• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Маусым, 2020

Обыр мен өмір («Қатерлі ісік ажал үкімі емес» дейді дәрігер)

431 рет
көрсетілді

Жалпы, кез келген дерттің адам денсаулығына тигізетін зардабы ауыр. Ал қазір күшейіп тұрған COVID-19 вирусының сау адамның өзіне жұғу қаупі жоғары екендігін ескерсек, денсаулығында кінәраты бар науқастар үшін екі есе ауыр сынақ болып тұрғаны түсінікті. Демек, коронавирус зардабы онкологиялық дертке шалдыққандар үшін де қаншалықты қауіпті екенін бағамдауға болар.

Мегаполисте орналасқан аймақтық онкология диспансері Алматы облысының оңтүстік аумағында орналасқан аудан тұрғындарының денсаулығына жауапты. Қазір диспансерде жұқпалы індеттің алдын алу мен сақтану шарасы өте жоғары деңгейде жүргізілуде. Аурухана аумағында карантин жарияланған, емделуші науқастардың денсаулығын қадағалау ерекше тәртіп бойынша жүзеге асып жатыр.

– Қатерлі ісік дертімен ауыратын науқастар үшін бір қиын кезең өтіп жатыр. Онсыз да жаны қиналып жүрген адамдарға коронавирус инфекциясы екі есе қауіпті болып тұр. Өйткені жұқ­палы аурудың барлық түрі ең алдымен иммунитеті төмен адамға үйірсек келеді, ал денсау­лығында кінәраты бар науқас­тың ағзасы коронавируспен күресу­ге тіптен қабілетсіз. Сон­дық­тан біз үшін де, пациенттер үшін де онкологиялық ем алып, дәрі қабылдау барысында сақ­тық шарасын арттыру ең бас­ты міндет болып тұр, – дей­ді Алматы қала­сындағы аймақ­тық онкология диспансері дирек­торының орынбасары Рәш Шалбаева.

Бұған дейін Алматы қала­сы­ның толықтай карантинге жабылуына орай жақын маңдағы аудандарда тұратын науқастардың диспансерге келуі қиындаған болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен бұл мәселе жолға қойылыпты. Яғни диспансерлік ем-дом алуға мәжбүр пациенттерді аудандық ауруханалардың арнайы көлігі тасымалдап, қалаға жеткізеді. Сондай-ақ дәрігер кеңесі мен басқа да көмекті қажет ететін онкологиялық науқастардың облыстағы кез келген ауруханаға алдын ала тіркелмей, кезексіз қабылдануына жағдай жасалған.

– Облыс дәрігерлерінің кәсіби міндеттерін жауапкершілікпен атқаруы аумақта жұқпалы індеттің өршуіне тосқауыл болып тұр десек, жаңылмаспын. Адам денсаулығы үшін күрес­те біздің онкологиялық дис­пансердің мамандары да аянбай еңбек етуде. Елімізде жұқпалы індет қауіпі басталғалы бері біздің жұмысымыз да төтен­ше жағдайда жалғасуда. Мыса­лы, дәрігерлер мен орта меди­цина­лық қызметкерлердің дені қала маңындағы аудандардан келіп жұмыс істейтін еді. Алматы қаласындағы жағдайға байланысты 3 айға жуық жатақханада жатты. Яғни төтенше жағдай кезінде қаншама қызметкер отбасынан алыстап қалды, олар да бір үйдің отағасы, отанасы, келіні дегендей, жеке өмірге құқылы еді. Бірақ әріптес­терім өз қызметі мен науқастар алдындағы жауапкершілікке сай уақытпен санаспай жұмыс істеуді, төтенше жағдай кезінде туындаған қиыншылыққа мо­йымай еңбек етуді таңдады. Дәрігерлердің бұл ерлігі баға­лануы тиіс. Әрине біздің маман­дарымыз жұқпалы індетпен ауыр­ған науқастармен бетпе-бет келіп жатқан жоқ, дегенмен бұл ортақ күрес. Мұнда ант берген ақ халатты жандардың барлығында бір ғана мақсат бар, ол індеттің таралуына жол бермеу және адам өмірін сақтап қалу, – дейді Рәш Шәріпбайқызы.

Өкінішке қарай, облыс аума­ғын­да қатерлі ісікке шал­дыққандар саны жыл сайын көбейіп келеді екен. Қазір об­лыстың оңтүстік аудандарында тұратын адамдардың арасында 8 900 науқас диспансерлік есепке алынған. Өткен жылы 1 700 адамнан дерттің алғашқы белгісі анықталған. Ал былтыр асқын­ған ауру 703 адамның өмірін жалмаса, жыл басынан бері 213 науқас о дүниелік болған. Сараланған дерек бойынша, онкологиялық есепке алынған науқастар арасында сүт безінің қатерлі ісігі көш бастаса, одан кейінгі орында өкпе рагы тұр екен. Осы өкпеде пайда болған ісіктен көз жұматындар саны жоғары көрінеді.

– Қатерлі ісік – адам өміріне қауіпті болғанымен, бұл ажал үкімі емес. Науқастар осыны есте сақтауы керек. Дерттің ал­ғашқы кезеңінде дәрігерге қара­лып, асқындырмай ем алған адамның құлан таза айығып кетуіне толық мүмкіндік бар. Сол үшін де адамдар жиі тексеруден өтіп тұруы тиіс. Ал онколог дәрігерлер қатерлі ісіктен емдеу үшін аянып отырған жоқ. Қазір бұған барлық жағдай жасалған. Әрине проблема да шығып жатады. Көп жағдай­да ота жасалатын науқастар қиналады. Қазіргі жүйе бо­йынша хирургиялық ем-дом шарасы медициналық есепке алу порталы арқылы жасалатыны белгілі. Науқастар кезек күтіп қалатын жағдай болады. Бірақ біз бұған қарамастан, дерттің салмағын жеңілдетуге күш саламыз. Дәрі-дәрмекпен қамтуда кідіріс жоқ, мамандар жеткілікті, медициналық құрылғылар бар, – дейді Алматы қаласындағы аймақтық онкология диспансері директорының орынбасары Рәш Шалбаева.