Тұрар Рысқұлов ауданы – облыстағы экономикасы мен мәдениеті қатар дамыған өңірлердің бірі. Аудан 1938 жылы Луговой атауымен шаңырақ көтерген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1999 жылдың 11 наурызынан бері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Тұрар Рысқұлов ауданы болып аталып келеді.
Біздің тілшіміз осы ауданның әкімі Марат СМАЙЫЛОВПЕН өскен өңірдің өркенді істері туралы әңгімелескен еді.
Тұрар Рысқұлов ауданы – облыстағы экономикасы мен мәдениеті қатар дамыған өңірлердің бірі. Аудан 1938 жылы Луговой атауымен шаңырақ көтерген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1999 жылдың 11 наурызынан бері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Тұрар Рысқұлов ауданы болып аталып келеді.
Біздің тілшіміз осы ауданның әкімі Марат СМАЙЫЛОВПЕН өскен өңірдің өркенді істері туралы әңгімелескен еді.
– Аудан экономикасының негізгі табыс көздерінің бірі ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 3-ші орынды иеленіпсіздер. Сол толағай табыстарыңыз туралы өзіңізден естісек деп едік.
– Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім көлемінің нақты индексі 101,9 пайызды құрап, 6,8 миллиард теңге болды. Мемлекет тарапынан көктемгі егіс-дала жұмыстарына бөлінген 6400 тонна жанар-жағармай диқандар үшін үлкен қолдау болды. Осының нәтижесінде 71 397 гектардан астам алқапқа масақты дақылдар себіліп, бітік егін өсірілді. Әр гектардан орта есеппен 19 центнерден өнім алынды. Сонымен қатар, облыс астығының 33 пайызын біздің аудан беріп отырғанын да айта кеткен жөн. Мұндай табыс диқандардың қажырлы еңбегінің, егіншілікті ғылыми негізде жүргізе білудің, ауыспалы егіс жүйесін дұрыс енгізудің және агротехникалық шараларды талапқа сай орындаудың нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Биыл жемшөп дайындау жоспары да межедегіден анағұрлым артығымен орындалды. Бүгінде мал азығының 1,5 жылдық қоры жиналып отыр. Агроқұрылымдардың техникалық паркін жарақтандыру да жоғары деңгейде жүргізілуде. Бүгінге дейін 333,0 миллион теңгеге ауылшаруашылық техникалары сатып алынды.
– Ауданның оңтүстігі – тау, солтүстігі – құмды дала. Мұнда үлкен арналы өзен де жоқ. Сондықтан өңір үшін су мәселесін шешудің маңызы зор. Қандай жол бар?
– Ғалымдардың болжамы бойынша, біздің аудан аумағында жерасты суының мөлшері орасан үлкен. Ғылыми деректерге жүгінсек, тіпті теңіз үстінде отырғандаймыз. Әрі ол сапасы өте жоғары тұщы су. Осыған байланысты алдағы уақытта жерасты суын тиімді пайдалануды, бұған қоса кеңес дәуірі кезінде жұмыс істеп, кейінгі уақытта жерастына шөгіп кеткен байырғы артезиан құдықтарын, лотокты және құбырлы су жүйелерін іске қоссақ деген ойдамыз. Аудандағы есепте бар 109 шахталы құдықтардың 41 данасы «Жидек» шаруа қожалығының иелігінде. Қожалық тәлімі егістіктің 3000 гектар алқабын тамшылата суару бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.
– Бабаларымыз ықылым заманнан төрт түліктің тұқымын аздырмай, асылын жоғалтпай, бағып-қағып отырған. Қайбір жылдары бұл үрдіс ұмыт бола бастағандай еді, абырой болғанда, Үкімет соңғы кезде асыл тұқымды мал өсіруге ерекше назар аударып отыр. Аудан шаруашылықтарында осы бағытта қандай іргелі жобалар жүзеге асырылуда?
– Соңғы жылдары ауданымыздың экономикалық тұрғыдан дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған «Луговой жылқы зауыты» ЖШС облыс агроөнеркәсіп саласында өзінің орнықты орны бар, іргелі шаруашылық болып табылады. Шаруашылық тізгінін қолына алғалы бері кәсіпкер Халит Базаралиев уақыт сұранысына сай өңірге үлкен инвестициялар тартуда. Соның арқасында серіктестік асыл тұқымды мал өсіру, егін егу, шөл және шөлейтті аймақта өсімдік, балық және құс шаруашылығын өркендету, нан өнімдерін өндіру, кірпіш, шағалтас және басқа құрылыс материалдарын шығару бағытында ауқымды жұмыстар атқарып отыр. Серіктестіктің «Ақалтеке» және ағылшын тұқымдас сәйгүліктері де көздің құрты. Қазір мұнда 120 бас таза қанды жылқы бар. Сондай-ақ, шаруашылық асыл тұқымды шошқа өсірумен және оның етін өндірумен айналысады. Ол үшін 30 мың бас «талпақ танауға» арналған бордақылау алаңы бар. Оған мемлекет тарапынан 3,4 миллиард теңге несие бөлінді.
Серіктестіктің бәрекелді дегізетін тағы бір бастамасы, балық өсірумен де шұғылдануы. Қазір онда балық зауыты құрылысы қолға алынды. Болашақта серіктестік зауытында тауарлы балық өнімдері, оның ішінде жоғары сапалы уылдырық өндіріле бастайды. Сол секілді 96 жылыжай құрылысын жүргізуге «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржылай қолдау көрсетіліп, жылыжай құрылысы басталып кетті. Осында, сонымен бірге, Алатау тұқымды 500 бас сиыр бар. Оның әрқайсысынан жылына 6 тоннадан сүт өндіріледі.
«Шәушен» шаруа қожалығы болса асыл тұқымды «Еділбай» қойларын және текті тұқымнан шыққан тұлпарлар өсірумен шұғылдануда. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылыққа мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп келе жатқанын айта кеткен орынды. Сонымен бірге, 4000 гектар жерге дәнді дақылдар өсіруде. Шаруашылықтың басшысы егіншілікті ғылыми негізде жүргізіп, жоғары сортты тұқымнан жыл сайын мол табысқа кенелуде.
– Ауданда ірі жобалар да, іргелі шаруашылықтар да бар екен. Солардың елге деген себі қандай?
– Луговой жылқы зауытының елге деген игілікті істерін айтпағанда, «Шәушен» шаруа қожалығы бүгінгі таңда 110 ауыл тұрғынын тұрақты түрде жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа жалақысы 43 мың теңгені құрайды. «Туған жерге – туың тік» деген сөз бар халқымызда. Осы қағиданы берік ұстанған қожалық жетекшісі Сайрамбай Дөненбаев туған ауылын көркейтуді де назардан тыс қалдырған емес. Жарлысу атты ауылды осыдан он жыл бұрынғы ауылмен салыстыруға әсте болмайды. Алыстан көз тартатын заманауи үлгідегі орта мектеп, қаздай тізілген екі пәтерлі жаңа үлгідегі 10 тұрғын үй, өткен жылы ғана пайдалануға берілген 40 орындық интернат үйі, имандылық ордасы – мешіт пен 25 шәкіртке арналған медресе ауылды ажарландыра түскен. Осы игіліктің барлығы да «Шәушен» шаруа қожалығының жеке қаражатына салынып, ауыл тұрғындарының пайдалануына берілген.
– Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін адамдарға арналған бірнеше бағдарламалары бар. Осы бағдарламалар жергілікті шаруалар тарапынан жаппай қолдауға ие болып отыр ма?
– Қазір еңбек етемін деген жанға Астанадан ауылға дейін барынша мол мүмкіншілік туғызылған. Олар еңбекті ұйымдастырудың жаңа әдістері мен формаларын тиімді пайдаланып, толағай табыстарға қол жеткізіп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жалпы өткен жылы 16 шаруа қожалығы 126,2 миллион теңге несиеге 718 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды. Бұл бағытта биыл да қыруар шаруалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ірі қара мал саны өткен жылмен салыстырғанда 121 пайызға, қой-ешкі 101, жылқы 105 пайызға өсіп отыр. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 81,2 миллион теңге несие алынып, 415 аналық ірі қара және 23 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Жыл басынан бері 320 тонна ет артық өндірілді. Шаруа қожалықтарының техникалық паркі де жыл сайын кеңейіп, жаңа техникалармен толығып келеді.
– Бүгінде өнеркәсіп саласы өркенді істің бойтұмарына айналды. Осы тұрғыда өңірлеріңізге үлкен инвестициялар тартылып жатқанын жақсы білеміз. Осы жайлы да өз аузыңыздан естісек деп едік.
– Өнеркәсіп саласында ауданымызда өткен жарты жыл ішінде 1160,9 миллион теңгенің өнімдері өндірілді. Сөйтіп, 2012 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,4 пайызды құрады. Бүгінгі таңда аудан аумағында 3350 кәсіпкер жұмыс істеуде. Олар жыл басынан бері 1174,2 миллион теңгенің өнімдерін өндіріп, қызметтерін көрсетті. Бюджетке 188,9 миллион теңге салық төлемдері түсті. Кәсіпкерлерге 497,8 млн. теңгенің несиесі берілді.
– Кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде мәселе бар ма? Мысалы, көптеген адамдар өз ісін неден және қалай бастарын білмей, алтын уақыттарын босқа өткізеді.
– Біз бұл мәселені шешу үшін ауданнан Бизнес орталығын аштық. Бұл адамдардың қажеттілігін өтеуден туындап отыр. Несие алу үшін қарапайым адамдар көптеген құжаттар дайындап, мекемелердің табалдырығын тоздыруы қажет. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін, яғни несиенің қолжетімділігін жеделдете түспек ниетпен бүгінде кәсібін ашамын деп талап етушілерге кеңес беріліп, құжаттарын жедел әрі сапалы ресімдеп алуға мүмкіншілік жасалып отыр. Сондай-ақ, «Бизнес орталығы» кепіл де болады. Айталық, белгілі бір тұлғаның нақты бизнес-жоспары бар, мақсаты айқын, еңбек ету қабілеті зор болып, бірақ кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі немесе малы жоқ болса, «Бизнес орталығы» әлгі тұлғаның мақсат-жоспарын зерделеуден өткізген соң банк алдында кепіл болады.
– Аудандағы әлеуметтік жағдай, білім беру, халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздық пен кедейшілікті төмендету, абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстар жайлы айтсаңыз.
– Қазіргі таңда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 47 адам кәсіптік оқуын жалғастыруда. 118 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 125 жас түлек «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа жіберілді. Осы бағдарламаның 2-ші бағыты бойынша шағын несие алуға 178 кәсіпкердің тізімі ұсынылып отыр. Ал бұған дейін 121 адам 240,3 миллион теңге несие алған. Бағдарламаның 3-ші бағыты бойынша Ақбұлақ ауылдық округінің «№98-разъезд» бөлімшесіндегі 100 адамнан тұратын 17 отбасын көшіру үшін тұрғын үй салуға жер телімдері бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Сол секілді 4-ші бағыт бойынша жаңадан 108 жұмыс орны ашылып, 55 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілді. Ауданда денсаулық сақтау мен мәдениет және спорт салаларын дамытуға да басты назар аударылып отыр.
Елбасымыз ауылдың еңсесін көтеруі – жергілікті жердегі басшыларға тікелей байланысты екенін үнемі айтып жүр. Бұл – үлкен міндет, ауыр жүк. Осы сенімді абыроймен атқарсам деймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Құлан ауылы.