Аққулы ауданының Жамбыл жалпы орта білім беретін мектебінде IQanat республикалық олимпиадасының екінші іріктеу турына аудан мектептерінен 10 бала қатысқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Аманжол Еренұлының айтуынша, оқушылар онлайн форматта эссе жазып, физика, математика, ағылшын тілінен жеке тапсырмалар орындаған. Нәтижесінде екінші іріктеу турының қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен 3 оқушы республикалық кезеңге жолдама алады.
"Шараға Нұр-Сұлтан қаласынан "IQanat білім қоры" қоғамдық қорының директоры Айжан Садықова арнайы қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі, - дейді Аманжол Еренұлы. - Бірінші кезеңнің жеңімпазы деп танылған және екінші кезеңге қатысушы оқушыларға сертификаттар мен сыйлықтарын табыс етті. Сонымен қатар былтырғы жылғы қатысушыларынан Павлодар облысынан жоғары көрсеткіш көрсеткен 5 оқушы ресми волонтер атанды. Бұл 5 оқушының ішінен 2 оқушы - біздің ауданымыздан Аққулы жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушылары Дильназ Валиханова бен Анель Хамит. Оларға "IQanat білім қоры" қоғамдық қорының директоры волонтер кітапшасын табыс етті.
Айта кетерлігі, IQanat олимпиадасы ауыл мектептерінің 9-сынып оқушыларына арналған республикалық бағдарламасы – қазақстандық меценаттардың білім беру саласындағы жобасы. Бағдарламаның мақсаты – ауыл мектептерінің оқушыларын ұлттық және шетел университеттеріне түсулері үшін қолдау, ынталандыру.