Түркістан облысында "COVID-19" індетіне шалдыққандарды оқшаулауға арналған 270 орын бар болса, соның бүгінде 164-інде науқастар ем қабылдауда. Бұлардың дені коронавирус індетін жұқтырып немесе жұқтырғандармен тығыз қарым- қатынаста болғандар, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова мәлім еткендей, коронавирус індетіне ұқсас белгілері бар ауруға шалдыққандарды қабылдайтын қосымша 885 адамға арналған орында бүгінде 962 адам ем-дом қабылдауда. Олардың басым көпшілігінде коронавирус дерті анықталмаған. Яғни пневмония, ЖРВИ секілді детке шалдыққандар. Сондай-ақ, Түркістан облысында 124 жедел жәрдем бригадасы күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеуде.
Айта кетейік, өткен жылдың бес айында облыста өкпе қабыну дертімен 9735 адам науқастанып, жазылып шыққан. Биылдың 5 айында 7749 науқас өкпе қабынуы диагнозымен ауруханаға жатқызылып, олардың бәрі тегіс ауруынан толық айыққан. Ал 22 маусымға дейінгі дерек бойынша осы дертпен ем қабылдаған 461 науқастың 423-і емделіп шыққан.