• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Маусым, 2020

Қатерге басын тіксе де...

821 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жарлығымен Атырау қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары, полиция капи­таны Қуандық Сүйіндіков пен полиция аға лейтенанты Тимур Бал­мағанбетов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

...Оқыс оқиға биылғы 4 қаң­тарда болды. Сол күні екі по­лиция қызметкері бірге кезек­ші­лікте болатын. Кешкі сағат 19:40-та кезекші бөлімінен Жа­йық өзеніне төрт баланың суға батқаны жөнінде шұғыл хабар түсті. Олар дереу қызметтік кө­лі­­г­імен Жайық өзенінің жаға­сы­на жетті. Кешкі мезгіл бол­ған­­дық­тан, айналаны қараң­ғы­лық тұм­ша­ла­ған. Оның үстіне аспан мен жердің арасын қалың тұман бүркеп тұрды. Өзен үс­ті­нен еш­те­ңе көрінбейді. Тек бала­лар­дың «Құ­т­қарыңдар» деген жан даусы ғана үзіліп естіледі.

– Дауыс шыққан жаққа бағыт алдық. Тез жеткіміз-ақ келеді. Бірақ мұздың үстімен жүгіруге бол­майды. Өйткені жұқа мұз ойы­лып кетуі мүмкін. Сол себеп­тен, мұз үстімен еңбектеп жү­ру­ге тура келді, деп еске алады сол күнгі оқиғаны Қуандық Сү­йін­діков. – Балалар мұз үс­тін­де ойнап жүріп, жағадан 15 метрге дейін алыстаған. Жұқа мұз ойылып, төртеуі де суға түсіп кеткен. Біреуі 102 нөміріне теле­фон шалып, хабар беріпті. Балалардың біреуі өз бетімен мұз үстіне шығып үлгерген. Ал біреуі суға батып, оны құтқаруға үлгере алмадық.

Полиция қызметкерлері ба­ла­лар­дың дауысы шыққан тұс­қа келгенде, мұздан екі бала­ның басы көрініп тұрды. Бірақ ба­лаларға екеуі бірдей жа­қын­дай алмады. Себебі олар­дың сал­мағымен мұз одан сайын ойы­лып кетуі мүмкін еді. Сон­дықтан Тимур Қуандықтың аяғы­нан ұстап, ал ол балаларға қолын созды. Әуелі біреуін, кейін екіншісін судан шығарып алды. 

– Қауіп-қатерге бас тіктік. Бірақ сол сәтте балаларды құтқарудан басқа ештеңе ойлап үлгермедім. Кейін Тимур­­дан да сұрадым. Ол да тек бала­ларды құтқаруды ойлапты. Өйткені біз полиция қызметкерлеріміз ғой. Кез келген уақытта көмек беруге дайын болуымыз керек. Бұл – біздің міндетіміз, – дейді полиция ка­пи­­таны Қуандық Сүйіндіков.

Қоғамдық тәртіп күзетшісі болу – екеуінің де бала күннен бергі арманы. Сондықтан Қуан­дық Сүйіндіков 2014 жылы осы салаға жұмысқа орналасып, содан бері полиция қатарында қыз­мет атқарып жүр. Ал, әріптесі Тимур Балмағанбетов бұл салаға 2018 жылы келді.

– Бізді бейбіт күнде ерлік жас­аған ба­тыр деп жатады. Шын мәнінде біз ер­лікке жатқы­затындай ерекше әрекет жаса­­ған жоқпыз ғой. Біздің орнымызда өзге адамдар болса, солар да біз секілді әре­кет етер еді, – дейді Қуандық пен Тимур.

 

Атырау облысы