Өткенді екшесек, жүріп өткен жолдың қандай ауыр болғанын, оны қалай жеңгенін және алға қойылған міндеттердің орындалуын бағамдау қиын емес.
Тәуелсіз Қазақстанның сара жолы – ата-бабалар арманының орындалуы мен күрделі стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудың көрінісі. Бұл – халық пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі жеңістерге жетудегі қажырлы еңбегі, жемісті тарихы.
Жас мемлекеттің жаңа дәуірінің әрбір жылы егемен елдің ең маңызды жетістіктерін бейнелейтін сан қырлы өрнектің бір бөлігі іспетті.
Тәуелсіздік таңы атқан кезде республикамыз тұтастай күрделі түйткілді мәселелермен бетпе-бет келді. Бұл құлдыраған экономика, инфляция, шиеленіскен әлеуметтік проблемалар және сыртқы қауіп-қатерлер еді.
Сол кездегі басты мәселе елдің болашағын, әлемдегі қазіргі орнын айшықтайтын басты құрамдас бөліктерін және мемлекеттік саясаттың идеологиялық өзегін анықтау мен шоғырландыру болатын.
ХХІ ғасыр қарсаңында елдің ұзақмерзімді жоспарларын қалыптастыру және іске асыру да өзекті дүние еді.
Асқар тау алыстан көрінеді
Халық арасында «Асқар тау алыстан көрінеді» деген сөз бар. Тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақытта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың терең әрі кемел ойын, оның стратегиялық маңызы мен қабылданған шешімдерінің уақтылы екеніне көзіміз жете түсті.
Соның бірі – мемлекеттік шекараны анықтау.
Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ешқандай міндет аумақтық тұтастықты сақтаудан маңызды емес...», деп сан рет айтқан. Елдің нақты шебін айқындау тәрізді саяси қиын міндетті шешу – «бір күндік» мәселе емес. Елбасы жас мемлекеттің аумақтық тұтастығын нығайтты. Осылайша, ұлттық қауіпсіздіктің берік негізін қалады. Тұңғыш Президент әлемнің саяси картасында жаңа егемен Қазақстанның бейнесін ашып көрсетті, ондағы әрбір аймақ – ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы қорғаған және мемлекеттіліктің бастауы қалыптасқан жер.
Бірнеше ондаған жыл бойы жаппай қырып-жою қаруларын сынақтан өткізген Семей ядролық полигонының Елбасының қолдауымен жабылуы аса маңызды мәселе еді. Бұл шешім әлемде теңдесі жоқ оқиға ғана емес, Қазақстанның халықаралық қауымдастықта өзін қалай көрсететіндігінің айқын белгісі болатын.
Бейбітшілік, достық, ашықтық, этносаралық диалогқа және келісімге деген ұмтылыс, 130-дан астам этнос мекен еткен елдің ортақ мақсаты осы еді, бұл Елбасының көреген саясатының негізіне айналды. Бұл мәңгілік құндылықтар біздің қоғамда сабақтастығын байқатып келеді әрі оны Тұңғыш Президент халықаралық ұйымдарда жариялаған. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейдегі бітімгер ретінде танымал.
Осындай жасампаз саясаттың арқасында ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы ең қиын экономикалық және әлеуметтік дағдарыстан шығуға, басқа елдермен сенімді қатынас орнатуға және бұрын тек арманға айналған жоспарларды жүзеге асыруға қол жеткіздік.
Дәлел ретінде Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2030» стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуын, өнеркәсіп, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру салаларында ауқымды бағдарламалардың жүзеге асуын айтуға болады.
Жас астана – мемлекеттің кешенді дамуының драйвері
Саяси, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық жаңғырудың жаңа қозғаушы күші – Қазақстанның астанасы болғаны анық.
«Астана» атауымен жүзеге асқан мега-жоба – Тұңғыш Президенттің көреген идеяларының тағы бір сәтті көрінісі. ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңында елдің бас қаласы мемлекетті одан әрі дамытудың векторын анықтады, елдің дамуын келелі кезеңге жеткізді.
Бүгінгі Астана – біздің мақтанышымыз, ол мемлекет негізін қалаушының есімімен Нұр-Сұлтан деп аталған. Қысқа мерзімде шағын шет аймақтық қала мәдениет пен өркениеттің назарын аударатын орталыққа, халықаралық саяси оқиғалар өтетін орынға айналды.
Нұр-Сұлтан – Еуразияның жүрегі, ұлы қазақ даласының кең-байтақ қаласы. Онда дизайн және сәулет өнерінің ерекше жобалары, инженерлік озық ойлар топтасқан.
Алайда қаланың заманауи кескін-келбеті Елбасының жоспарына сәйкес ұлттық мәдениет пен болмысымызды сақтай білген. Шаһардың аллеялары, саябақтары, алаңдары табиғатпен үйлесім табады.
Көз алдымызда дамып, гүлденіп келе жатқан елорда қазақстандықтар үшін құтты мекенге айналды. Ай сайын мұнда жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, су жаңа бизнес нысандары ашылуда. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының құрылысы мен әлеуметтік нысандары Қазақстанның басқа шаһарларына үлгі болып отыр, олар да елордамен бірге жан-жақты дамуға жаңа серпін алды.
Күн санап дамып отырған Нұр-Сұлтан үздік білім беру орталығына да айналған. Еліміздің бас қаласы – жоғары білімді менеджерлер мен сала мамандарын қалыптастырудағы Елбасының көреген идеясын жүзеге асыратын кәсіби кадрлардың ұстаханасы.
Болашақтың идеялары
Жастарға қамқорлық жасау, жеке және кәсіби өсуіне мүмкіндік туғызу Тұңғыш Президент үшін әркез басты бағыт болған еді. 1993 жылы сол кездегі қиындықтарға қарамастан Нұрсұлтан Назарбаев дарынды және белсенді жастарды қолдау шараларын жүзеге асыру жолындағы алғашқы үлкен қадам – «Болашақ» бағдарламасын іске қосты. Тәуелсіздік жылдары елімізде 1500-ден астам мектеп салынды, 100-ден астам колледж бен университет ашылды. Қазақстанның ЖОО әлемнің ең үздік университеттерінің әлемдік рейтингіне кіреді. Жыл сайын талапкерлерге ондаған мың білім беру гранты бөлінеді.
Елбасының жастарға деген қамқорлығы мен өміршең идеялары Нұрсұлтан Назарбаев қорында жүзеге асады.
Бүгінде Қор ең ірі коммерциялық емес ұйымдардың бірі болып табылады. 20 жылдан бері ол жастарға ғылым, инновация және мәдениет саласында өзін дәлелдеуге, өзін-өзі дамытуда жаңа деңгейге көтеріліп, баға жетпес тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп келеді.
Осы жылдар ішінде мыңдаған жас Қордан гранттар, марапаттар, білім беру стипендиялары, тағылымдамалар және шетелге іс-сапар түрінде нақты қолдау көрді. Көбі бүгінгі таңда «Нұрсұлтан Назарбаев қорының лауреаты» атағына ие. Қор жобаларының жүлдегерлері мен белсенді қатысушылары – беделді халықаралық ғылыми шығармашылық байқаулардың, көрмелердің, зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары, ал әлемдік деңгейдегі әртістер мен музыканттар қазақ елінің мақтанышына айналған.
Елбасының бастамасымен бәсекеге қабілетті және білімді, табанды жас ұрпақты қалыптастыру мәселесін жан-жақты қарастырған «Ел үміті» жобасы жүзеге асуда. Ол елдің көшбасшылары мен кәсіби мамандарын даярлауға бағытталған.
Жобаның бағытына сәйкес – «Мың бала» олимпиадасы ауыл мектептерінен үздік оқушыларды анықтау жұмыстарын жүргізуде. Олимпиада жыл сайын еліміздің дарынды балаларға арналған ең айтулы мектептерінде оқуға мүмкіндік беретін 5-6 сыныптан мыңдаған үздік оқушыны анықтайды.
«Ел үміті» жобасының тағы бір бағыты – жыл сайынғы «El Maqtanyshy» сыйлығы. Бұл сыйлық халықаралық пәндік олимпиадаларда ең үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға беріледі.
Ерекше қажеттіліктері бар жандардың білім алуын және өзін-өзі дамытуы үшін тең құқықты қоғам құруда белсенді қоғамдық өмірге араласуы – «Қамқорлық» жобасының басты мақсаты. Жоба аясында 2020 жылдың қыркүйегіне дейін мұндай балаларға арналған республика бойынша 8 оңалту орталығы ашылады. Бұл орталықтың әрқайсысы жылына 600-ге дейін бала қабылдайды.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ оңалту орталықтары толыққанды жұмыс істеуі үшін заманауи озық жабдықтар мен арнайы құрылғыларды жеткізіп, қолдау көрсетеді. Балалармен білікті мамандар айналысады.
Елбасының қазақ тілін көпұлтты қоғамға кеңінен дәріптеуге деген қамқорлығы Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қорының жұмысында көрініс тапты. Ұялы телефондар мен планшеттерге арналған арнайы қосымшалар, интернет-ресурстарды үйрету, қазақ халқының мәдениеті туралы сайттар, жастарға арналған байқаулар – осы және өзге де шараларды Мемлекеттік тілді дамыту қоры жасаған.
Адамгершілік, мейірімділік идеясын, жалпыадамзаттық адамгершілік құндылықтарын ғаламдық ауқымда насихаттау – Нұрсұлтан Назарбаев қоры қызметінің ажырамас бағыты. Ал оны дәріптеуге әрі стратегиялық саяси кеңес берумен Қор жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) айналысады.
ӘЭСИ қызметінің негізгі бағыты халықаралық деңгейдегі диалог алаңының жұмысын ұйымдастыру. Институт халықаралық саясатты жүзеге асыру саласында ғаламдық қауіпсіздік, жергілікті дағдарыстар, экономика, қазіргі заманғы сын-қатер саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. ӘЭСИ тәжірибе және зерттеу нәтижелерімен алмасу арқылы әлемдік талдау орталықтарымен белсенді байланыста. Әлемге әйгілі саясаткерлердің қатысуымен өтетін «Astana club» халықаралық пікірталас клубының жыл сайынғы отырысы – осы бағытқа арналған қызу пікірсайыс алаңы.
Қалыптасудан – тұрақты дамуға
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүріп өткен үлкен жолды Қазақстанның қалыптасуынан гүлденуіне дейінгі кезең деуге болады.
Бұл ата-бабалар арманын жүзеге асырған сара жол.
Еліміз барлық экономикалық байланыстары жойылған мемлекеттен кең ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыратын және әлемде жоғары беделге ие мемлекетке айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз, егемен, күшті Қазақстан Республикасын құрумен қатар, ұлттық рухани құндылықтарымызды сақтап, адами капиталды дамытуға негіз қалыптастырды, мемлекеттің одан әрі жаңғыруы, экономикалық өсуіне жағдай жасады әрі еліміздің алдағы бірнеше онжылдықтағы даму векторын белгіледі.
Бұл – Елбасының тарихи еңбегі. Даналығы мен көшбасшылығы осы тұста анық көрінеді.
Қанат Жұмабаев,
Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директоры