Ресейдің 28 қаласында, соның ішінде қаһарман қалалары мен әскери округтер, армия және армия корпустары, флоттары орналасқан қалаларда Жеңістің 75 жылдығына арналған парад өтіп жатыр, - деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Ресейдің бірқатар қаласында мерекелік іс-шаралар басқа форматта ұйымдастырылған. Кей аудандарда эпидемиологиялық жағдайға байланысты билік шешімімен шерулер өткізілмейтін болды немесе парад көрерменсіз өтеді.
Әскери парадтар Чита және Белогорск қалаларында өтті. Ал шерулер Шығыс әскери округінің жеті қаласында өтеді деп жоспарланған. Оған 21 мың адам, 600-ден аса доңғалақты және шынжыр табанды техника, авиация қатысады.
Жеңістің 75 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылып жатқан салтанатты шараға қатысу үшін өзге елдердің көшбасшылары Мәскеуге келіп жетті.
Ресей астанасына Абхазия Президенті Аслан Бжания, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Молдавия Президенті Игорь Додон, Сербия Президенті Александр Вучич, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко келді. Сондай-ақ мұнда Босния мен Герцеговина Президиумының сербиялық мүшесі Милорад Додик, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Оңтүстік Осетия Президенті Анатолий Бибиловтің келуі күтілуде.
Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Бүгін ол Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 13:00-де Қызыл алаңда Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Белгісіз солдат» қабіріне гүл шоғын қояды және Жеңістің 75 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысады.
Қазіргі ауыр эпидемиологиялық ахуалға байланысты Мәскеу сапарының алдында Президент жоспарлы түрде коронавирусқа тест тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұған дейін де медициналық хаттамаға сәйкес, үнемі тексеруден өтіп келеді.