Жаһанға жайылған жаманат індет елімізде кеңінен етек алып келеді. Сақтық шараларын қатаң ұстануға құлықсыздық танытып, тиісті нұсқауларға құлақ аспай, қауіпті вирусты әбден құтыртып алдық. Енді ауруханалар лық толып, орын тапшылығы сезіліп жатыр.
Бұл – шиеленіскен шетін жағдайдың бір шеті ғана. Карантинге жабылып, қаңырап тұрған нысандарды қосымша стационарға айналдырамыз-ау, алайда онда жатқызатын науқастардың бәрін қарауға медицина мамандарын қалай жеткіземіз? Covid-19 дертіне душар болғандар күннен-күнге көбейіп келеді. 20 маусымдағы жағдай бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 16 779-ға жетті. Мұның сыртында симптомсыз сырқаттанғандар 8229 адам болған. Сонда барлығын қоса алғанда індеттің құрығына ілінгендердің саны 25 мыңнан асып кетеді. Вирус жұқтырған, бірақ бойында белгілері байқалмайтын азаматтар 3 маусымнан бастап бөлек санаққа алына бастады. Өйткені статистикада емделуді қажет ететіндер ғана көрсетіліп жатыр.
Жалпы, 15 өңірде коронавирус жұқтырғандар күрт өсті. Оның ішінде Ақмола, Түркістан, Қостанай, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында індет өршіп тұр.
Бұл вирус меңдеген жұрттың қарасы қалыңдаған сайын стационарларда да орын жетпей, біраз сарсаңға салып жатыр. Мұндай келеңсіз көріністердің біразын әлеуметтік желілердегі көпшіліктің байбаламынан байқауға болады.
Жақында елордадағы №1 қалалық ауруханада науқастар орын болмай, дәлізде жатқаны туралы видео тарап, бұған наразылық білдіргендер аз болған жоқ. Мұның анық-қанығын Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Исадан сұрап білдік.
«Эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты көпбейінді №1 қалалық ауруханаға жүгінгендер саны күрт артты. Апта басында осы ауруханаға қабылданғандар шамадан тыс көбейіп, палаталардың босауына қарай науқастарды уақытша дәлізге орналастырған жағдай болды. Бүгінгі таңда палаталарға 200-ден аса адам қабылданып, орналастырылды. Тұрғындардан қаладағы осы эпидемиялық жағдайға түсіністікпен қарап, тыныштықты сақтауды сұраймыз. Дәрігерлер қолдан келген барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр», деді ол.
Алматы қаласында инфекциялық стационарлар – 95%, ал Нұр-Сұлтанда 90% толыпты.
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева 19 маусым күнгі мәлімдемесінде еліміздегі жалпы инфекциялық стационарлар 75% толып тұрғанын атап өтті. Қазір инфекциялық стационарларда 7 544 төсек-орын дайындалған. Бұдан бөлек 373 реанимациялық төсек-орын бар, оның үштен бір бөлігіне ауыр хәлдегі науқастар жатқызылған.
Бұған қоса жедел жәрдемнің шақырғанда келе қоймайтынын айтып, шағымданатындар да жиіледі. Ал жедел жәрдем көліктері жаны қысылғанға жетіп барғанның өзінде науқастарды қайда апарын білмей дал болып жатыр. Өйткені аурухана, стационарларда оңайлықпен орын табыла қоймайды. Сондықтан тұрғындарға аумағы бойынша қарайтын емхана дәрігерлері көбіне үйлерінде оқшаулануға кеңес беруде. Ал ауруханаларға жағдайы орташа және ауыр науқастарды ғана жатқызуға тура келіп тұр. Әлеуметтік желідегі азаматтың шағымына орай Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың та жауабы осыған саяды. Оның айтуынша, қалада жағдай тым қиындап, емханаларға күніне 100-ден аса науқас түсіп жатыр. Басқарма басшысы емханаларда орташа есеппен 200-300 орын болса, науқастардың бәрін сыйғызу үшін үш күн сайын инфекциялық стационар ашуға тура келетінін, ал мұның мүмкін емес екенін айтады.
«Бүгінде қалада Сovid-19 індетімен ауырғандарды емдеуге 10 емхана жасақталды. 1300-ден аса науқас емделіп жатыр. Басқа емханаларды вирус жұқтырғандарды емдейтін орынға бейімдеу мүмкін емес. Себебі олар басқа патология бойынша науқастардың өміріне араша болуда. Мәселе тек стационардағы орында емес, вирус жұқтырғандарды емдеуге дайын дәрігерлер тобының бар-жоғында. Соған сәйкес, жағдайы орташа ауыр не ауыр науқастарды ғана жатқызуға мәжбүрміз. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін дәрігерлерге түсетін салмақ еселеп артты. Оның үстіне бұл вирустың арнайы емі әлі табылған жоқ. Сондықтан азаматтардан ақылға келуін сұраймын. Жұрттың көбі біздің айтқандарымызды елеусіз қалдырып жатыр. Тіпті әлі күнге дейін вирус жұқтыру қаупі барына сенбейтіндер кездеседі. Мұның бәрі жағдайдың күрт нашарлауына әкеліп соғады», деді К.Надыров.
Науқастар симптомсыз және симптомдық болып бөлінеді. Қандай да бір клиникалық белгілері жоқ, бірақ ПТР-талдауы оң нәтиже көрсеткендер амбулаториялық бақылауда болады. Коронавирустың жеңіл түрімен ауырғандардың негізгі белгілері – тыныс алудың қиындауының болмауы, тыныс алу жиілігі минутына 24-тен кем, температурасы қалыпты немесе 38 градустан төмен, тамақтың қызаруы, жұтындырмауы, мұрынның бітелуі, шамалы жөтел, тамыр соғысы минутына 60-80 соққы шегінде болуы. Қазір індеттің осы жеңіл түріне шалдыққандар үйлерінде ем-дом қабылдап жатыр. Алайда олардың да шағымы аз болмай тұр. Бір мәселесі – қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға қалтасы көтере бермейді, оның үстіне іздеген дәрісі дәріханадан табылмайды.
Сонымен қатар көпшілік бойында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тесттің жеткіліксіздігін, құнының қымбат екенін айтып қынжылыс білдіріп жатыр. Соған қарамастан ПТР-тест алатын зертханаларға қарай ағылған жұрт көбейді. Олардың арасында вирустан аманы да, жұқтырғаны да бар. Ал әлеуметтік арақашықтық сақталмай, ұзын-сонар кезектің пайда болуы вирусты одан сайын өршітіп жіберуі мүмкін. Бұл мәселені реттеу үшін тиісті орындар клиникалық немесе эпидемиялық белгісі байқалмайтын азаматтардың тесттен өтуінің қажеті жоқ деп отыр.
Л.Ақтаева биыл наурыз айынан бастап коронавирус бойынша 1 271 471 зертханалық зерттеу жүргізілгенін атап өтті. Яғни осынша адам ПТР-тесттен өтті. Бұл – адам ағзасындағы вирустың фрагменттерін анықтауға мүмкіндік беретін молекулярлы биологиялық әдіс. Сәуір айының алғашқы жартысында тәулігіне 5 мың адам, екінші жартысында тәулігіне 14 мың адам ПТР-тесттен өткен. Бүгінде тәулігіне 28 мыңға жуық тест жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы тест жүргізуді әлі де арттыруды тапсырды.
«Қазіргі таңда тест-жүйелерінің қалдығы – 501 мың. Оның ішінде мемлекеттік зертханаларда 300 мыңнан асады. Бұл – 18 күндік қор. Қосымша зертханалардың қуатын тәулігіне 35 мыңға дейін жеткізу көзделген. Ол үшін үкіметтік резерв есебінен 1,2 млн тест-жүйесі сатылып алынады. Жүргізіліп жатқан тесттердің саны бойынша мәліметті келтірсек, 100 мың адамға есептегенде Қазақстан тәулігіне 7 мың адамды тесттен өткізеді. Басқа елдермен салыстырып көрелік: 100 мың адамға есептегенде Аустрия мен Канадада күніне 6 мың адам, АҚШ-та 8 мың адамды өткізеді. Бұл тізімде Қазақстан 34-орында тұр», деді Л.Ақтаева.
Оның айтуынша, медициналық ұйымдарда инфекциялық және провизорлық стационарларға жатқызылған, ЖРВИ, пневмония белгілері бар немесе КВИ жұқтырған, медициналық бақылаудағы азаматтар тестілеуден өтеді. Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша науқастармен жақын қарым-қатынаста болған азаматтар, стационарға жоспарлы немесе шұғыл түскен пациенттер, медициналық-әлеуметтік мекемелерге түскен азаматтар тесттен өтеді. Сонымен қатар тест алдын алу шарасы үшін де өткізіледі. Ол санат бойынша өтетіндер – Қазақстанға шетелден келетін азаматтар, жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері мен әскерге шақырылушылар.
Індет белең алған шақта медицина мамандарының жетіспей жатқаны аздай, олардың біразы қызмет етуге қауқарсыз болып қалып жатыр. Өмірін тәуекелге тігіп, қауіпті аймақта вирус жұқтырғандардың жанына жалау болып жүрген дәрігерлердің өздері де бұл кеселдің кесапатынан құтыла алмауда. 18 маусымдағы дерек бойынша коронавируспен ауырған науқастардың 12 пайызы – медицина қызметкерлері. Жалпы саны – 1 904. Олардың 30 пайызы жұмыста жүріп жұқтырған екен.
Коронавирус инфекциясының кеңінен тарала бастауы басқа ауруларды асқындырып жіберді. Бүгінде еліміздің тұс-тұсында өкпесі қабынғандардың тым көбейіп кеткені жиі айтылуда. Маусым айында ауруханаға пневмониямен түсетіндер саны жыл басындағы шамамен салыстырғанда 100 есе өскен. 18 маусымда Covid-19 індетінен 97 науқас көз жұмса, соның ішінде 54 адамда бұрыннан инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар сияқты дерттер болған. Яғни бұл жағдайда коронавирус жанама әсер еткен.
Төтеннен келген бұл тажалға денсаулығы онсыз да тәуір болмай жүрген туыстарымыздың, жасы ұлғайған үлкен кісілердің төтеп беруі екіталай. Сондықтан айналамыздағылардың да амандығын ойласақ, сақтық шараларын барынша қатаң ұстану маңызды. Жаңа індеттің барына сенбей, секеммен қарап, селқостық танытқанымыздың соңы үлкен бейберекетке әкеліп соқтыруы мүмкін.