Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өзекті тақырыптарға арналған, тұрақты өтіп тұратын онлайн форматтағы кезекті дөңгелек үстелінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселелері талқыланды.
Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне арналған тақырып тұрғысында ой қозғауға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Мәжіліс депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар басшылары мен қоғам белсенділері қатысты.
Министрдің айтуынша, эпидемия басталып, карантиндік шаралар енгізілген уақытта үйдегі зорлық-зомбылық 25 пайызға артқан. «Өздеріңіз білесіздер, бұл – ғаламдық проблема. Өйткені халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша әлемде 5 минут сайын бір ана мен бала зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Сондықтан да онымен күресу – қоғамның міндеті. Бір өкініштісі, бұл әлемдік проблема біздің қоғамда да өзектілігін жоғалтпай отыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, отбасылық-тұрмыстық салада жасалған құқық бұзушылықтар саны 2017 жылы 446, 2018 жылы 919, ал 2019 жылы 1 055-ке жетті», деді А.Балаева.
Қазір елімізде коронавирус індетінің салдарынан қатаң карантиндік шаралар енгізілгеннен кейін отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыс саны 25 пайызға күрт өскен. Осы орайда министр: «Әрине, бұл бізді алаңдатпай тұрмайды. Оның үстіне, үйдегі зорлық-зомбылық тақырыбы үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр. Күнделікті ақпараттардан, әлеуметтік желілердегі жазбалардан отбасындағы зорлық-зомбылықтың күшейіп, қаншама баланың жетім қалып жатқанын, тіпті жан түршігерлік қайғылы оқиғалардың да болып жатқанын көріп отырмыз. Бүгінгі күні мемлекет бұл мәселені жүйелі түрде шешумен айналысып келеді. Мысалы, пандемия басталғаннан бері отбасылық жанжалдарға қатысты 37 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушылардың тәртібіне байланысты 5 мыңға жуық ерекше талаптар белгіленген», деді.
Сонымен қатар А.Балаева бұл мәселеде тек құқықтық шаралар жеткіліксіз екенін, жүйелі қоғамдық жұмыс пен қоғамдық ұйымдардың жұмыла күш біріктіруі ауадай қажет екенін атап өтті.
Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина тұрмыстық зорлыққа қатысты заң жобасы туралы әңгімелеп, құжаттың дайындалу барысынан хабардар етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта заң жобасын әзірлеумен айналысып жатқан жұмыс тобы қоғамдағы өзекті мәселелерге құлақ салып, қызу талқылау жүргізіп тұрады.
Сонымен бірге ол жергілікті әкімшіліктердің жұмыстары нақтыланғанын хабарлады. Зорлық фактісі анықталған жағдайда ері мен әйеліне бір үйде қалуға рұқсат берілмейтіні, зорлық көрсеткен тараптың психологиялық тексеруден өткізілетініне қатысты ұсынысты депутаттардың қолдағаны мәлім болды.
Одан әрі «#НеМолчи kz» қоғамдық қорының президенті Дина Смаилова 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымы туралы айта келе, қызметкерлердің ерікті түрде қызмет көрсетіп, ешқандай ақы алмайтынын хабарлады. «Біздің қор елімізде зорлық-зомбылық туралы ашық айтуды бастаған алғашқы ұйым саналады», деді белсенді.
Д.Смаилова мемлекет заңнамалық деңгейде үйдегі зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге күш салып отырғанын атап өтті. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын заңдар әзірлеуді тапсырды. 2020 жылғы қаңтардан бастап жыныстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданды, онда зорлау ауыр қылмыстардың құрамына ауыстырылды және жазалау мерзімі ұлғайтылды. Қазір Парламентте еліміз үшін маңызды отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң қарастырылуда. Біз блогерлер командасы емеспіз, біз – барлық міндеттерді кешенді және жүйелі түрде шешетін құқық қорғаушылармыз. Біздің миссиямыз – қоғамдағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік!» деді ол.
Сондай-ақ Д.Смаилова бізге жапа шеккендермен байланыста болатын, мәселенің түпкі себебін тауып, онымен күрес жолдарын анықтайтын, құқық қорғау органдары арасында көпір болатын бірегей ұйым керек», деді.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев соңғы 4 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі 2 есе өскенін, өлім 35 пайызға ұлғайғанын мәлімдеді.
«Әріптестеріміз атап өткендей биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық 20 пайызға артқан. Мұны қазір әлемде орын алған эпидемиялық жағдаймен байланыстырамыз. Оқшаулану кезінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер үшін 7,5 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың жартысына жуығы әкімшілік қамауға алынды», деді М.Баймұқашев.
Сонымен бірге ол заңды өзгертіп, кінәліні жазалаудың жағдайды түзетпесін айтып өтті. «Балаларымызға үлкенге құрмет көрсету секілді адамшылықтың алғышарттарын үйретуіміз қажет. Әйелдерге құрмет көрсету, оларға қамқор болудың маңызын жиі айту шарт. Мемлекетте жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек», деді комитет төрағасы.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесінде заңды некеде болмай, бірге тұрып жатқан жұптарды да ескеру керегін еске салды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған отбасыларға дұрыс қолдау білдіріп, отбасында зорлық көрген балаларға тиісті психологиялық көмек көрсету, жазықтыларға әділ жазасын беру қажеттігіне екпін берді.
Олардан бөлек «Қазақстан дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ төрағасы Зульфия Байсақова, Бас прокурордың аға көмекшісі Мұратбек Әлібеков, «Адам құқықтары, инклюзия мен азаматтық қоғам зерттеулер орталығының» директоры Халида Әжіғұлова, «Қазақстанның әйелдері күштерінің альянсы» төрағасының орынбасары Азиза Шөжеева аталған тақырыпта өз пікірлерін білдіріп, өзекті мәселелерге тоқталды.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, А.Балаева мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
«Бүгін дөңгелек үстелдің барлық қатысушылары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін жүйелі шешуде күш біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Шынында да, бұл үшін ведомствоаралық жұмысты үйлестіру қажет. Жалпы алғанда, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әрбір жағдайы ерекше болғандықтан, осы мәселелерді шешу үшін бірыңғай тетіктерді әзірлеуге ерекше мұқият қарау қажет», деді министр.