Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта тігін фабрикасын салу көзделіп отыр. Жаңа кәсіпорында 1200 адам жұмыспен қамтылмақ, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуде Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Төтенше жағдайлар министрі Турсинхан Худайбергенов тігін цехын ашып, табысы төмен және мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен қыз-келіншектерді жұмысқа қабылдау жөніндегі жоспарын жеткізді. Тігін фабрикасында костюм, сырт киім мен спорт киімдері тігілетін болады. Алғашқы инвестицияны Өзбекстан мемлекеті салып, мамандары өз тәжірибесімен бөліспек.
Іссапар барысында қонақтар қалаға кіреберісте салынып жатқан мешіт құрылысының басында болды. Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыстық нақышта жүргізілмек. Бірегей жобаға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қолдау көрсетіп отыр. Өзбекстанның Түркістанға тартуы ретінде салынып жатқан мешіт құрылысын күзде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі құрылыс қарқыны мен сапасына баса назар аудару қажеттігін ескертіп, бекітілген кестеге сай аяқтауды жүктеді.