Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар бір қоғамда өмір сүреді. Бірақ оларды сирек көреміз. Өз бетімен аяқкиімінің бауын байлап, тамақ іше алмай, заттарын қол созып ала алмайды, көшеге шыға алмайды. Олардың да өзгелер секілді өмір сүруі, жұмыс істеуі қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті.
Бірақ олар жалғыз емес. Қазір біздің қоғам да өркениетті көзқарасқа бейімделіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, әсіресе балаларға кедергісіз болашақ сыйлап, жан жылуын беруге ниетті. Мысалы, қазір облыстық әкімдіктің тапсырмасымен облыс орталығында тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әткеншектер орнатыла бастады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Бағдат Жанғұлованың айтуынша, жалпы 100 ауладағы балалар алаңдарын ауыстырып, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де жөндеп, жаңарту, қайта қалпына келтіру жұмыстары арнайы бағдарлама аясында іске асуда. Ал алаңдарға қиыршық тас, асфальт және жұмсақ жабындар төселеді. Балалар алаңы қоршалады, қоқыс жәшігі, орындықтар орнатылуда. Жаңа алаңдар ойын кешенінен, тербеліс-теңгергіштен, әткеншек-ұялардан тұрады. Мұндай әткеншектер мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Қазір бұл әткеншектер аулаларда сұранысқа ие, сондықтан осындай шағын түрде орнатылады. Әткеншектер отыру мүмкіндігі шектеулі балаға да, ата-анасы үшін тербеуге де ыңғайлы.
Кедергісіз келешек сыйлау жобасы жалғасуда. Облыс орталығындағы аутизмге шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығында балалар ортаға бейімделуге және өздігінен оқып-үйренуге көмектесетін түрлі қызметтер көрсетіледі. Екіншіден, бір жыл аралығында орталықта 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдауға мүмкіндік бар.
– Біздің балалармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибеміз бар, – дейді тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту бойынша қызмет көрсету орталығының директоры Рауза Қадырбекова. – Кейбір балалар бізде 4 сағатқа дейін, кейбір балалар 10 сағатқа дейін, ал облыстың басқа қалалары мен аудандарынан келген балалар тәулік бойы болады.
Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі балаларға кедергісіз орта, кедергісіз болашақ құру – міндет. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына арнайы құрылғыларды өздігінен сатып алу өте қиын. Өйткені бір арқалығы бар арба – 200 мың теңге, бекіткіші бар жүріс арбасы – 80 мың теңге, ал, кейбірінің бағасы 400 мың теңге тұрады. Мүгедектік белгіленгеннен соң көрсеткіштер бойынша оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленеді. Көз, құлақ нашар көріп, дұрыс ести алмаса сурдотехникалық құралдар дайындалады. Оңалту құралдары бөлінген бюджетке байланысты алынады. Бюджеттен түскен қаржы курорттық сауықтыруға, протездік-ортопедиялық қызметтерге есептеледі.
– Ұлым Бауыржан сал ауруымен ауырады. Өзі отыра алмағандықтан арқалығы бар арба қажет болды. Әкімдікке өтініш жазып, кезекке тұрдық. Балама арбадағы өмір қуанышын жеткізген демеушілерге рахмет. Бізге арнайы «umbrella» арбасын сыйлады. Жан жылуы азаймасын, – дейді Гүлнұр Нұрхаева.
Ал Ақсу қаласындағы мүгедек балаларға арналған «Ортопрот» сауықтыру орталығы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында іске қосылған. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, балалардың моральдық-психологиялық және медициналық сауықтырылуы үшін барлық жағдай жасалған.
– Екі жыл ішінде тірек-қозғалыс аппаратының ақауы бар 15 баланы аяққа тұрғыздық, – дейді орталық директоры Айгүл Қамиева. Орталық ортопедиялық бұйымдар жасаумен де айналысады. Оның қатарында құны 25 мың теңгені құрайтын ортопедиялық аяқ киімдер де бар. Орталық жыл сайын 1000 жұп аяқ киім жасап шығарады. Орталық қызметкерлері секілді мүмкіндігі шектеулі балаларға, басқа да жандарға кедергісіз болашақ сыйлау – мүмкіндігінше жылы сөз айту, жолдан өткізіп жіберу, туған күндері мен мерекелерде сыйлық беру, тағы басқа да ілтипат білдіру бәріміздің қолымыздан келеді. Мысалы, 2018 жылы өңірде «ТОМ Kazakhstan» Мейкатон» іс-шарасы өкізілді. Құрамында студенттер, оқытушылар, дәрігерлер, инженерлер, роботтехниктер, ІТ мамандары бар, еліміздің әр өңірінен келген 50 өнертапқыштан құралған 10 команда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғылар жасады. Командалар сурдо-ақпаратты дауыстап жеткізе алатын «Ақылды қолғап», «Көзі көрмейтін және көру қабілеті нашар адамдарға арналған белбеу-навигатор», «Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған адамдардың аяқ бұлшық еттерін жаттықтыруға арналған емдік тренажер» және басқа да құралдарын ұсынған-ды. Алматы агротехникалық университетінің студент инженерлері сал ауруына шалдыққан балалар ғана емес, ересектер үшін көшеде жүруге ыңғайлы үш аяқты велосипед жасаған еді. Әрине мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғылар әлемдік нарықта өте қымбат екені белгілі. Ал «ТОМ Kazakhstan» Мейкатон» марафонында көшірме ретінде көрсетілген құрал-жабдықтарды жасауға демеушілер табылып, іске асып жатса, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді әрі отандық сапалы құрал болар еді.
Жалпы, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, Павлодар өңірінде 2635 мүмкіндігі шектеулі бала тұрады.
– Сондықтан қазіргідей карантин шектеулері, індет тараған кезде мүмкіндігі шектеулі балалар өсіріп отырған отбасылардың әрқайсысына 20 АЕК көлемінде бірдей қаржылай көмек көрсетуді ұйғардық. Көмек көлемі 55 мың теңгені құрайтын бір реттік бірыңғай төлем жүйесі дұрыс болар деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов онлайн түрінде өткен жиын барысында.
Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 26 ананың өтінішіне орай, тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Жергілікті оңалту бағдарламалары бойынша берілген көзі көрмейтін мүгедек балалар алдындағы қарыздар да жабылатын болады. Көру қабілеті нашар 290 балаға оқу машиналары мен арнайы ноутбуктер беріледі. Облыстық мәслихатта бюджет нақтыланып, депутаттар халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қаржыландыруды қайта бөлуді қолдады. Өңірдегі 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік көмектің бірыңғай мөлшері де белгіленді. Жуырда облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Еркебұлан Елжан әлемдік дәрежедегі Apple компаниясының «Swift Student Challenge» атты байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Қуанышты хабар оқушының электронды поштасына келіп түскен. Компания жариялаған байқауға дарынды өрен аутизммен ауыратын балаларға арналған мобильді қосымшасын ұсынған екен.
– Мен аутизммен ауыратын балаларға арналған құрылғы жасап шығардым. Бұл жоба арқылы балалардың көңіл күй, эмоциясын анықтау оңай. Интерфейс балаларға ыңғайлы етіп жасалды. Тағы бір ерекшелігі, 2019 жылғы презентациядағы озық технологиялар осы қосымшада қолданылды, – дейді Еркебұлан. Жеңімпазға компанияның эксклюзивті күртешесі сыйға тартылып, сондай-ақ Apple DeveloperProgram бағдарламасы бойынша бір жыл көлемінде барлық құрылғыларды тегін пайдалануға және жыл сайын WWDC конференциясына қатысуға мүмкіндік алды.
Павлодар облысы