Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Моңғолия Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Баян-Өлгий аймағында туып-өскен және сол өңірдің Құрметті азаматы Үзбен Құрманбайұлының «Мәңгілік Ел» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Моңғолия Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Баян-Өлгий аймағында туып-өскен және сол өңірдің Құрметті азаматы Үзбен Құрманбайұлының «Мәңгілік Ел» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Автор кітабында атажұрт – Қазақ елі туралы тебірене ой толғап, біздің тәуелсіздігіміз – мәңгі және өсіп-өркендеген елдің жарқын кепілі деп түйін түйеді. Негізінде туындыға арқау болған Қазақстан Республикасының Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел мен жер үшін жасаған ірі істері, халқына сіңірген адал қызметі сыртта жүрген қандастардың көзімен сарапталады.
– Шетелде тұрып жатқан қазақ баласын халқымыздың өткен замандағы тарих-талайы күрсіндіреді, тәуелсіздіктің арқасында еліміздің қайта өрлеп, қарымды қарқынмен дамып келе жатқан бүгінгісі шаттандырады. Егемендікті бекем сақтап, қазіргі бейбіт те тұрақты тірлікті үдемелі қарқынмен жалғастыра берсек екен деген тілек толғандырады, – дей келіп, Үзбен Құрманбайұлы кітабында қазақ халқының мемлекет болып қалыптасқаннан бергі тарихына қысқа болса да шолу жасайды. Тек Қазақ елінде тұрып келе жатқан байырғы халқымыздың ғана емес, шетелдерде тұратын қандастарымыздың тарихи тағдырларына, оның себеп-салдарына да тоқталады.
Еліміздің елдігін, қазақ халқының қаһармандығын, Елбасының ерлігін паш еткен бұл кітап үш бөлімнен құралыпты. «Тарих тағылымы: кешкен азап – келешекке сабақ» атты бірінші бөлімінде «Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан басталған бодандық, ел-елге бытырап тозумен ұласқан қаралы жылдар, Қытай мен Моңғолияға барып қоныстанған қандастарымыздың көрген қорлығы, Түркияға дейін жеткен шұбырынды көш жайындағы оқиғалар нақты деректер бойынша әңгімелене келіп, әлемнің әр мемлекетіне бытырап кеткен қандастарымыздың байырғы Отанына, егемен елі Қазақстанға қайта орала бастағандығы қамтылыпты.
«Егеменді егей ел» атты екінші бөлімі – «Бақыт пен байлық бағдарламалары», «Қазақстанның адам капиталы», «Астана медицинасы алғы шепте», «Ұлы да ұлағатты Елбасы» атты тақырыптарды қамтыса, «Мәңгілік Ел» атты үшінші бөлімі – «Тәуелсіздік көктен түсіп келген құндылық емес», «Ұлт бірлігі – ұрпақ тілегі», «Тіл билігін құру – ұлттық мүдде», «Зиялылар ел тірегі, мақтанышы», «Мен» және халық», «Қанағат», «Жанұя жарастығы», «Өзімен өзі өсіп жетілуі қазақтың аңсаған арманы» атты тараулардан түзіліпті. Мұнда Қазақстан өз ішінде тату бірлікте болумен қатар, ежелгі көрші Ресей сынды мемлекеттермен бауырластықты одан әрі бекемдеу арқылы ғана көздеген мақсатына жетеді және бүгінгі жаһандану заманында бейбастақ демократия мен шектен тыс еркіндікке халықтың салт-дәстүрін ескермей еліктей берсе ұлттың азғындыққа душар болатындығы тілге тиек етіліпті.
Адам өзін бағалау бір бөлек те, бөтендердің көзімен қарап, солардың пайымдауына құлақ түргенде мән-мағына айшықтала түседі. Сондықтан Қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі, Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы Моңғолияның мерзімді баспа-сөздерінде жарық көрген бірнеше жазушы, журналистердің көзқарасын білдіріп, өзгелерге үлгі ретінде ұсынған тартымды мақалаларын тәржімалап енгізіпті.
Қазақ пен моңғолдың тағдырын бір кісідей арқалаған, ақыры соның жолында опат болған Тұрар Рысқұлов жөніндегі моңғол саясаткерлерінің пікірлерін топтап келтіре отырып, кітап «Мәңгілік Ел» және «Астана» деген екі өлеңмен аяқталыпты.
Басқосу барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, белгілі әнші Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқар сөз сөйлеп, автордың өрелі де өнегелі туындысына ризашылық сезімдерін білдіре өз ой-пікірлерін ортаға салса, Моңғолиядан елге оралған әнші Меруеш Башайқызы кітап авторы сөзін жазған «Мәңгілік Ел» мен «Ел көшкенде» атты өлеңдерді орындап туған елге тағзым етті. Кешті айтыскер ақын, ғалым Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп қорытындылады.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».