Жосалыдан Қарсақбайға теміржол табаны тартылғанына биыл бір ғасыр толды...
Енді санаулы күннен кейін Қарсақбайдың алғашқы қара мысы алынғанына 85 жыл болады...
Жосалыдан Қарсақбайға теміржол табаны тартылғанына биыл бір ғасыр толды...
Енді санаулы күннен кейін Қарсақбайдың алғашқы қара мысы алынғанына 85 жыл болады...
Тасқа басылған тарих тағылымы
Ұлытау-Жезқазған аймағында б.д.д.
V ғасыр шамасында-ақ көне сақ тайпалары металл өндірген. Гередот жазбаларындағы деректер осыны дәйектейді.
Түгін тартсаң майы шығатын құйқалы өңірдің қазба байлығы отаршыл орыстарды бейжай қалдырмады. XVI ғасырдың отызыншы жылдарының ортасынан бастап-ақ патшалық Ресей үш ғасырдан астам уақыт бойы елшілері арқылы қазыналы қазақ даласын егжей-тегжейлі зерттеп, маңызды мәліметтер жинады.
Бізге біршама белгілісі – көпес Никон Ушаков. 1846 жылы сәуірде қазақ даласына атбасын бұрған ол сол жылдың қарашасында генерал-губернатор П.Горцаковқа жолдаған мәлімдемесінде Ұлытаудың оңтүстік-шығысына қарай 100 шақырым жерден мыс кенін ашқандығын баяндайды.
Бір жылдан соң тағы екі жерден мыс кенін тапқанын хабарлайды. Бар-жоғы бір жылдың о жақ, бұ жағында Жезқазған жерінен тапқан кен көздеріне «Покровск», «Златоусовск», «Никольск», «Крестодвиженск», «Спасск» деп ат қойып үлгерген Н.Ушаков олардың құжаттарын Көкшетау дуанының аға сұлтанына тапсырады.
1908 жылдың күзінде Жезқазған жеріндегі алты мыс кен орны мен Байқоңырдағы көмір шахталарының бас кеңсесі Лондонда орналасқан «Атбасар мыс кен орындары» акционерлік қоғамына сатылады. Ал 1912 жылдың желтоқсан айында акционерлік қоғам зауыт салуға қаулы қабылдайды. Шығысында кен шахталары шоғырланған Жезқазғанның, батысында отын көзі орналасқан Байқоңырдың ортасындағы Қарсақбайға қалауы түскен ағылшындар жерді жергілікті байлардан отыз жылға жалға алып, 1913 жылы зауыт құрылысына кіріседі.
Даладағы дүбір
Аязды ақпан төңкерісіне айылын жимаған ағылшындарды қазанда қайталанғаны қатты алаңдатқаны анық.
Өйткені, Уақытша өкіметтің орнына «қызылдар» келген еді. Үш жыл әуреленіп әкелген жабдықтарын ағылшындар толық орнатып та үлгермеді. Осылай Қарсақбай мемлекеттің меншігіне өтті. Қазан төңкерісінен кейін кәсіпорынды Кеңес өкіметі қалай қалпына келтіргені тарихтан мәлім. Төрт жылдай (1920-1924 ж.ж.) қаңтарулы тұрған зауытты жеделдетіп іске қосу мақсатында 1925 жылы 10 маусымда одақтық дәрежедегі «Атбасартүстімет» тресі құрылды.
Электр қуаты қатарға қосылды, кен байыту бөлімшесі мен балқыту цехы бабына келтірілді. Жосалыдан Қарсақбайға тартылған теміржол Байқоңыр мен Жезқазғанға жалғасты. Қумола өзенін бөгеп, тоған салу арқылы сумен жабдықтау мәселесі шешілді. Жергілікті жердің мүмкіндігі болмағандықтан, мамандар сырттан шақырылды.
1928 жылы 16 қыркүйекте балқыту пеші қыздыруға қойылды. 10 қазанда оның қызуы 1400 градусқа жетіп, бабына келгенде шахта тиеліп, тоғыз күннен кейін түнгі 23 сағатта алғашқы мыс балқымасы алынды.
Қарсақбайдың даңқты дастанының жарқын беттерін жазу даланы дүбірлеткен сол айтулы күннен басталды.
1958 жылы 16 шілдеде Жезқазған кен басқармасы мен Қарсақбай мыс зауытының базасында Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды.
Көмескіленбейтін көріністер
Қасқа жолмен «Қаратөбені» қапталдай көтерілгенде, қарсы алдыңнан Қарсақбайдың ақшаңқан үйлері көрінеді.
Оң жағыңдағы зауыт ғимараты ойпаңда орналасқанымен, көлегейлеген қыр-қыраттардан мойнын созып қозыкөш жерден көзге шалынатын қос мұржасы көңіл түкпіріндегі сағынышты қоздатып, өткенді еріксіз еске түсіреді.
Қарсақбайдың тарих қойнауында қалған, айбыны асқақтаған қуатты кезеңі күні кешегідей көз алдымда:
Қызуы бет қаратпайтын қызылжалқын балқыма. Киіз қалпағын келістіре киіп, маңдайынан тер моншақтаған металлург.
Алайда, Қарсақбайдың басына жетпісінші жылдардың ортасында қара бұлт үйірілді.
Майталман металлургтердің барлығы дерлік Жезқазғанда жаңадан қатарға қосылған мыс қорыту зауытына ауысып кетті.
Қарсақбайда қалған қауымның «екі қолына бір күрек» тауып беру кәдімгідей күрделі мәселеге айналды. Зауытқа жабылып қалу қаупі төнді...
«Қарсақбайдың күні бітті!» деген қаңқу сөздің шыққанына да қырық жылға жуықтады. Құдайға шүкір, қарт Қарсақбай әзірге қажитын, көштен қалатын түрі жоқ. Қайта уақыт талабына сай қайта құрылып, етек-жеңін жинап, «Қазақмыстың» қажетін өтеп отыр.
Өндірісі өркендеген Үлкен Жезқазғанды бүгінде алып бәйтерекке теңесек, қарт Қарсақбай оның тереңге тартқан тамыры іспеттес.
Тарих сынына төтеп берген, сексен бестің сеңгіріне шыққанша небір сындарлы сынақты көрген қарашаңырақты құтты қонысқа айналдырған қарсақбайлықтарға серік болған сенім сейілген емес.
Күні ертең «Бейнеуден» басталып, батысқа қарай беттеген теміржол табаны төселгенде мынау бүйірде жатқан «Балбырауын», анау көкжиекпен қолтықтасқан «Керегетас» кен қорын игеру қолға алынса, бұл өңірге үлкен өзгерістер әкелері анық.
Қарсақбай және Қадір
Қарсақбайды көрген сайын Қадір аға еріксіз есіме түседі.
Ұзақ жыл зауыттың тізгінін ұстаған, қарашаңырақты тағдыр тәлкегіне қалдырмай, соңғы демі таусылғанша толассыз тер төгіп, ерен еңбек сіңірген Мәткеновті айтамын. Қарсақбайға қатысты құмарыңды қандырып әңгіме тиегін ағытатын Қадір ағадай адамды әлі кездестірген емеспін.
Жарықтық жолымыз түсіп Қарсақбайға келіп қалғанымызда табиғатына тән байсалдылықпен салиқалы сөз сабақтайтын. Мол пішілген пошымы қандай еді?! Кеңпейілділіктің, парасаттылықтың самалы есіп тұратын. Қарсақбайдың кешегісін көктей шолып, бүгінгісін бүкпесіз баяндап, келешегіне кемел ой жүгірткенде тыңдаушысын тамсандырып тастайтын.
Халқы да оны қатты құрметтейтін. Жерлестері зыр жүгіріп жүріп, көзі тірісінде-ақ Қарсақбайдағы бір көшеге 1998 жылы оның атын алып берді. Әдетте, басшының артынан абырой әпермейтін әңгіме еретін еді, ал мынандай мерейге бөленіп, көпшіліктің құрметіне кенелу Мәткеновтің ғана маңдайына жазылғанын мойындауымыз керек.
Қадір ағаның асқан адамгершілігі, қайырымдылығы мен қарапайымдылығын қарсақбайлықтар күні бүгінге дейін жыр ғып айтады. Оның кеңсесінен ешкім еңсесі түсіп шықпайтын.
Қарсақбайдың тағдыры таразы басына тартылған тұста шайқала бастаған қарашаңырақтың қадірін кетірмей сақтап қалған, өзіне сенген бір қауым елдің арқасүйері болған оның ерен еңбегі әлі толық бағасын алған жоқ деп ойлаймын.
Тұлпардың тұяғын тай басар
Мұрат Мәткенов басқаратын кәсіпорында қажырлы қимылымен қарашаңырақты құтты қонысқа айналдырған жігіттің жайсаңдары еңбек етеді.
Қазір қос мұржадан көтерілген түйенің шудасындай көкшулан түтін көрінбесе де, оның тыныс-тіршілігі тоқтаған емес.
– Әрине, әкейдің орны бөлек қой. Өмір өз кезегімен өтіп жатқанымен, оның ойсыраған орны бәрібір байқалып жатады. Кейде бір шаруаның ыңғайын келтіре алмай қатты қиналғанымда әкейдің жоқтығы сезіліп қалады. Пендеміз ғой, алдыма келген адамға байқамай ауырлау сөз айтып қалсам, артынан «әттеген-ай!» деп өкінемін. Ол адам жанын терең түсінетін. Бірақ, ондай қасиет бәрімізге бірдей қайдан бұйыра берсін?! Әкейдің ғұмыры – мен үшін ғибраты мол өмір мектебі.
Бұл – металлургиялық зауыттың тізгінін ұстап отырған тұлпардың тұяғы, Қадір ағаның баласы Мұраттың сөзі.
– Әкесі сияқты кең ойлап, кемел пішеді. Ұйымдастыруға икемді. Бірде аймағымызға абыройлы Ахат ақсақал әкесінің жатқан жерін қоршауға қолұшын беруді өтінгенде, сол жерді барып арнайы көрген Мұқаң: «Мына жерде біз біле бермейтін талай жақсы мен жайсаң жатқан шығар. Олай болса қорымды тегіс қоршағанымыз жөн» деп, көпшіліктің көңілінен шыққан көшелі ұсыныс айтты. Ұлы Жеңістің 65 жылдығында Мұқаңның тікелей ұйытқы болуымен, өз күшімізбен қарсақбайлық майдангерлерге арналған ескерткіш орнатып алдық.
Бұл – саналы ғұмырының қырық жылдан астамын кәсіпорынға қызмет етуге арнаған ардагер ағамыз, зауыт кәсіподақ комитетінің төрағасы Мейрам Байжановтың пікірі.
Тоқ етеріне тоқталсақ, қарашаңырақтың тірлігі көптен көш ілгері болмаса да, көңіл жабырқайтындай жайы жоқ. Өңірге шақ – өндірісі, «тәубе» дейтіндей тұрмысы бар.
Қаныштанқалған бір белгі
Бір кездері қазақтан шыққан болашақ бірінші академиктің баспанасы болған, бүгінде мұражайына айналған жалғыз қабатты жатаған үй жанарға жылы ұшырап, Қаныштың көзіндей әдемі әсер қалдырады.
Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысының басында Атбасар түсті металдар тресі геологиялық барлау бөлімінің бастығы және бас геолог болып тағайындалған Қаныш Сәтбаев 1941 жылға дейін Қарсақбайда еңбек етіп, Үлкен Жезқазғанның іргетасын қалап кетті.
Академик Қаныш Сәтбаевтың мұражайын қарсақбайлықтар қатты қастерлейді. Бір басында Қаныштың отбасы отырған, келесі басы кеңсесі болған бұл ғимарат жәдігерлерді жайғастыруға орайлас қайта құрылып, күрделі жөндеуден өткізілген.
1968 жылы қазанда Қарсақбай зауытының қара мысы алынғанына 40 жыл толғаны тойланғанда мұражайдың алғашқы көрермені мерейтойға келген қонақтар болды. Ал, келесі жылы сәуірде Қаныштың туған күніне сәйкес салтанатты жағдайда ресми түрде ашылды.
Келімді-кетімді қадірлі қонақтар қалайда уақыт тауып мұражайға соғады. Бұл жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та болған, қонақкәдеге қолтаңба қалдырған. Өзіміз Қарсақбайға жолымыз түскен сайын жаңа көргендей әдемі әсерге бөленеміз.
Мұражайдың маңайындағы тал-терек ауланы жасыл желекке малындырған. Тура табалдырықтың тұсында, аулаға кіреберістегі босағаның бойында Қаныш өз қолымен отырғызған қарағаш өзгелерінен оқшау көрінеді.
Болашақ ғұлама ғалым осында он бес жыл тұрған, он бес жыл жемісті қызмет атқарған, келешегіне керекті көп дерек жинаған. Мұнда ұлы тұлғаның табанының ізі, алған демінің табы қалған. Ондағы әр мүліктің өзіндік тағылымды тарихы бар. Егер оларға тіл бітсе, талай сыр ақтарылып, талай тарих тарқатылар еді.
Жинақы жеті бөлме. Кіріп барғанда Қаныштың қабырғадағы үлкен бейнесі қасқая қарсы алады. Қарсақбайға қиялдың қанатына мініп келген өрімдей жас жігіт емес, елағасы атанған шағы. Байсалды жүзінен мейірім шуағы төгілген. Жеке мүліктері осы бөлмеден орын алған. Елу жасында сыйға тартылған оқалы шапаны да осында.
Өмірі мен қызметі келесі бөлмедегі жәдігерлерде өрнектелген. Өмірбаяны өзек болған құнды құжаттар тұтас бір қабырғаны алып тұр. Қаныш туралы ғұламалар айтқан пікірлер көзге түседі. Мынау – еменнен жасалған жазу үстелі. Үлкен Жезқазғанның бедерлі болашағына жоғарғы жақтағылардың көзін жеткіземін деп талай таңды осы үстелдің басында атырған-ақ шығар?! Сиясауыты мен қаламы сол қалпында. Түн түндігін түріп барып сәл-пәл мызғып алуға қисайған иесі жаңа ғана қойғандай. Үстелдің жиегінде шақшасы тұр.
Содан кейінгі шағын бөлмеде Қаныш ашқан минералдар мен жеке коллекциясы шоғырланған. Небір кен қазбаларының қазығын қаққанда қағазға түсірген сызу үстелі де сонда. Төртінші бөлме академикпен қызметтес болғандарға арналған. Арасынан скважинаға бұрғы бойлатқан қарапайым қатардағы жұмысшыдан мемлекет қайраткеріне дейінгі небір жақсылар мен жайсаңдарды жолықтырасың.
Қарсақбай қалашығы мен ондағы металлургиялық зауыттың тарихынан сыр шертетін жәдігерлер бесінші бөлмеде. Алтыншысы соның жалғасы десек те болады. Ал, жетінші бөлмеге өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігінен мол мәліметтер, дәйекті деректер беретін экспозициялар қойылған. Зауытты қалпына келтіру кезеңінен бастап, бүгінге дейінгі қадау-қадау белесі бедерленген.
Қаныштың көзіндей болып біздерге қалған бұл мұражайда кімдер болмады дейсің?! Қонақтар лебізін қалдырған қалың кітапты ақтара бастасаң, бәрі андыздап алдыңнан шығады. Ол – заңды жалғасын табатын жылнама.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы.
––––––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Алина ЖҰМАШЕВА.