• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Маусым, 2020

Бұқаралық спортты дамыту – басты назарда (Биыл аймақта 7 денешынықтыру кешені ашылады)

453 рет
көрсетілді

Алматы облысында бұқаралық спортты дамытуға басым көңіл бөлініп отыр. Бұл жұмыс бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімдердің алдына жүктеген міндеті аясында бастау алған болатын. Қазір өңірдің барлық ауданында саламатты өмір салтын ұстануға қажетті жағдай жасалуда.

Мәселен, 2022 жылы облыстағы 17 аудан мен 3 қала толықтай жаңа спорттықсауық­тыру кешендерімен қамтылады деген мақсат орындалуда. Биыл жыл соңына де­йін 7 кешен қолданысқа берілмек. Қазір спорт нысандарының құрылысы Райымбек, Ескелді, Балқаш, Көксу, Ұйғыр, Қарасай және Ақсу аудандарында қызу жүріп жатыр. Аталған алты аудандағы спорт кешені алдағы күзде ашылмақ. Бұл мақсатқа 8 млрд теңге қаржы бөлініпті. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін аймақтағы спорттық нысандардың аумағы бірден 29,5 мың шаршы метрге ұлғаяды деген үміт бар. Мұнан бөлек тағы 6 спорт нысаны күрелі жөндеуден өтпек. Оның ішінде Талдықорған қаласы мен Еңбекшіқазақ ауданындағы спорттық-сауықтыру кешендеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланса, Ескелді, Кербұлақ және Іле ауданындағы нысандарға ағымдағы жөндеу жұмысы жасалмақ. Жалпы, құрылысы басталған нысандардың төртеуі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатыр. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануына жол ашылмақ. Әсіресе жастардың бұқаралық спортқа бет бұруына жағдай жасалмақ. Ал қазіргі сәтте ауылда тұратын жастар саны 320 мың шамасында. Яғни ауыл­дардан ашылатын спорт орталықтарына ағылатын адам саны жеткілікті болары анық.

Айтпақшы, өңір әкімдеріне 100 спорт сауықтыру кешенін салуға пәрмен берген Елбасы бұл іске өзі бас болып кірісіп, үлгі көрсеткен болатын. Былтыр Нұрсұлтан Назарбаев туған ауылында заманауи талапқа толықтай сай келетін спорт кешенін салып, тұрғындарға тарту еткен-ді. «Туған жер» бағдарламасы бойынша Елбасы қаржысына салынған «Үшқоңыр» спорт кешенінде қазір бокс, күрес және тренажер залы, жүзу бассейні, теннис корты, басқа да спорт инфрақұрылымы жұмыс істеп тұр.

– Біздің балалық шағымызда спортпен шұғылдану үшін мұндай жағдай болмады. Ал қазір жастар үшін барлық мүмкіндік бар. Көптеген табысты азаматтарымыз туған ауылы мен аудандарына қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Жаңа спорт кешенінде жаттығатындардың арасынан болашақ чемпиондар шығады деп сенемін. Менің отбасым және жақындарым осы спорт кешенін арнайы тұрғындардың игілігі үшін салды, – деген болатын «Үшқоңыр» спорт кешенінің ашылу салтанатында сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев.

Өткен жылы дәл осындай орталық Талғар ауданында да ашылған болатын. Спорттың жекпе-жек және жауынгер­лік жаттығу түрлеріне арналған 180 орын­дық денешынықтыру-сауықтыру әмбебап кешені аясында Талғар ауданының «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де жұмысын бастаған. Кешен аумағында тренажерлық, ойын, күрес, бокс және жаттығу залдарынан бөлек, волейбол, баскетбол, футбол спорттық алаң­дары мен 400 орындық көрермен трибунасы орналасқан. Ал «Алмалы» балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебі балаларды спорттың 15 түріне баулиды. Мұнда бокс, баскетбол, волейбол, грек-рим және еркін күрес, қазақша күрес, жеңіл атлетика, футбол, гандбол, таэквондо, каратэ-до, самбо, жекпе-жек, садақ атуға жаттығу үшін қажетті жағдай жасалған.

Былтыр Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында да «Тарлан» атты әмбебап денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Атап айтарлығы, бұл кешен өңірден шыққан белгілі мемлекет қайрат­кері Сауат Мыңбаевтың жеке қар­жысына салынған болатын. Бүгінде спорт кешенінде бокс, күрес, дзюдо, таэквондо, ауыр атлетикамен айналысуға және футбол ойнауға барлық мүмкіндік бар. Түрлі спорт жаттығуларына бейімделген залдардан бөлек, футбол алаңы мен «Street workout» алаңқайы да жұмыс істеп тұр. Ал осы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына инвестор 500 млн теңге қаржы жұмсаған екен.

Жалпы, бұқаралық спорт нысандарын салу ісіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы да қосымша қарқын қосты. Аудандардағы құрылысқа жан бітірген жол картасы аясындағы жұмыс елді еңбекпен қамтуға да жол ашты. Мәселен, Көксу ауданындағы спорт кешені биыл қолданысқа берілмек. Қазір аудан орталығы Балпық би кентінде нысан құрылысы қызып тұр. 180 орындық денешынықтыру кешенінің құрылысына 300 млн теңге қаржы бағытталған. Жалпы аумағы 2 гектар жерді алып жатқан жаңа кешенде волейбол, баскетбол, гандбол, шағын футбол, бадминтон, теннис алаңдары мен бокс және күрес залдары да ашылмақ. Нысан аумағында хоккей алаңы мен скалодром салу да қарастырылған екен.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан біраз уақыт бұрын «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет» деп аймақтарда атқарылатын жұмыстың бағытын айқындап берген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұқаралық спортты дамытуды басты назарда ұстап, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, денешынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтар­ды жабдықтау мәселесін күн тәртібінен түсір­ген емес. Алматы облысында бұл бағыт­та ауқымды жұмыс атқарылуда. Біз аймақта саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, адамдардың спортпен айналысуына жағдай жасап отырмыз. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 30 пайызын бұқаралық спортпен қамтуға қол жеткіздік. Жақсы іс жалғасын таба береді. 2022 жылға дейін облыстағы 17 аудан мен 3 қала жаңа спорттық-сауықтыру кешендерімен түгелдей қамтылып, спортты серік еткен жетісулықтар қатары көбейе түседі, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.