• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Маусым, 2020

Бейнеуге 18 полиция қызметкері көмекке келді

876 рет
көрсетілді

Аудан әкімі Бейнеубек Әбілов ТЖ мен карантин кезінде атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Бұл туралы Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Облыс бойынша алғаш болып бейнеулік ерікті жастар бетперде тігуді қолға алды. Аудандағы мекеме, кәсіпорын қызметкерлерінің және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен еріктілер мен аудандағы тігін шеберханалары 85 000-ға жуық бетперде тіккен. Соның 25 000-нан астамы мүмкіндігі шектеулі балаларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және қызмет көрсетіп отырған кәсіпорындарға (ХҚО, банк, көше тазалығын сақтайтын адамдарға, полиция және қорғаныс саласының қызметкерлеріне) тегін таратылды. 59 000 дана бетперде аудандағы дәріханаларға тапсырылып, төмен бағада тұрғындарға сатылған.   22 мамырдан бастап аудандағы кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдай кезіндегі көрсетілген Мемлекеттік көмек туралы ақпараттар тізбесі мынадай:   • Ауданымызда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 7 651 адам бар. Белгіленген категорияларға сәйкес 15 мың теңгеге коммуналдық төлемдерге Республикалық бюджеттен қаржы жұмсалды. Қазіргі таңда 3 650 тұрғынның дербес шоттары тіркеліп, 109,5 млн теңге қаржы мамыр айында аударылды. Маусым айында 2 300 тұрғынның дербес шоттары нақтыланып, тиісті қаржысы толығымен аударылатын болады.   • Төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған азаматтарға тиесілі 42 500 теңге көмегіне қатысты аудан бойынша сәуір айында 13 936 адамға төленді, мамыр айында 9 974 адамға төленді және 8 615 адамның өтініші арнайы база арқылы тексеріліп, тиісті емес екені анықталды.   • Аудан бойынша төтенше жағдай енгізілгелі Nur Otan партиясының бастамасымен «Біз біргеміз!» акциясы аясында 828 отбасыға жалпы сомасы 25 371 440 теңгеге азық-түлік және гигиена құралдары берілді.   • 4 категорияға сәйкес (асыраушысынан айырылған жетім, АӘК алушы, мүгедек балаға қараушы, I топ мүгедектері) яғни 1718 азаматқа 50 мың теңге аударылып, жалпы сомасы 85 900 000 теңге мөлшерінде бір жолғы көмек көрсетілді.   • Одан бөлек ауданның 2 201 адамнан тұратын 381 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленіп келеді. Карантинді сақтау ережелеріне келетін болсақ 19 наурыздан бастап 1 маусымға дейін аудан аумағында 3 блок-бекет (Бейнеу, Боранқұл, Тәжен) қызмет көрсетті.   9 маусымнан бастап Карантин режиміндегі шектеу шараларын босаңсыту мәселесі әкімдік ұсынысымен қайта қаралып, тұрғындардың жүру уақыты сағат 08:00-22:00 аралығы болып, 30 орынға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары ашылды. Базарлар мен өзге де дүкендер сағат 10:00-17:00 аралығында және алдын ала жазылу бойынша медициналық орталықтар, сұлулық салондары мен шаштараздардың жұмыс жасауына рұқсат етілді.   Қазіргі аудандағы эпидемиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты және облыстық жедел штабтың хаттамалық тапсырмасы негізінде Маңғыстау облысының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Сыдыманов Ерғали Жақсыбекұлының 17 маусымдағы №29 қаулысына сәйкес аудан аумағында шектеу шаралары қайта қаралып, қосымша шектеулер енгізілді.   Аудан аумағындағы ауылдардың кіре беріс жолдарына жылжымалы мобильдік бекеттер қойылып, ауылдардан негізсіз халықтың шығуына шектеу қойылды.   Ауылішілік мобильдік топтар құрылып, отбасылық жиындар, діни рәсімдер мен өзге де шараларға шектеу қойылды.   Бейнеу ауылына өзге ауылдардан азық-түлік үшін кіру және шығу уақыты сағат 14:00-18:00 аралығы болып бекітілді.   Аудандағы полиция қызметкерлерінің жетіспеуіне байланысты облыстан арнайы 18 полиция қызметкерлері шектеулерді іске асыруға жалпы қоғамдық тәртіпті сақтауға көмекке келді. Аудандағы 10 ауылдық елді мекеннің кіре берісіне бақылау бекеттері қойылды. Халықтың негізсіз шығуына шектеу қойылды.