• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 25 Маусым, 2020

Нұржан Жалауқызы: Әр күнім камера алдындағы қарбаласқа ұқсайды

756 рет
көрсетілді

Отандық медиакеңістікте есімі ерек аталатын Нұржан Жалауқызы бірқатар іргелі ұжымды басқара жүріп, қазақ журналистикасының дамуына қомақты үлес қосып келеді. Алматы дейтін аяулы шаһардың өткені мен бүгінін, бары мен жоғын таразылайтын «Алматы» телеарнасына басшылыққа келгелі бері де көзіқарақты көрерменнің көзайымына айналған тың жобаларды жүзеге асырып жүр. Журналистер қауымының төл мерекесі қарсаңында тәжірибелі медиаменеджермен әңгімелескен едік.

– Алматы азаттығымыздың алтын арқауы, тәуелсіздігіміздің төл бесігі деп жатамыз. Өнер мен мәдениеттің, ру­ханияттың қастерлі ошағына ба­­ланған алып шаһардың тыныс-тір­шілігі бүкіл ел тұрғындарының көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Осындай ірі қаланың телеарнасына да үлкен міндет жүктелетіні белгілі.

– Әлбетте, солай. «Алматы» теле­ар­насына басшылық қызметке келгеніме бір жылға жуықтап қалыпты. Өзіңіз айтып өткендей, Алматы – ұлт руханиятының алтын діңгегі, бұрынғы астанамыз, қа­зіргі ел экономикасының күретамыры, қаржы мен іскерлік орталығы. Абыз Алатаудың баурайында орналасқан мега­полистің әр көшесінде шежіре тұнып тұр. Ұлыларымыздың табанының ізі қалған, тарихы тым тереңде жатқан, атынан аңыз ерген аяулы қала. Жаңашыл қала, жаңалыққа құмар қала, жасампаз қала. Еліміздің көрікті жерлерін та­­машалауға келетін туристер үшін Ота­­­нымыздың әуе қақпасы. Әркімнің жү­регінде өз Алматысы бар. Талайларды бақыт құшағында тербеткен мұндай ға­жайып қалада өмір сүріп, еңбек етудің өзі – бір ғанибет. Шығармашылық өмір жолымда маған осындай мүмкіндік берген қала басшылығына ризамын әрі жауап­кершіліктің жүгі ауыр екендігін де баса айтқым келеді.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаламызға арнайы келіп Алматыны дамытуға ар­нал­ған кеңес өткізді. Шаһардың әлеу­мет­тік-экономикалық әлеуетін арт­тыруға бағытталған басқосуда көптеген маңызды мәселе сараланды. Қаланың тарихы, өткені мен бүгіні тұтас қамтылып, жаңа қадамдар жасалды. Міне, сол жұмыстар қалай атқарылып жатыр, білікті басшы Бақытжан Әбдірұлы бастаған қала билігі бұл бағытта қан­дай тың бетбұрыстарға барды? Осының бәрін мәртебелі кө­рер­менге қаз-қалпында ұсынатын біздің телеарна. Экономика, туризм, өнер, мә­дениет, әдебиет, білім-ғылым, экология, спорт секілді ел өркендеуіне серпін беретін негізгі салалардың бет-бейнесін боямасыз бедерлеуге күш саламыз. Бір сөзбен айтқанда, «Алматы» телеарнасы – Алматы қаласының айнасы. Бүкіл армандар тоғысқан арда қалада болған кез келген оқиға өзіңіз айтқандай, тұтас ел тұрғындарының көңіл күйіне әсер етеді. Осы жағынан келетін болсақ, бізге қойылатын талап та салмақты. Сондықтан Алматыда айтылатын сөздің ұтымды айтылуына, елді ынтымақ пен бірлікке ұйыстыра білуіне баса мән береміз. Әлемде және еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан елеулі оқиғаларды да назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Біздің жобаларымыз Отанымыздың түкпір-түкпіріне таралады.

– Яғни, аты аймақтық арна бол­ғаны­мен, арқалаған жүгі, ауқымы кең дейсіз ғой.

– Аймақтық деп белгілі бір қалада орналасқандықтан айтылатын шығар. Дегенмен, мен бұл ұжымды ұлттық дең­гейдегі мемлекеттік арна деп атаған болар едім. Өйткені біздің телеарна – меншіктік құрылым тұрғысынан қарайтын болсақ, акционерлік қоғам. Ал қаржы көздері тұрғысынан Алматы әкімдігінің тіке­лей ақпарат құралы және 100 па­йыз мемлекеттік тапсырысты орын­дау ба­ғытында құрылған телеарна. Негізгі құ­­рыл­тайшымыз Алматы әкімдігіне қа­­рас­ты Қоғамдық даму басқармасы. Бұқаралық ақпарат құралы болғаннан кейін тек мемлекеттің бюджетіне ғана қарап отырмаймыз. Сол алған қаржыға сапалы өнім өндіру арқылы нарықта басқа да телеарналармен қатарласа еңбек етіп жүргеннен кейін жарнамаға арқа сүйейміз. Сапалы өнімдер өндірілетін болса ғана жарнама берушілер өздерінің өнімдерін эфирімізге орналастыруға ниет білдіреді. Сондықтан екінші бір табыс көзіміз – жарнама. Алайда бұл ба­ғытты негізгі нысанға алып, жарнама қуа беру де дұрыс емес. Өйткені біздің бас­ты төрешіміз көрермен. Сол көрермен қауымның ықыласына лайық болу үшін қызмет етеміз. Телеарнада техникалық ауқым үлкен рөл атқарады. Осыдан жиырма бір жыл бұрын шы­мылдығын түрген біздің арнамыздың техникалық әлеуеті Алматы қаласының аудиториясына лайықталғанымен, 2010 жылы іске қосылған «Отау» спутниктік желісіне енген болатын. Сол арқылы басқа өңірлерге де тарай бастады. Аймақтардағы ка­бельдік жүйелермен тікелей байланыс орнатып, келісімшарт арқылы таратыламыз. Былтырға дейін соңғы үш жылда бірінші мультиплекстегі 15 міндетті түрде тарайтын телеарналардың тізімінде болған екенбіз. Сол арқылы тек миллиондар тоғысқан мегаполис тұрғындары ғана емес, тұтас ел көрермендері біздің арна арқылы қоғам тынысын танитын. Өкінішке қарай, өткен жылдың 1 маусымынан бастап бұл тізімнен шығып қалдық. Осыған байланысты техникалық таралуда аздаған шектеулер де жоқ емес. Ірі мегаполистің тыныс-тіршілігін танытатын электронды БАҚ-тың еліміздің барлық аймағындағы көрермендерге қол­жетімді болуына мән берілсе деген тілек көңілімізді меңдейді. Алдағы уақытта, бұл мәселе назардан тыс қалмайды деп үміттенеміз. Ең бастысы, телевизияның табиғатын терең түйсінетін кәсіби мамандардан құралған шығармашылық ұжымымыз бар. Биыл өзінің 21-ші теле­визиялық маусымын ашқан арнамыз телеэфирде тәулігіне жалпы алғанда 22 са­ғат бойы хабар таратып отыр.

– Арнаның басым бағыттарына, ең басты жобаларына жекелей тоқта­лып өтсеңіз.

– Көрерменге тағылымы мол, таным­дық дүниелерді тарту ететін таңғы хабардан бастап, әр бағдарламаның сапалы шығуына айрықша мән береміз. Былтыр шілде айынан бастап аптасына екі мәрте көрерменге тікелей эфирде жол тартатын «АKIMAT LIVE» бағдарламасы жарыққа шықты. Алып шаһардың 8 ауда­нында не істеліп жатыр? Әкімдіктің құрамына кіретін басқармалар халықтың тұрмысын жақсарту үшін, қаланың тіршілігін жандандыру үшін қандай қа­дамдарға барды? Қала әкімінің тапсырмасы жүйелі жүзеге асып жатыр ма? Тұрғындарды мазалаған қандай проб­лемалар бар? Міне, осы са­уал­дардың жауабын айқындайтын жоба аз уақыт ішінде көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерді. Бағдарламаға келіп түсетін қоңыраулар арқылы кері байланысты бағамдап отырамыз. Мәселен, кейде Алматының проблемасын талқыға салып жатқан кезде басқа да өңірлерден азаматтар хабарласып, өзін мазалаған сауалдарын ортаға салады. Біз оларға да дұрыс бағыт-бағдар беруге тырыса­мыз. Әсіресе әлем жұртшылығын әбігерге сал­­­­ған індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде әлеуметтік тө­лемдерді қалай аламыз, қайда барамыз деген секілді көптеген сұраққа жауап бердік. Эфир тізгіншілерін де сол бағыт­та даярлап, студия қонағынан кө­рер­мен­­нің жанайқайына нақты жауап алуға қам­шылаймыз.

Қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарды өзек еткен «Шешімі бар» – «Есть решение» бағдарламалары тіршілік жолында күрмеуі көп күрделі жайттарға тап болған сан тарау тағдыр иелерін жігерлендіріп, оларға жол көрсететін жоба. Мәселен, жұмысқа қалай орналасуға болады немесе қосымша кәсіпті қалай игеруге болады деген сауалдарға осы жоба арқылы көрермендеріміз нақты кейіпкерлердің өмірлік тәжірибелері арқылы жауап алды. «Бақытты отбасы» орталығының мамандары әлеуметтік қиындыққа тап болған отбасыларға қамқорлық қолын созды. Қолы ашық кәсіпкерлеріміз бір жылдың ішінде осы жоба арқылы ғана 4 отбасына 4 тұрғын үйдің кілтін табыс етті. «Шынайы Ақберенмен» және «Честно с Сергеем Понамаревым» деп аталатын жаңа бағдарламаларда қалаға қатысы бар белгілі тұлғаларды сөйлетіп, сүбелі сұхбат жүргіземіз. «Өмір иірімі» жобасында адамгершілік асыл қасиеттерді, адами құндылықтарды дәріптейміз. Алматының тарихынан сыр шертетін арнайы жобамызда қаланың өткені, тұлғалары туралы тың деректер тауып, көрерменге ұсынамыз. Жаңалықтар қызметінің жұмысын жаңаша сипатта үйлестіруге күш салдық. Әсем шаһарымыздың 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағ­дар­ламасы қабылданғаны белгілі. Сан­дық технологиялар салтанат құрған Алма­тының ақылды қала ретіндегі даму жос­парын ұдайы тұрғындар назарына салып отырамыз.

Бақытжан Әбдірұлы шаһар тізгінін ұстаған алғашқы күннен бастап «Шет­сіз қала» қағидатын ұстанып «Жаңа Ал­маты» концепциясын ұсынды, алдағы да­муы­мызды айқындап көрсетті. Күн сайын аумағы артып келе жатқан мегаполис тұрғындарының жайлы өмір сүруі – басты назарда. Яғни орталықтан шеткері орналасқан аудандардың тұр­ғындары үшін барлық игіліктер жасалуы қажет, оларға қолайлы өмір сүруге жағдай жасауымыз керек. «Шетсіз қала» тұжырымының негізгі мақсаты осы. «Наурызбай», «Алатау» секілді жаңа аудан­дардың жай-күйі, тас қараңғы кө­шелердің жарықтандырылуы, қаланың қос ауданынан Оқушылар сарайын салу бастамасы, сол секілді тағы басқа ауқым­ды жұмыстардың бәрі де сөзден гөрі істің кеңге қанат жайғанын көрсетіп отыр. Қала аумағына миллион ағаш егу, экологияны жақсартуға жасалған елеулі қадам. Тұрғындарға осы жұмыстарды насихаттап қана қоймай, мұның маңызды қадам екенін, бәріміз атсалыса отырып атқаратын шаруа екенін ұғындыруға тырысамыз. Бұл жұмыстардың бәрінде де ең алдымен билік пен халық арасындағы алтын көпір орнату ұстанымын негізге алып келеміз.

– Телевизия тұтас ұлтты тәрбие­лейтін қуатты құрал дейтін болсақ, сіз­дердің шығармашылық топ бұл тұр­ғыда нақты қандай жұмыстар атқа­рып отыр?

– Ең алдымен мына нәрсені саралап алғанымыз жөн. Дәл қазіргі кезде телевизия қандай құрал? Бұрынғыдай үгіт-насихат құралы ма жоқ әлде қоғамдық санаға әсер ететін, тәрбие тетігі ме? Бұл негізгі екі функция да жоғалып кеткен жоқ деп айтқан болар едім. Бір-бірімен егіз өрілетін осынау қос жүйе кез келген БАҚ-тың бірден-бір негізгі бағыты болып қала бермек. Қазіргі кезде телеарна – әркімнің ойын түзейтін, бойын түзейтін, соған әсер етіп жол сілтейтін ақпараттық деректердің нақты әрі шынайы көзі десек артық болмас. Бәсекелестік нарығы салтанат құрған мезетте, әп-сәтте хабар тарататын түрлі ғаламтор желілері пайда болды. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланатын, миллиондаған ауди­то­рия­сы бар блогерлер де көбейді. Осы рет­­те олардың бәрі ақпаратты шынайы дереккөздерден алып отыр ма, жоқ әлде жеке тұлғалардың пайымынан туындаған пікірлермен шектеліп қалып жатыр ма деген сауал туындайды. Біреуі дұрыс айтады, біреуі бұрыс айтады. Міне, осыған назар аударуымыз керек. Себебі қисынға келмейтін, бір ғана болымсыз ақпарат бүкіл қоғамды адастыруы мүмкін.

Ал БАҚ-тың жұмыстағы ең негізгі ұс­танымы – жұртшылыққа тек шынайы ақпарат жеткізу. Көз көріп, көңіл сен­беген нәрсені айта салу, жаза салу – журна­листиканың табиғатына жат нәрсе. Соңғы кезде фейк-жаңалықтар, елдің назарын өзіне аударғысы келетін мысалдар да көбейе түсуде. Мұндайдан аулақ болу көрерменнің бізге деген сенімін артты­рады. Екіншіден, әрбір телеарнаның бағдарламалық саясаты болады. Біздің телеарнамыз жоғарыда айтқанымдай, алып шаһардың бар мен жоғын бағамдап, атқарылып жатқан ауқымды жұмысты халыққа жүйелеп түсіндіріп беру болмақ.

Сауалыңызға нақтырақ ойысар болсам, расымен де көкжәшіктің ұрпақ тәр­биесіне әсер ететін қуаты зор. Алматы – халқымыздың ұлы перзенттері Мұх­тар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұ­банов секілді дара тұлғалардың ізі қалған қасиетті қала. Ұрпақты ұлағатқа шақыратын берік тұтқа әдебиет дейтін болсақ, інжу-маржан мұраларды, ғажайып шығармаларды көрерменнің көңіл биігі­не көтеруді мақсат тұтамыз. Қала әкімі­нің тапсырмасымен ұлт руханияты­ның қасиетті қарашаңырағы – Қазақстан Жазу­шылар одағының 85 жылдық ме­­рейлі белесіне арнап қабырғалы қа­лам­­гер­леріміздің өмірбаяндық бейне­­анта­логиясын әзірледік. Бұл – бола­шақ ұрпаққа азық болатын өмір­шең жоба. Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығына, Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына байланысты бірнеше жоба дайындадық. Алтын Орданың 750 жыл­дығына арналған деректі фильм әзірлеу үстіндеміз. Жуырда «Алматым – менің махаббатым» деп аталатын мюзикл жа­рыққа шықты. Бұл жобалардың бәрінде адамды арман биігіне жетелей жөнелетін өмір жыры, көңіл сыры нәзік сезіммен жымдасып, өскелең ұр­паққа рухани тәрбие беруді көздейді. Жеңіс мерекесінің 75 жылдығына ар­нал­ған арнайы бағдарламада бұрын-соңды еш жерде айтылмаған тың мәлі­меттерді келтіре отырып, қасіретті қан майданның жанымызға салған жарасын, қазақ жауынгерлерінің көзсіз ерлігін әсерлі жеткізуге тырыстық. Олжас Сү­лейменовпен жүргізген эксклюзивті сұх­батта Рақымжан Қошқарбаевпен бір­ге Рейхстагқа ту тіккен Григорий Бо­латовтың ерлігі туралы баяндалған ерек­ше естелік архивімізге енді. Жоба­ларымыздың бір парасына ғана тоқталып өттім. Алдымызда үлкен жоспарлар бар. Оның бәрін телеэкраннан тамашалауға болады.

– Бұған дейін қазақ телевизиясы­ның қарлығашы «Қазақстан телерадио корпорациясын» басқардыңыз, сол секілді басқа да отандық ақпа­рат­тық арналарда жауапты қыз­мет­терде болдыңыз. Бір сөзбен айт­қанда, осы саланың қазанында қай­наған медиаменеджерсіз. «Сіздің пайымыңыздағы қазақ телеви­зия­сы­ның қазіргі беталысы қалай?» деген сауалды қойғым келіп отыр.

– Әрбір кезеңнің үні сол тұста шыққан газет-журналдармен, телеөнімдермен өлшенеді. Бұқаралық ақпарат құралдары – дәуірдің айнасы, айнымас тарихы. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, елімізде БАҚ саласының дамуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Келер жылы тәуелсіздігімізге отыз жыл толады. Осы отыз жыл бойы Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев БАҚ құралдарына ерекше ықылас танытып келді. Сөз бостандығы, ой еркіндігі туралы сонау 2000 жылдардың өзінде жиі айтылатын. Бұл отандық журналистиканың дамуына үлкен серпін берген жылдар болды. Мәселен, 2011 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан ақпараттық кеңістігінің дамуында елеулі серпіліс жасалды. Өйткені оған дейін 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын бірде-бір арна болмаған. Аталған жылдың 4 шілдесінде Елбасы мені қабылдап, корпорацияның тізгінін сеніп тапсырғанда осы идеяны алға тартқан болатын. Ол кісі: «Сіздің тәжірибеңіз­ді ескеріп, осы жұмыстарды тапсыра­йын, соған дайынсыз ба?» дегенде мен бірден дайынмын деген жоқпын, тырысайын дедім. Арық айтып семіз шық деген ұстанымды алға ұстадым. Ұжым болып бірлесіп, ұлттық арнаны жүз пайыз қазақ тілінде хабар тарататын арнаға айналдырдық. Алдағы күзде 10 жылдығын атап өтетін «Балапан» телеарнасы, ел спортының айбарын аспандатуға бағытталып, Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен 2013 жылы құрылған «KAZSPORT» арнасы және тағы басқа да отандық телерадиоарналар ақпараттық кеңістікте өз орындарын шегеледі десек болады.

Оның бер жағында көптеген мемле­кеттік емес телеарналар құрылды, басылымдар жарық көрді. Мұның бәрі біздің мемлекетіміздің ақпараттық кеңістікті жан-жақты зерттеп-зерделеп, көпұлтты Қазақстанымыздың БАҚ саласының еркін дамуына жол ашқанын көрсетеді. «Отау» спутниктің желісінің таралуы да осы жылдардың еншісінде. Әрине кем­шіліктер де жоқ емес. Өзбекстанмен немесе Қытаймен шекаралас жатқан аймақтардағы радиотолқындарды көр­ші елдердің жиіліктері басып кетіп жатады. Бұл біздің техникалық мүмкін­діктеріміздің әлі де болса шектеулі екен­дігінің көрінісі. Техника үнемі дамып отырады. Осы жаңа технологияның өмірге енуінің нәтижесінде осындай кемшін тұстарымызды реттеп алсақ жөн болар еді. Сондай-ақ әлеуметтік желілер өмірімізге дендеп енген тұста дәстүрлі БАҚ-тардың міндеті одан сайын арта түсуде. Шынайы ақпаратты шұғыл түрде тарату – бұл кәсібиліктің бірден-бір өлшемі.

Бір ескерер жайт, дүниенің бәрін тек бюджетпен өлшеуге болмайды. Үш телеарнаға басшылық еттім. Бірі – ком­­­мерциялық, бірі – ұлттық, енді бірі – ай­­мақтық. Үшеуінің де бюджеті әр­түрлі. Бірақ барлық жерде бір жұмыс. Журналистика дегеніңіздің өзі дәрігерлер секілді сағатпен санаспайтын қызмет түрі ғой. Күн-түн демей жұмыс істейтін кезіміз болады. Былайша айтқанда, әр күніміз камера алдындағы қарбаласқа ұқсайды. Кез келген шығармашылық жұмыстың жемісі сол – қандай да бір жобаң халықтың көзайымына айналса көңілің қанағат тауып, жігерленесің. Заманның ерекшелігі сол – бұрын жоба тек эфирден өтсе, енді оны әлеуметтік желілер арқылы көрерменге ұсынасың. Тек біздің телеарнада ғана емес, отандық медианарықта мықты телевизиялық жобалар қалыптасты. Ниеті дұрыс, көңілі ояу көрерменнің бұл жетістіктерді көр­меуі мүмкін емес.

– Төтенше жағдай кезінде қолға алынған жобалар, телеарна тарапынан арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар туралы айтып өтсеңіз?

– Беті бері қарады десек те, қауіпті індеттің қай мәреге барып жығылатыны әлі де белгісіз. Ең алғаш індет жұқтырған науқас, өкінішке қарай, біздің қаламызда тіркелді. Телеарнамыздың бағдарламалар кестесін өзгерттік те, жаңалықтар қызме­тінің жұмысын жедел түрде қайта қа­радық. Негізінде желтоқсан айында індет Уханьда пайда бола бастаған кезден тақырыпты зерттеп, көрерменді ха­бардар ете бастаған болатынбыз. Ал­дыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жұ­­мысын көрсету мақсатында бірнеше деректі фильм, арнайы бейнероликтер дайындадық. Ең өкініштісі, қоғамда әлі де індеттің бар екеніне сенбейтіндер бар. Соларға түсіндіру үшін, пандемияның қаншалықты қатерлі екенін дәрігерлерге айтқыздық. Күн сайын елдегі және әлем­­дегі соңғы ақпараттарды жіпке тізіп, көрерменге ұсынуды назарда ұста­дық. CCTV-нің Уханьнан басталған індет туралы, Discovery телеарнасының әлем­дегі пандемия жайлы түсірген дерек­ті фильмдерін де шұғыл түрде ауда­рып, көрермендердің назарына ұсын­­дық. Ұжымда да сақтық шараларын бір­ден қолға алдық. Бүгінге дейін қыз­мет­кер­лерімізді бірнеше рет ПЦР тесті­нен өткіздік. Мың шүкір дейін, бәріміз аманбыз.

Еліміздегі төтенше жағдай жетпіс күн­ге жуық созылған кезде қала әкімі бас­қарған Шұғыл штабтың жиналысында да, қазіргі кезде әкімнің арнайы тапсырмасымен құрылған қалалық ведомствоаралық комиссияның онлайн-отырыстарында да індеттің үдемеуіне қатысты іс-шаралар­ды халыққа жедел түрде жеткізу үшін қыз­мет етудеміз. Басылымдарыңыздың мүм­кіндігін пайдалана отырып, барша оқыр­манды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақыр­ғым келеді. Коронавирус әзілге айналдыратын әңгіме емес. Бәріміз бір­лесе күрессек қана бұл тажалды тойтара ала­мыз. Жақындарымызға жанашыр болайық.

– Журналистер күні қарсаңында жас оқырмандарымызға, тілшілік тір­шілікке бет алған ізбасарларыңызға айтар кеңесіңіз, тілегіңіз бар ма?

– Абайша айтсақ, «Түзу жүріп, ты­рысқан адамды Құдай да құр тас­тамайды». Еселі еңбек, маңдай тер мұратқа жеткізеді. Бұлжымас қағида осы. Үдеге сай болсаң, қатарыңнан ал­ға озасың. Тасты тесетін судың қуаты емес, тамшының тұрақтылығы. Сол секіл­ді сөз өнерін жанына серік еткен жан үнемі оқып, ізденіп, өзін қамшылып отыруы керек. Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Әуелі оқып, оны ойыңа өре біл, Өзі-ақ келер сонсоң жазу өнері» демеп пе еді. Сауатты, білікті маман ешқашан тасада қалмайды. Журналистика дейтін қасиетті айдынның тұнығын лайламаймын, киесін кетірмеймін деген ұстаным әрбір болашақ тілшінің өмірлік кредосына айналуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»