Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли коронавирустан айығып, ауруханадан шықты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, - деп хабарлайды Egemen.kz
"Бүгін медицина қызметкерлерінің күні. Адам жанының арашасысы, дертке шипа беріп, сырқатты емдейтін ақ халатты абзал жандардың еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Олар өз жандарын шүберекке түйіп, ауруға шалдыққан адамның өмірі үшін күресіп, күн мен түнмен санаспай, уақытпен есептеспей, отбасыларынан жырақта, алғы шепте жұмыс істеп, сауапты іс атқарып жүр. Әсіресе, дәл қазіргідей қиын-қыстау кезде, сын сағатында дәрігерлердің қадірін анық түсініп жатырмыз", деп жазды Берік Уәли.
Сондай-ақ ол қалыпты тіршілікке қайта оралып жатқан емделушілердің атынан дәрігерлерге алғыс айтты.
"Осындай жанкешті жұмыс жолында жүрген әрбір азаматқа қауіпті індетке шалдығып, одан Сіздердің көмектеріңізбен жазылып, бүгінде қалыпты тіршілігіне қайта оралып жатқан емделушілердің атынан да алғыс айтып, алдарыңызда басымды иемін!Еңбектеріңіз жемісті, кәсіптеріңіз өрісті болсын! Халық, ұлт денсаулығы жолында атқарып жатқан игілікті жұмыстарыңыз жалғасты да жемісті болғай! Біз Сіздерді құрметтейміз!Аман болыңыздар, ақ халатты абзал жандар!", деп жазды Б. Уәли.
Еске сала кетейік, 6 маусым күні Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли коронавирус жұқтырған болатын.