• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.66
  • EUR:
    475.14
Басты сайтқа өту
Коронавирус 24 Маусым, 2020

Covid-19 вакцинасы егде жастағыларға көмектеспеуі мүмкін

1747 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда әр ел әлемді жайлаған қатерлі вирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлеуге бел шеше кіріскен. Бұл істе әлбетте ғалымдар алдыңғы шепте жүр. Ал сол ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинаның егде жастағы жағдайы ауыр науқастарға көмектеспеуі мүмкін екенін айтады.

Ұлыбританиядағы Sage ғылыми кеңес беру тобының мүшесі, профессор Питер Опеншоу бұл туралы Лордтар палатасының ғылым және технологиялар жөніндегі комитетінің осы аптада өткізген отырысында мәлімдеді.

"Кейде осал топтарды екінші топ арқылы қорғауға болады, мәселен, бұл әдіс тұмауға қарсы қолданылады", дейді профессор П.Опеншоу. Оның айтуынша, ауыр тұмаулармен жиі ауырмайтын балаларға екпе егу арқылы олардың ата-әжелерін тұмаудан қорғауға болады. Сол секілді медицина қызметкерлеріне бірінші вакцина салдыру қажет. Сонда дәрігерлер қабылдауына келген қарт кісілерді, егде емделушілерді аурудан сақтайды.

UCL-дің иммунология профессоры әрі Британдық иммунология қоғамының президенті Арне Акбар ғалымдардың қарт адамдардың иммундық жүйесіне қатысты мәселелерді шешуі керегін айтады. Өйткені соңғы кезде егде жастағы дені сау жандардың өзінде қабыну белгілері жиі байқалып жүр. "Бізге осы қабынудың қайдан және неден болатынын білу керек. Қарт кісілердегі бастапқы қабыну әлсіздік және көптеген негативтің салдарынан болады. Және олар Covid-19 секілді қауіпті инфекция жұқтырғанда, жағдайды одан сайын ушықтыратын секілді", дейді А.Акбар. Оның ойынша, егде емделушілерге дексаметазон секілді қабынуды болдырмайтын және Covid-19-да өмірін сақтап қалатын вакцинаға қосымша тағы бір нәрсе қажет.