазір азаттықтың үшінші онжылдығын түйіндейтін тұсқа келіп қалғанымызды ескерсек, онда өткенімізге және осы күнге қалай жеткенімізге бүгінгі күн тұрғысынан баға беруіміз керек-ақ. Ал бұл ретте қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы және дамытудағы Елбасының рөлі мен өлшеусіз еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл мақалада мен Елбасының сол еңбегіне алғаш рет жеке көзқарасымды білдіріп отырмын. Тоқсаныншы жылдардан осы күнге дейін жалғасып келе жатқан осынау тарихи процеске қатысуға сенім берілген Тұңғыш Президенттің серігі ретінде басты сәттерді қамтығым келеді.
Қазақстан Республикасының тұрақты және үдемелі дамуы бірінші кезекте президенттік басқару нысанын енгізумен тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде нақты қалыптасуы 1990 жылдың 24 сәуірінен басталады. Нақ осы күні Қазақстанда алғаш рет президенттік лауазым енгізіліп, Қазақ КСР Президенті лауазымына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Өз халқының шынайы патриоты, тәжірибелі саясаткер ретінде Тұңғыш Президент сол уақыттың өзінде бүкілодаққа жоғары деңгейдегі басшы-практик ретінде танылып үлгерген болатын. Ол одақ деңгейінде жүйелі алдын ала болжай алатын, заман тынысының тамырын тап баса білетін қабілетке ие, жоғары басқарушылық тәжірибесі бар және сол кездегі өте талантты жас басшы болды.
Ол уақыт Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуындағы өте бір қиын жылдар еді. Мемлекеттің қазынасы бос, қызметкерлерге жалақыны уақтылы төлеу мүмкін емес, зейнеткерлер үкіметке қолын жайып, әйелдер ала дорба көтеріп, базар аралап кеткен заман басталды. Еліміздің әр түкпірінде тапшылық, қобалжу. Оған жұртты көшеге шақырып, қолтықтарына су сепкендерді қосыңыз.
Сол қиын кезде Нұрсұлтан Әбішұлы сабырлылық пен салқынқандылық саясат ұстанып, өрт шығатын жерге су себелеп, дау туатын тұста бұқараны ымыраға келтіре алды. Шешуші кезде ешқандай қиындықтардан қорықпастан батылдық танытып, жол таба білді (Қарағандыдағы шахтерлер наразылығы, Оралдағы казактардың дүмпуі және т.б.). Елбасының жоғары басшылыққа бірден келе салмай, халықтың ортасынан шыққаны сонда байқалды. Сонау қарапайым металлург болған жылдардан бері қаншама жолдан өтіп, ысылып, сынақтардан сүрінбей, тәжірибе жинап, болаттай шыңдалғаны сонда анық көрінді.
Әрбір ұлы заңнаманың мәтіні алғашында харизматикалық тұлғаның ойында нормативтік модель есебінде қалыптасып, жоба болып, әртүрлі сатыдағы сыннан өтуден бастау алады.
Ел тәуелсіздігінің негізі болған барлық тарихи заңдардың қабылдануында Тұңғыш Президенттің құқықтық ұстанымы шешуші рөл атқарды.
1990 жылғы 25 қазандағы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы мемлекеттік билік органдарының құрылымы мен құзыретінің дербестігін айқындап, Кеңестік Одақ аясында даралана бастаған мемлекеттіліктің жаңа көрінісін анықтады.
Сол кезде қабылданған жаңа заңдар, ескі заңнамаларға жасалған түзетулер мен қосымшалар жаңа уақыттың талабына сай ел экономикасын, әлеуметтік, мәдени саланы дербестік саясатына икемдеді.
1991 жылы 1 желтоқсанда алғашқы тікелей президенттік сайлау өтті. Халықтың еркімен Н.Ә.Назарбаев саясатты айқындау және оны барлық қазақстандықтардың атынан жүргізу құқығына ие болды.
Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы Отанымызды тәуелсіз, ешкімге бодан, одақтас емес, дербес ел екенін, оның ғасырлар бойы аңсаған бостандық күні туғанын әлемге паш еткен тарихи ұлық құжат болды. Конституциялық заң Қазақстан Республикасын халықаралық тану процесіне бастау болды.
Бұл заң конституциялық басқару құрылымдарын, мемлекеттік аппаратты, адам еркіндігі мен бостандықтарын қалыптастыру алаңында тұғырлы негіз болды. Ол тарихи құжатта Елбасының қолтаңбасы мен құқықтық идеясы жарқын көрініс тапты.
Республикамыздың алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Онда еліміздің дербестігі, билік формасы бұрынғы өктем жүйеден жаңа демократтық либералды құндылыққа бағыт алған концепцияға негізделгені алғаш рет айшықталды.
Дей тұрғанмен, бұл Конституция өтпелі кезеңде сана мен менталитеттің ауысуын нормалық мәмілеге келтіруге бағытталған, тәуелсіз елдің заңдарымен қоса КСРО-ның кейбір нормативтік заңнамалары тең қолданылады деген дуализм мен конформизмге тәуелді құжат болды. Норма бәсекелестігі, әсіресе нарықтық қатынастарда, құқық қолдану және сот тәжірибесінде қоғамдық қатынастарды күрделі механизмнің реттелу санаттарында ерекше білінді.
Менің Елбасымен ең алғаш рет бетпе-бет кездесуім де сол кездерге тұспа-тұс келді. Тоқсаныншы жылдардың басында мен Жоғарғы Сот Төрағасының орынбасарлық қызметіне сайланып, біраз уақыт Төрағаның міндетін уақытша атқардым.
Елбасы республиканың құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесуде реформа жасау үшін елдегі қылмыстың деңгейіне алаңдаушылығын білдіріп, қоғамдық тәртіпті қалыптастыру маңыздылығын, сот жүйесін реформалау, оның мәртебесін жаңаша реттеу туралы ойларын баса айтып, барлығын озық әлем тәжірибесі аясында оңтайландыру керек екенін жиі қозғап жүрді.
Уақыт адам өмірінен оза қимылдаған сол тоқсаныншы жылдар қоғамнан нарықтық қатынасқа бейімделу, демократиялық, зайырлылық құндылықтарды қалыптастыру сияқты тың бағыттарды талап етті. Мемлекеттің дамуын жаңаша модернизациялау, өзгемен терезесін теңестіру стратегиясы жаңа Конституция, өзгеше құрылым моделі керектігін қажетсінді.
Тұңғыш Президенттің бастамашылдығымен, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қолданыстағы Конституция қабылданды. Оны мақұлдаған халық, ұсынған Елбасы болатын. Конституция мемлекетіміздің басты институционалдық негіздерін орнықтыратын халық пен биліктің негізгі шарты, келісім құжаты, ұлттық идеология маңызына ие болды.
Конституцияның жобасы бойынша жұмыс барысында Тұңғыш Президент іс жүзінде жиырмадан астам шетелдік конституцияны өзі зерделеп, пысықтағаны туралы бұған дейін де көп айтылды. Ол мысалды одан әрі тереңдетпей-ақ, осымен қанағаттанайық.
Жаңа Конституцияда мемлекет формасы қандай болмақ? Басқару тетіктері қалай реттеледі? Адамның және азаматтың табиғи және позитивтік құқықтары қандай деңгейде бекиді, еркіндік пен бостандық қалай баян етіледі, оның кепілі кім? Меншік формасы, оның құндылық есебінде бекуі, сот жүйесі, конституциялық бақылау институты, жергілікті аумақтық басқару тәсілі, биліктің тұтастығы мен оны тежеу салмақтылығы қалай болуы керек деген концептуалды мәселелер түбегейлі анықталып, нормативтік сипатын алды.
Мемлекет қалыптастырудың әлемдік тарихында аса маңызды құқық жәдігерлерінің авторы болады. Шыңғыс ханның «Ұлы Жасақ», Тәуке ханның «Жеті Жарғы», Наполеонның «Азаматтық кодексі» дегендей.
Бүгінгі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың мемлекетшілдік идеясының құқықтық позициясының жүзеге асқан көрінісі. Конституция әлемдік озық тәжірибеге сүйенген, халқымыздың дәстүр әдетіне иек артқан, интеллектуалдық қуатына бейімделген жаңа үдемелі өркениеттік құндылықтарға жетелейтін бағдарлы құжат болды. Елбасы оның нормаларын жетік білумен қатар, жатқа айтып отыратыны оның әр бабы өз жүрегінен, толғанысынан туғанынан деп ойлаймын.
Жаңа Конституция қабылданған алғашқы жылы құқықтық база жоққа тән, Жоғарғы Кеңес өз жұмысын тоқтатқан, ал жаңа Парламент әлі сайланбаған бір вакуумды уақыт болды. Сол кезде Елбасы әлемде сирек кездесетін ерекше құқықбастамашылық прецедентке барды. Заң қабылдау функциясын өз қолына алып, Президент үш айда жүзден аса заңдық күші бар жарлық қабылдады. Ағын судың тежеуін ашқандай экономиканы реформалауға құқықтық мүмкіндік берген осы жарлықтар КСРО-дан қалған көтерілуі қиын жоспарлы экономиканы, социалистік шаруашылық құрылымдарын өзгертуге, Конституция бекіткен басқару институттарын қалыптастыруға теңдессіз үлес қосты.
Жаңа Конституцияға сәйкес тың мемлекеттік құрылым институттары жасақталды. Мемлекет әлеуметтегі келіспеушілікті, дау-дамай, шиеленісті шешу функциясын сотсыз атқара алмайтыны белгілі. Конституция жаңа сот билігі жүйесінің моделін ұсынды. Арбитраждық соттардың функцияларын жалпы юрисдикциядағы соттарға бере отырып, оларды тарату арқылы сот жүйесінің бірлігі бекітілді. Жергілікті соттардың судьяларын ел Президентінің тағайындауы және Жоғарғы Сот судьяларын Парламент Сенатының сайлауы тәртібі енгізілді. Судьяларды іріктеу және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі орган ретінде Жоғары Сот Кеңесі мен Біліктілік әділет алқасын құру көзделді, судьялардың мәртебесі мен адамның құқығын және бостандығын қорғау жүйесіндегі рөлін нығайта отырып, оларға тиіспеушілік кепілдігі күшейтілді.
Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа Конституция негізінде жаңа сот жүйесінің іргесі қаланып, оның қызметінің қағидатты мәселелері реттелді.
Парламент Сенатының Төрағасы, еліміздің Жоғарғы Сотының Төрағасы, Республиканың Бас Прокуроры, ал қазір – Конституциялық Кеңестің Төрағасы сияқты жоғары мемлекеттік лауазымдарында жұмыс істей отырып, мен Елбасының көптеген жұмыс кездесулерінде, республикалық кеңестерде, Қауіпсіздік Кеңесінің, Сенаттың отырыстарында және Парламенттің бірлескен отырыстарында сөйлеген сөздерін тұрақты тыңдадым. Президентті Конституциялық Кеңестің, сот жүйесінің, прокуратура органдарының қызметі туралы хабардар етіп отырдым.
Білімі бойынша заң саласының маманы емес адамның конституциялық, құқық қорғау тақырыбы бойынша түсініктерінің соншалықты молдығына, конституциялық материяны терең меңгергеніне әрқашан таңданатынмын. Ол адамның құқықтары мен бостандықтары, қатынастардың экономикалық негіздері, азаматтық қоғам, саяси көзқарастар түрінде толық суретте кешенді көреді. Өзінің осы ұстанымын мамандардың назарына жеткізе алады және оппоненттермен өткір пікірталастарда қорғай алады.
Тұңғыш Президент конституциялық құқықтық саясатты жіті меңгере отырып, оны жүзеге асыру процесінде әрқашан Конституцияда көрсетілген Заң үстемдігіне ерекше көңіл бөледі. Өзінің сол сенімін жеке үлгісімен дәлелдеп отырады.
Елбасы Республиканы басқаруды күрделі өтпелі кезеңде өз қолына алды. Экономикалық дағдарыс, қоғамның белгілі бір бөлігінің құндылықты бағдарларды жоғалтуы, қылмыстың өсуі, сыбайлас жемқорлық жаңа қоғамдық-экономикалық формацияның базалық негіздерін, оған барабар нарықтық институттарды құруға байланысты түбегейлі шараларды жүргізуге кедергі жасады.
Бұл проблемаларды шешу жолдары Мемлекет басшысының жеке бақылауында болды, қажетті уақытта ол бұл процесті «қолмен басқару» режімінде үйлестірді. Мына бір жағдай есіме түсіп отыр, 1999 жылы қалыптасқан ахуалды есепке ала отырып, республика Президенті құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың бірінші басшылары кірген Шұғыл штаб құрып, оны басқаруды өзіне қалдырды. Мені орынбасар етіп тағайындады. Штаб отырыстары ай сайын, ал кейде одан да жиі өткізілген болатын, оларда республика өңірлеріндегі қылмыстық ахуал, өзекті проблемалар талқыланып, сол бойынша пәрменді шешімдер қабылданды. Экономикалық және әлеуметтік себептерді жою, мемлекеттік органдардың рұқсат беру функцияларын оңтайландыру, қылмысқа қарсы күресте басымдықтарды қайта қарау жағдайды жақсартуға, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға мүмкіндік берді.
Әсіресе, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Шетелдердің оң тәжірибесін ескере отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аудара отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа саясат жасалды. Елбасы өзі басқарған Штаб жұмысының нәтижесінде елдегі қылмыстандыру процесі тежелді, қоғамды қылмыстық сипаттан арылтуға мүмкіндік ашты. Сол жылдардан бастап елдегі қылмыс саны жылдан-жылға азая түсті. Пенитенциарлық жүйе реформаланды.
Халықаралық масштабта конституцияны дамып отыратын құқықтық материя ретіндегі қабылдау туралы тезис жалпы танылған. Ол «тірі конституция» деп аталатын тұжырымдаманың негізінде қаланған. Ата заңды одан әрі жетілдіру оған түзетулер енгізу жолымен, сондай-ақ конституциялық бақылау органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады.
Дамудың жоғары қарқыны, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, жаһандану, экономикада, әлеуметтік салада трансформациялауға әкеп соғатын қазіргі заманғы сын-қатерлер және басқа да факторлар бірқатар мемлекеттерде конституциялық реформалар жүргізуге түрткі болды.
Конституция мен қоғамдық және мемлекеттік даму қажеттіліктерінің арасында алшақтыққа жол беруге болмайтыны біздің ел үшін де анық болды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы өз кезегінде демократиялық реформаларға негіз болып, жылдам өсу үшін жағдай жасайтын өзгерістер енгізуге бастамашылық жасады.
Өткен жиырма бес жыл ішінде конституциялық реформалар жүргізу жөніндегі процестің президенттік форматы пысықталды және бекітілді. Бұл процестер кезінде де Елбасы қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігімен ерекшеленді. Оның негізін Ата заңды барынша сақтау, оның тұрақтылығы мен серпінділігін қамтамасыз ету құрайды. Конституцияны өзгертуге тек ерекше қажет болған жағдайда, елеулі дәлелдеме болған кезде, күтілетін салдарлар мен ықтимал тәуекелдер түсіндірілгенде ғана жол берілді.
Қазақстанда өткен Конституциялық реформалардың әрқайсысы қоғамның эволюциясымен тікелей байланысты. Ата заң уақыттың болмысын ескере отырып, 1998, 2007 және 2017 жылдары жүргізілген конституциялық реформалар барысында түзетулерге, сондай-ақ 2011 және 2019 жылдары ішінара түзетулерге ұшырады. Әрбір Конституциялық реформа қоғамды одан әрі дамытуға ықпал жасап, адам құқықтары саласын жоғары стандарттарға жақындата түсті.
Конституциялық материяны толығымен біле отырып, Елбасы Конституцияның басты құндылықтарын, идеялары мен ережелерін айқындайтын тұжырымдамалық құрылымдарды қалыптастыруға шешуші әсер етті.
Конституцияға өзгерістер енгізуде қалыптасқан Президенттік формат осы процесте саясатты құқыққа араластырмаудың және болашақта сапалы конституциялық құқық қолдануды қамтамасыз етудің кепілі болды. Тұңғыш Президент конституциялық процестің соңғы кезеңінде саясатты екінші кезекке ысырып, заң жобасын заңгер-мамандар дайындағанын қатаң қадағалап отырды.
Конституциялық реформалар міндетті түрде терең және ауқымды халық сараптамасын жүргізуді, қазақстандықтардың көпшілігінің конституциялық процеске қатысуын қамтиды. Бұл процесс сондай-ақ әрдайым шетелдік ғалымдардың және халықаралық ұйымдардың пікірлерімен санасуды қажет етеді.
Мысалы, 2017 жылы өткізілген Конституциялық реформаның жобасы туралы конституция саласындағы танымал мамандарды біріктіретін аса беделді орган − Венециялық комиссия Қазақстанның конституциялық эволюциясы жөнінде өте жоғары баға берді.
Қазақстандық конституционализм құрылысының барлық бөліктерін бір-бірімен үйлестіру, мазмұны, кезектілігі, құралдары мен орындаушыларын анықтау Тұңғыш Президент жасаған мемлекеттік жоспарлаудың бірегей жүйесі арқылы мүмкін болды. Оның негізін Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулар, стратегиялар, тұжырымдамалар және басқалар құрайды.
Конституцияға негізделген Қазақстан Республикасының ұзақмерзімді дамуының екі стратегиясы: «Қазақстан-2050» стратегиясы және іске асырылған «Қазақстан-2030» стратегиясы өздерінің ең жоғары әдіснамалық, саяси, дүниетанымдық, идеялық және патриоттық мазмұндылығымен ерекшеленеді. Олардың арқасында әртүрлі тарихи кезеңдерде мемлекет пен қоғамның эволюциясындағы сабақтастық сақталды.
2015 жылы наурызда республика Президенті ұсынған бес институционалдық реформа бойынша да қоғамдық және құқықтық топтар арасында тығыз өзара іс-қимыл орнатылды.
Конституцияның кепілі ретінде Президент Конституциялық Кеңестің ресурстарын пайдалану жөніндегі өкілеттіктерге ие. Ол өзінің осындай Конституциялық құқығын үнемі іске асырып отырды.
Елбасы конституциялық бақылау органының алдында Конституцияны түсіндіруді талап ететін мәселелерді үнемі көтеріп, Конституциялық Кеңеске 23 рет өтініш берді.
Н.Ә.Назарбаев елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпаратты тыңдап, кеңес төрағасымен және мүшелерімен кездесіп отырды, Негізгі заңның ережелері мен нормаларын насихаттау және түсіндіру мәселелерін әрқашан өз назарында ұстады.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев өзінің әрқашан бұлжытпай басшылыққа алып келе жатқан Негізгі заңға адалдығын, конституциялық заңдылықты бәрінен жоғары қоятынын өткен жылдың 19 наурызында тағы бір растап берді.
Мемлекетіміздің осы аса маңызды тарихи сәтінде жасаған үндеуінде Елбасы өз еркімен жоғарғы биліктен кететінін жариялап, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім − басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету, деген еді.
Бұл – ұлы саясаткердің парасатты қадамы, елін, жерін сүйген біртуар тұлғаның нағыз ерлігі, мемлекеттің қамын ойлаған үлкен тереңдіктің айқын көрінісі. Президенттік билікті өз еркімен және бейбіт жағдайда беру әлемдік тәжірибеде өте сирек, тіпті жоқ деуге болады. Салиқалы халқымыздың сабырымен, биліктің сайлану салтымен өткен жоғарғы биліктің байсалды ауысуы халықтың қолдауын тауып, халықаралық қоғамдастықта жоғары бағаланды.
Тұңғыш Президенттің таңбалы шешімін жүзеге асыру толығымен Ата заңның талаптарына негізделді. Оны жария етпес бұрын Елбасы Конституциялық Кеңеске жүгініп, президенттік өкілеттіктерді мерзімінен бұрын тоқтату негіздерін нақтылап беруді сұрады. Кейіннен Кеңестің қаулысын басшылыққа алып, өзінің құқығын іске асырды. Осылайша, іс басындағы Мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтатар алдында, ол өзінің Конституциялық принциптерге тәуелді екенін тағы да көрсетті. Заңгер ретінде біз бәріміз бұл ұстанымның мәнін басқалардан терең түсінеміз.
Өткен бір жарым жылға жуық уақыт Елбасының мемлекет пен халық мүддесі үшін жасаған теңдессіз қадамының дұрыстығын көрсетті. Конституциялық заңнамада қарастырылған Тұңғыш Президент пен республика Президентінің қызметтері бір-бірін толықтырып, еліміздің алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге қызмет етуде.
Тұңғыш Президенттің тарихи миссиясын талдау кезінде атақты ғалым Джон Шаардың: «Болашақ қайда бара жатқанымызбен емес, біз не жасайтынымызбен танылады. Жолды іздеу емес, салу керек. Құрылыс процесінің өзі жаратушыны да, сол сияқты оның тағдырын да өзгертеді», деген сөздері тура біздің Тұңғыш Президентке айтылған сияқты көрінеді. Бұл пікірдің мәні егеменді Қазақстанның болашағын нөлден қалыптастырған Елбасының жасампаз қызметінен анық көрініс тауып отыр.
Өткен жылы Еуразия елдерінің парламенттері спикерлерінің IV кеңесінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде мен отыз жылға жуық мемлекет құрып, Қазақстан Республикасы деп аталатын елді басқару құрметіне ие болдым. Халық сонша жылдар бойы маған басқаруға, елді белгісіз жолмен жүргізуге сенім білдірді. Көп уақыт басқара отырып, мен өкілеттіктерді тоқтату туралы шешім қабылдадым, арнайы қабылданған заң күшімен Елбасы мен Тұңғыш Президент өкілеттігіне ие болдым және оларды әлі де орындаймын», деп айтқан болатын.
Тұңғыш Президент отыз жылда тәуелсіз Қазақстанның тарихын өз қолымен жасап, әлем картасында жаңа Қазақстанның өмірбаянын өзі жазып кетті. Біз оны шама-шарқымыз жеткенше оқырмандарға баян еттік.
Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде халқымыздың бірлігін сақтау, тәуелсіздігіміздің туын жықпау жолында үлкен жұмыс күтіп тұр. Бұл бағытта Елбасы әлі де шешуші рөл атқаратын болады. Ұлтымыздың бақыты үшін туған ұлы тұлғаға амандық, зор денсаулық тілеймін!
Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы