«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында студент-жастар еңбек жасақтарының ІХ облыстық слеті өткізілді.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында студент-жастар еңбек жасақтарының ІХ облыстық слеті өткізілді.
Облыстық басқармалар басшылары, жоғары оқу орындары мен колледждер өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, жас депутаттар, студент-жастар қатысқан слетте «Атамекен» студенттік жастар жасақтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Мусин еңбек семестрінде атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Елбасының студенттік жастар жасақтарын құру жөніндегі бастамасын бірінші болып қолдаған ақтөбеліктер осы дәстүрді жыл сайын жалғастырып, алғашқылардың қатарында жұмысты бастап келеді. Ақтөбелік жастар студенттік құрылыс жасақтарына белсенді қатысып, жыл сайын олардың қатары көбейе түсуде. Биыл жұмыспен қамтуда аудандарда тұратын жастарға, соның ішінде жұмыссыз жастарға басымдық беріліпті. Бір сөзбен айтқанда, еңбекке ынталы жастарға ауылдық жерлерде де «екі қолға бір күрек» табылады. Тек ұйымдастыра білу керек, жастардың ынтасын оятса болғаны.
– Төрт айлық жазғы еңбек семестрінде он екі аудан бойынша 1610 жас жұмыс істеді. Қаламызды көріктендіру және көгалдандыру жұмыстарына 3 мың студент - жастар қатысты. Құрылыс жасақтарының жауынгерлері «КТП», «Глобус», «Контакт» ЖШС сияқты іргелі кәсіпорындарда еңбек етті. Құрылыс жасақтарындағы жауынгерлер «НұрАқтөбе», «Бауырластар-1» және «Батыс-2» шағын аудандарындағы құрылыс нысандарында жұмыс істеді. «Жасыл ел» жасақтары 4,5 мың гектар алқапқа жас ағаш көшеттерін отырғызды. Жауынгерлер ай сайын орташа 30 мың теңге еңбекақы алды, – деді Н.Мусин.
Слетте сөз сөйлегендер бұл қозғалыстың тиімділігін, жастарды еңбекке дағдыландырудағы және азамат болып қалыптастырудағы тәрбиелік мәнін айрықша атап өтті. Жиынға қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен және еңбек маусымындағы қол жеткен табыстарымен құттықтаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, олардың тұрмыстық мәселелерін шешу бағытындағы қолға алынып жатқан шараларға тоқталды. Өңір басшысы тек 2011-2012 жылдары ғана «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 13 мың жастың еңбекке тартылғанын, оның 7,5 мыңы 29 жасқа дейінгі жастар екенін жеткізді. 1806 адам жастар тәжірибесінен өтіп, жұмысқа орналасқан екен.
– Студент-жастардың еңбек жасақтарына 5 мыңға жуық адам тартылды. Оларға 100 миллион теңге қаржы бөлінді. Облыста жастар мәселесін шешу басты назарда ұсталуда. Биыл аудандарда 30-ға жуық жастар ұйымдары құрылды, аудандарда жастар ресурстық орталықтары ашыла бастады. Алыс аудандарға баратын дәрігерлер үшін 2 миллион теңге көлемінде грант бөлінетін болды. Жыл сайын «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 350-ден астам жас мамандар ауылдық жерге баруда. Оларға көтерме ақы төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, басқа тұрмыстық жағдайлар туғызу жолға қойылды. Биыл жылдың аяғына дейін «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша 216 жас отбасы баспаналы болады, – деді әкім.
А.Мұхамбетов еңбек маусымында еселі еңбек етіп, үздік деп танылған 100 студентке Астана қаласына барып, демалып қайтуға тегін жолдама тапсырды. Сондай-ақ, студенттердің жазғы еңбек маусымын жақсы ұйымдастырған аудан әкімдеріне, жоғары оқу орындары мен колледждер басшыларына алғыс хаттар табысталды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.