Кабинетінде жеке қалған Ерекең күндегі әдетінше жұмыс аяғында үстел үстіндегі күнтізбе бетін аударып қараса, тамыз айы да жақындап қалыпты. Осыдан он бір жыл бұрын Ерекең өзі туып-өскен Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған екен. Иә, уақытта өлшем жоқ деген осы.
Есіне Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын қызыл дипломмен бітіргеннен кейінгі еңбек жолын бастаған Солтүстік Қазақстан облысындағы «Марьевский» совхозы түсті. Оның алдында аудан басшылары Ерекеңнің Мәскеудегі Тимирязев академиясын бітірген қызыл дипломын көріп, оны шаруашылықтың бас агрономы етіп тағайындады. Ал егін орағы кезінде совхоздың директоры басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты аудан басшылығы Еркін Нұржанұлына директордың міндетін қоса атқаруды тапсырды. Дәл сол кезде Ерекең бар-жоғы 25 жаста болатын. Ол бірден шаруашылық жұмысына қызу араласып, өзінің білімі мен біліктілігін көпшілікке таныта білді. Егін орағы табысты аяқталып, шаруашылық жұмысын қорытындылаған облыс және аудан басшылары Еркін Әуелбековті совхоз директоры етіп бекітті.
Директорлық қызметке кірісісімен Ерекең халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуды қолға алды. Тың игеру жылдары жаңа салынған үйлер сол кезде одақтас республикалардан келген басқа ұлт өкілдеріне бірінші кезекте беріліп, өзіміздің қазақтар шетқақпай қалатын. Сол жағдайды байқаған Ерекең, ауылдастарымен ақылдаса келе асарлық әдіске көпшілікті жұмылдыра білді. Бүкіл ауыл болып, сенбі, жексенбідегі бос уақыттарын үй тұрғызуға арнап, лай илеп, саман құйған жігіттерге өзі бас болып жүрген соң, қалған жұрт та тыс қалмай, ұйымшылықтың арқасында бір маусымда баспаналарын жақсартып алды.
Еркін Әуелбековтің лауазымының тез өсуі аға ұрпақ өкілдерінің көз алдында өтті. Оған бірден-бір себеп, оның өзі жетекшілік ететін шаруашылық тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстарын көтере білуі, өнім өндірудің қосымша көздері іздестіріліп, еңбек адамдарының күш-жігері сондай ұрымтал тұстарға жұмылдыра білуінде еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары кадрларды таңдаудағы қоғамда қалыптасқан талап бойынша ұйымдастыру қабілеті бар, қай қызметте болсын өзін жақсы қырынан көрсете білген адамдарға әрдайым жол ашық болатын. Ерекең Солтүстік Қазақстан облысында істеген қысқа уақытта өзін сондай қырынан көрсете білді. Қарапайым халықтың арасында қызу еңбекте қайнап пісті. Болмысындағы алғыр мінез де, жан-жақты іскерлік те, өжеттілік пен ерлік те, міне, осы тұста бой көрсетіп, жас Еркіннің азаматтық тұлғасын ерекшелендіре түсті.
Бар-жоғы сегіз жылға жетер-жетпес уақытта Ерекең осы облыстағы лауазымды қызметтердің бәрін жемісті атқарып шықты. 1961 жылы ол Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, содан соң Ерекең облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылды, көп ұзамай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді. Осыншама лауазымды қызметтерді мінсіз атқарып, салауатты да салиқалы қалпынан айнымайтын Ерекеңнің тұлғасынан парасат-пайымы және байыпты іскерлігі сезіліп тұратын. Облыс жұртшылығы Еркін Әуелбековті осындай қырынан тани білді. Қабылдауға келгендер ақыл-кеңес сұрайды. Ондай жандар қашанда риза көңілмен алғысын айтып шығатын. Осындай құрметке ие болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақыт және ол әкесі Нұржанның қанымен, анасы Қалиманың ақ сүтімен дарыған өнегелі тәрбиеден болатын. Еркін Нұржанұлының басшылықтағы табандылығы мен дарындылығы, адамдармен тез тіл табысып, оларды ортақ іске жұмылдыра білуі жөніндегі іскерлігі республика басшылығына да жетті. Орда бұзатын отыз жасқа жаңа толған Еркін Әуелбековті сол жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Мәсімхан Бейсебаевтың ұсынысымен Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Осындай жауапкершілігі зор республикалық көлемдегі қызметті атқаруға Еркін Нұржанұлы тас түйін дайын еді. Өзіне де, басқаларға да қатаң талап қоя білетін Әуелбеков бұл жұмысты үйіріп әкетті.
Тың игеру жылдары, әсіресе солтүстік облыстардағы кадр саясатының өрескел бұрмалануы, келімсектердің лауазымды қызметтерге оңды-солды жаппай тағайындалуы кезінде, оның тегеурінді іс-әрекеті мен азаматтық жігер таныта білуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін батылдық болатын. Өзінің бастығы, министр Моторикамен иық қағыстыра жүріп, Ер-аға қиқар мінезді министрді өз дегеніне көндіре білді. Оның бір дәлелі министр еңбек демалысына кеткен кезде, министрдің міндетін атқара жүріп, министрліктегі жетекші екі басқарманың басшылығына қазақ кадрларын тағайындады.
Еркін Әуелбековтің министрліктегі кадр саясатына батыл араласуы министр Моторикаға ұнай қойған жоқ. Ашық тартысқа бармаса да араларына бір сызаттың түскені байқалып тұрды. Е.Әуелбеков болса теориялық үздік білімін санаулы жылдарда озат тәжірибемен ұштастырып, біліктілігін іс жүзінде реформатор екенін дәлелдеп үлгерді. Және қай жерде жүрсе де, қандай басшылық қызметте болса да өмір бойы ұстаз болып қызмет жасаған Нұржан әкесінің өсиет етіп айтып кеткен: «Балам, қолыңда билік бола қалса, қарапайым адамдарға қамқоршы бола біл, ұлтыңның намысын ешкімге таптатпайтын бол» деген нақылын ешқашан естен шығармайтын. Сондықтан да болар, Ерекең Қазақстанның дамуы мен ұлтының өсіп-өркендеуіне үлес қосуды өмірлік мақсат етіп қойса, министр Моторика консерваторлық көзқарастан арыла алмайтын және қазақ мамандарына менсінбей қарайтын. Еркін Нұржанұлы министрлікке келген бетте осыны бірден байқаған болатын. Ал министр Моторика ашық айқасқа баруда Еркін Нұржанұлының білімпаздығы мен қиыннан қиыстырып сөйлейтін шешендігінен сескенетін еді. Сондықтан ол Д.Қонаевпен кездескен сайын Әуелбековке қамқоршы болғансып, оны өсіру керек екендігін жиі-жиі Димекеңе айтып жүретін. Екі басшының арасындағы тартыстың тамыр жаюын қаламаған Дінмұхамед Ахметұлы болашағынан үлкен үміт күттіретін Еркін Әуелбековті Моторикаға жығып бермей, оны Қазақ КСР Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі етіп жоғарылатып жіберді.
Тың игеру жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі зор қарқынмен дами бастады. Осыған орай Қазақстанға бет бұрып Ресей мен басқа республикалардан ағылған кадрларда есеп болмады. Әсіресе солтүстік облыстардағы жағдай еш сын көтермейтін халге жетті. Мұндай келеңсіз көрініс сол жылдардағы республиканың бірінші басшысы Димаш аға Қонаевтың назарынан тыс қалмады. Көкшетау облыстық партия комитетіне бірінші басшыны тағайындау кезінде, Дінмұхамед Ахметұлы жас та болса басшылық қызметтің түрлі сатысында ысылып үлгерген Әуелбековке ұсыныс жасады. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау облысында бірінші басшының басқа ұлттан болуына байланысты, жергілікті кадрлардың үнемі назардан тыс қалатынын, жас қазақ мамандарын өсіріп, шаруашылықтың түрлі салаларына орналастыру керектігін, оларға қолдан келгенше жағдай жасау қажеттілігін ескертті. Шынында, Е.Әуелбеков осы облысқа келгенше Көкшетау облысында лауазымды қызметтегі қазақ кадрларының үлес салмағы жоқтың қасы еді. Олардың бірен-сараны ғана совхоз-колхоздардағы партия комитеттерінің хатшылығынан аспайтын.
Бірінші басшылық қызметте жүріп, Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауыл шаруашылығын республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосты, ұлттық кадрлардың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық жасап отырды. Диқандар арасынан үздік жетістіктерге жеткен қазақ жігіттеріне Социалистік Еңбек Ері атағын алуына септігін тигізді. Көптеген аупарткомның бірінші хатшылығы мен аудандық атқару комитеттері төрағалығына жергілікті кадрлар тартылды.
Ер-ағаның осындай адал еңбегін облысқа демалуға ара-тұра келетін Леонид Ильич Брежнев те, республиканы ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Қонаев та байқады, соған орай олар әділ бағасын берді де. Қырық беске келген шағында Еркін Әуелбековке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай жаста мұндай атаққа республикадағы обком хатшыларының бірде-бірі жетпеген еді.
Қазақ «әркімнің өзі шығар биігі бар» деп бекер айтпаған. Бұл нақылдың Әуелбековке тікелей қатысты екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Ерекеңе Еңбек Ері атағы берілісімен, әсіресе Алматыда оның артынан пыш-пыш сөз айтушылар көбейді. Қазақтың «жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер» дегені шындыққа айналды.
Қонаев төңірегінде жүргендер жай сөйлеп емес, шайқап сөйлей бастады, «елуге жетпей Еңбек Ері атағын алған Әуелбеков енді бір екі жылдан соң екінші жұлдыз алса, өзіңді тағыңнан кетіреді» дегенді Димекеңе жеткізуге асықты, соған бар күштері мен қулық-сұмдықтарын салып бақты. Ақыры сөз тасушылар өз ойлағандарына жетті.
Әуелбеков алдымен артта қалған Торғай облысын көтеруге жіберілсе, екі жыл толар-толмастан соң «Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын көтеру үшін» деген ұсыныспен Сыр өңіріне жіберілді.
Қиындықтан қаймықпайтын Әуелбеков үшін мұндай «тағайындау» оның жігерін жасыта алмады. Қайта ол екі облыста да проблемаларды шешудің жолдарын тауып, оны бүкіл республикаға жария етті. Мысал ретінде, Қазақстан Компартиясы ХVI съезінде сөйлеген сөзінде Әуелбеков делегаттар назарын Қызылорда облысының не себепті үнемі артта қалып келгенін, оған республика басшылығы тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбегенін, уақыт талабына сай халқының басым бөлігін қазақтар құрайтын аймаққа ерекше назар аудару қажеттігін ашына жеткізді.
Елдің экономикасы мен саяси жүйесін Горбачевше реформалау барысында КСРО халық депутаттар съезіне баламалы кандидаттарды ұсыну басталды. Неге екені белгісіз, Кеңес елінің жоғарғы органына жұмыс десе ішкен асын тастай салуға дағдыланған, үнемі ізденісте жүретін және әрдайым нәтижеге жетуді мақсат тұтатын Е.Әуелбеков Алматыда жасалған сценарий бойынша Қызылорда облысынан КСРО халық депутаты болып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайланды.
Мен өзім 1989-1991 жылдар аралығында Қазақ радиосының Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесінде парламент тілшісі болған кезде, комитет отырысында оның мүшелері елдің, халықтың көкейкесті мәселелерін шешумен емес, саяси ойынға беріліп, әркім өз көрпесін өзіне қарай тартумен айналысатынын байқадым. Қарақан бастарының қамдары үшін ғана тірлік жасаудың әрекеттеріне көңілі толмай жүрген Ер-ағаны талай кездестірдім.
Бір жолыққанда «мынандай күйімізбен елден айырылып, халықты тентіретіп жіберетін шығармыз» деп ішіндегі күйігін жасырмап еді. Шынында да көпшілікті ұшқыр ойымен, өткір сөзімен, қонымды ұсыныстарымен өзіне қаратып алатын асыл ағаның осындай күйзеліс жағдайда жүргенін көру бізге әрі өкінішті, әрі ауыр еді.
Жалпы, Еркін Әуелбеков бүкіл болмысымен әділетсіздік пен заңды аяққа басатындармен аяусыз күресетін қайраткер, бірбеткей басшы еді. 1986 жылдың көктемінде Байқоңыр әскери бөлімшесінің кінәсінен Сырдарияның төменгі сағасындағы облыс халқының жартысына жуығы тұратын Қармақшы, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласын уландыру қаупі төнді.
Осы жағдайға байланысты Е.Әуелбеков СОКП Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Горбачевке шығып, мән-жайды түсіндірді. Дереу Мәскеуден «Главкосмос» басшысы генерал-лейтенант, екінші космонавт Герман Титов бастаған комиссия келді. Аталған мәселе облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, Еркін Нұржанұлы космодром басшысы генерал-лейтенант Юрий Адверкеевич Жуковты аяусыз сынады. Мұндай қылмысты аяқсыз қалдыруға болмайтынын, заң бойынша осыған жауапты космодром басшысы Жуков партиядан шығарылып, сотқа берілетінін мәлімдеді.
«Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, генерал Жуков өлермен жағдайға түсіп, Әуелбековтен кешірім сұраумен болды. Бұдан былай жергілікті билік органдары мен тұрғындар мүддесіне қол сұқпайтынын, аймақтың экологиялық талаптарын қатаң сақтайтынын, тағы аңдарды ендігәрі атуға бармайтынын айтып, ант-су ішті. Осылайша жөн-жосықсыз кеткен космодром басшысын Еркін Нұржанұлы сабасына түсірді.
Мәскеуден егемен еліне келген Ер-ағаны мұнда ешкім күтпеп еді. Сондықтан біраз уақытқа дейін Ерекең жұмыссыз жүрді. Алайда билік басында отырғандар Е.Әуелбековті ұзақ уақыт бойы қызметсіз қалдыруға дәттері шыдамады. Оның үстіне республикалық газеттерде «есімі бүкіл елге белгілі мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков не себепті жұмыссыз отыр, бұл дегеніңіз тәуелсіздігімізге дақ түсіретін жағдай ғой» деп дабыл қаққан мақалалар шыға бастады. Өйткені Еркін Әуелбеков сияқты танымал азаматтың әлі де болса беделі зор еді. Бұл дабыл биліктегілердің құлағына да жеткен болар. Ақыры, Ер-ағаға Президент кеңесшісі қызметі ұсынылды.
Менің қызмет орным Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында болғандықтан, таңертең немесе кешке қарай Ер-ағаны жұмысына кетіп бара жатқанда немесе үйіне келе жатқанда жиі кездестіруші едім. Өзіне жарасымды қоңыр даусымен сәлемімді алып, хал-жағдайды сұрап жататын. Сөзге тартып, денсаулығыңыз қалай дегенде де «құдайға шүкір» деп қысқа ғана жауап қайтаратын.
Шынында да Ер-ағаның сырқаттанып, ауруханаға түсті дегенін естіген емеспін. Арықша, сымбатты келген тік бойынан өзін өзі күтіп ұстайтыны білініп тұратын. Тек қана өткір жанарынан әлде бір сыртқа шықпай жатқан шер жатқандай көрінетін...
Білетіндердің айтуынша, Еркін Нұржанұлы парасатты, адал азамат, алғыр тұлға. Ол сол болмысынан өзгермей солайша өмір сүрді, солайша қайраткер ретінде қалыптасты, солайша өмірден озды. Оның өнегелі ұлттық тарих пен құндылықтарды сақтай білетін азаматтық бейнесі Әуелбековті білетін барша жұрттың жадында сақталатыны сөзсіз.
Мейрам БАЙҒАЗИН,
Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі