• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Маусым, 2020

«QazAlliance» – ізгілік жолындағы ұйым

557 рет
көрсетілді

Жер-жаһанды шарпыған індеттің беталысына қарамастан, Қазақстанның шетелдегі қоғамдық бірлестіктері белсенді жұмыс істеп жатыр. Көршілес Ресейдің өзінде 60-қа жуық қоғамдық бірлестік тіркелсе, әлем бойынша мыңдаған қазақстандықтың басын біріктіріп жүргені қаншама. Солардың бірі «QazAlliance» ұйымының туған жерден жы­рақта жүрген азаматтарымыздың игілігіне қызмет етіп жүргеніне 5 жыл толды.

Шетелдегі қазақстандықтар альянсы президентінің міндетін атқарушы Әлішер Тұрсынның айтуынша, ұйымның іргетасы Ұлыбританияның Лондон қа­ла­сында қаланған. Араға жылдар са­лып, аталған ұйым әлемнің 20-дан астам еліне қанат қақты. Қазіргі таңда ше­телдегі қазақстандықтар альянсының Жа­пония, Корея Республикасы, Сингапур, Малайзия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Латвия, Финляндия, Бельгия, Швейцария, Ұлыбритания, Франция, Нидерланд, Италия, Испания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Канада, АҚШ сынды елдерде атқарған жұмыстарының ауқымы кең десек те болады.

Қазір ұйымға жетекшілік жасап жүр­ген әрі Швейцариядағы HTMІ уни­вер­сите­тінің магистранты Әлішер Тұр­сын­ның айтуынша, альянс шетелдегі отан­дас­та­рымызға бар мүмкіндігінше қол­дау көрсетіп келеді.

«Бес жылдан бері бірнеше буын ауы­сып, ұйымда бірқатар өзгеріс орын алды. Ұйым өз кезегінде тоқырау мен шарықтау сынды кезеңдерді бастан өткізді. Мен осы ерікті қызметке 2018 жылдың 10 жел­тоқсанында, сондай бір күрделі кезең­дердің бірінде келдім. Содан бері әлеуметтік желілерде әртүрлі елдерде жүрген қазақстандықтардың бір-бірімен байланысып тұруларына жағ­дай жасап, өкілдерімізбен бірге отан­дастарымыздың түрлі сұрақтары бо­йынша тегін ақпараттық қолдау көрсетіп келеміз», дейді Ә.Тұрсын.

«QazAlliance» бірлестігі жоғарыда аталған мемлекеттердің елшіліктерімен және шетелдегі бірнеше отандық ұйым­мен де тығыз жұмыс істейді. Соның ішінде «Дүние жүзі қазақтары», «IQanat», «Otandastar qory», «Kazakh tourism» және тағы басқа ұйымдармен де тікелей байланыста. Бірлестіктің осы кезге дейін атқарған жұмыстары көңілге жылылық ұялатпай қоймайды.

«Бүгінде құрылымдық басқару тетік­те­ріне негізгі өзгерістер енгізіп отыр­­мыз. 7 бағыт бойынша арнайы 7 ор­­та­лық құ­­рып, оларға жан-жақты әрі жауап­ты отан­дастарымызды топтастыру­да­мыз. Орталықтарымыз туралы толық ақ­парат­ты жуырда ресми kazalliance.kz сайтымызда көрсететін боламыз. Биылдан бастап «QazAlliance» алыс және жақын шетелдерде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін және дүние жүзіндегі барлық дом­­­бырашыларды біріктіретін «World Dombyra Festival» атты жобаны қолға алып отыр. Домбыраны таныту – қазақ пен Ота­нымызды таныту. Мақсатымыз – Қа­­зақстандағы және шетелдердегі отандастарымызды, әсіресе өскелең ұрпақты домбыраны үйренуге шақыру, ұлттық аспабымызды дәріптеу, – дейді альянс пре­зи­дентінің міндетін ат­қарушы Әлішер Тұрсын.

«QazAlliance» ұйымы 2015 жылдан бас­тап Қазақстанға инвесторларды тартуға бағытталған «Invest in Kazakhstan» жобасын, жастардың өз ойы мен еркін пікір алмасуына мүмкіндік ашатын диалог алаңы – «Sòile» жобасын, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазақ күресін дә­ріптеуге бағытталған «Болашақ барысы» халықаралық турнирін, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен HR ба­ғытындағы «Трансформация» сынды жо­­баларды ұйымдастырған. Бірлестік әлем елдері үшін күр­­делі уақытта және пандемия кезінде ше­тел­дегі отандастарымыздың қамын ой­лап, олардың Қазақстанға оралуларына бірден-бір дәнекер болып жүр. Ұйым басшысынан бастап, оның әрбір мүшесі ақысыз, ерікті қызмет атқарады.

Қазір әлемде жағдай күрделі екені бел­гілі. Осы орайда шетелдегі қазақ­стан­дық­тардың қандай шара қолданып, қалай оқ­шауланып жатқаны туралы да аз-кем білдік.

«Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдар­ламасымен Швейцарияда білім алып жүрмін. Бұл елдегі мемлекеттік жүйе мен тәртіп біздегіден өзгеше. Швейцария үкіметі 19 маусымнан бас­тап карантин режімін алып тастау туралы мәлімдеме жасады. Осыған сәйкес 22 мау­сымнан әлеуметтік қашықтық 2 метрден 1,5-ке дейін қысқарды. Сондай-ақ 1000 адамға дейін қатысатын үлкен жиындарға қайтадан рұқсат етіліп және кез келген шерулерге қатысу мүм­кін болды. Ең бас­тысы, наразылық білдіруші­лер қорғаныш бетперделерді тағып жүруі тиіс», дейді Әлішер Тұрсын.