Елордалық М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Башқұртстан Республикасының Қазақстандағы күндері аясында Мәжит Ғафури атындағы башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры Шыңғыс Айтматовтың повесі негізінде режиссер Линас Мариюс Зайкаускас сахналаған «Ақ кеме» спектаклін ұсынды. Еске сала кетейік, биыл түбі бір түркітілдес халықтар Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдық мерейтойын лайықты тартулармен атап өтуде. Башқұрт тілінде көрермен көзайымына айналған бұл қойылымды жазушы аруағына тағзым етудің тағы бір жарқын көрінісі деп қабылдау керек.
Елордалық М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Башқұртстан Республикасының Қазақстандағы күндері аясында Мәжит Ғафури атындағы башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры Шыңғыс Айтматовтың повесі негізінде режиссер Линас Мариюс Зайкаускас сахналаған «Ақ кеме» спектаклін ұсынды. Еске сала кетейік, биыл түбі бір түркітілдес халықтар Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдық мерейтойын лайықты тартулармен атап өтуде. Башқұрт тілінде көрермен көзайымына айналған бұл қойылымды жазушы аруағына тағзым етудің тағы бір жарқын көрінісі деп қабылдау керек.
Башқұрт тілінің қазақшаға жақындығы оның көптеген ұқсас сөздерінен байқалып тұрады. Мысалы, тәржіма-тәржемәһе, жастар-иәштәр, халық-халык, мемлекет-дәуләт, әдебиет-әзәбиет, шығу-сықу, ашық-асық, су-сау, тәулік бойынша-тәулік буйынса сияқты тағы да басқа мағыналас, төркіндес ұғымдар моншақтай тізіліп кете береді. Өзімізбен бұл халықтың рухани тамыры бір бәйтеректің түбінде тоғысатынына мұнан басқа тағы қандай дәлел керек дейсің.
Тарихи жазбалар қазақ-башқұрт мәдениетінің ежелден дәстүрлі құндылықтар арнасында қалыптасқанын нақтылайды десек, тілі мен әдебиеті, салт-санасы мен дәстүрі егіз қозыдай ұқсас қос халық туыстығын Алтын Орда, Ноғай Ордасы кезеңдерінен сақталған би-батырлар хақындағы жыр-дастандар арасынан табу қиын емес. Мысалы, «Ақбоз ат», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Кусак бей» секілді т.б. эпикалық жанрдағы жыр-дастандар башқұрт тарихының түрлі кезеңдеріне арналады, сонымен қатар, қазақтың термеге сүйіспеншілігі сияқты мұнда да ауыз әдебиетінің жыр байлығына деген құрмет өте жоғары. Қазақ, татар поэзиясында есімі ерекше аталып жүрген Ақмолла ақынды, мәселен, башқұрт елі төл әдебиеттің ірі тұлғасы тұтады. Ақмолла өлеңдерін кезінде Сәкен Сейфуллин жеке жинақ етіп құрастырса, бертін келе ақын жырлары «Күндер мен түндер» деген атпен қазақ оқырманы жүрегіне екінші мәрте жол тартқан еді. Ал бүгінде Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры есімін иеленген Мәжит Ғафуридің «Ақынның алтын кенінде» атты өмірбаяндық еңбегі қазақтар жайын терең баяндайтынын біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Башқұрт жазушысы Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» пьесасы қазақ ұлттық сахна мәдениетінде өзіндік ізімен ерекшеленіп келсе, ондағы оқырман үшін башқұрт тілінде жарық көрген М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының орны қашанда биік болып саналады.
Ал «Ақ кеме» спектаклі арқылы башқұрт ұлттық сахна өнерінің халықтық негізде қалыптасқан келбеті айқын көрініс тапты. Оқиғаны баяндау мәнерінде өрнектеуді құп көрген режиссер шешімі автор идеясының көрермен жүрегіне мүлтіксіз қонуына қызмет етеді. Сахналық туындыда түпнұсқалық желі өзгермей, кішкентай баланың көзімен айналадағы күллі тіршіліктің қуанышы мен мұңы, шаңырақтың шаттығы мен шайқалуы аңыз бен шындықтың астасуы арқылы айшықты суреттеледі.
«Өмірдің мәні – ұрпақ жалғастығы» деген философиялық қағидамен қатар, дүниедегі байлық атаулының бәрі тек өзінің өкшесінің астында ғана жатқандай әлсіз жандарды аяусыз езіп-жаншитын өктемдік қай қоғамның болсын басты проблемасы болып табылады. Осы тақырыпты башқұрт театры бүгінгі күннің адамдарына жақындатып, тартымды тәсілмен жеткізеді. Қойылым жарқын этнографиялық музыкамен бастала келіп, кейіпкерлер мінез-құлқымен, іс-әрекетімен сәтті өріледі. Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасы қаламгер қиялының қыран қанаты талар қиядағы шыңы десек, сол биіктен башқұрт режиссурасы лайықты азық тапқанына куәміз. Рөлдерді шебер сомдаған актерлер шығармадағы шиеленісті шынайы жеткізуде ерекшеленді. Бала өмірдегі бар қайғы мен қасіретті Мүйізді Бұғы ананың жеңеріне имандай сенеді. Алайда, адам баласының қатыгездігі мен қаскөйлігі кейде тым асқындап кетіп жатады. Мүйізді Бұғы ананың соңынан жүрегі бұлақтай таза Бала бейне де лезде ғайып болады.
Тағы бір ерекше тоқтала кететін нәрсе, спектакльге театрдың барлық актерлерінің тартылуы. Олардың ішінде сахна шеберлері РФ еңбек сіңірген әртісі Олег Ханов, КСРО халық әртісі Гюлли Мубарякова, БР халық әртістері Танзиля Хисамова, Светлана Хакимова, Ильдар Саитов, БР еңбек сіңірген әртістері Ильфат Юмагулов, Ирек Булатов, Ильсур Баимов, Хаким Муртазин сияқты тағы да басқа сахна саңлақтары бар. Бала, Момын, кемпір, Сейтахмет, Гүлжамал, автодүкен жүргізушісі, Көкетай, мұғалима, әке, солдат бейнелерінің биіктен көрінуіне олардың сіңірген еңбегі өлшеусіз деп білеміз.
Башқұртстанның Қазақстандағы күндері барысында ғасырлар бойы үзілмеген рухани қарым-қатынастың заңды жалғасындай тағы бір оқиғаны айта кеткен орынды. Кеше Башқұртстан Республикасының Президенті Рүстем Хамитов Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттеріне лекция оқыды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
––––––––––––––––––
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.