• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Маусым, 2020

Петропавлда қызыл пәле қызып тұр

796 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайдың алғашқы кезеңінде карантиндік шектеу шаралары Қызылжарда тиімділігін көрсетіп, науқасқа шалдыққандар саны қырықтан төмендеп аяқталған еді. Ал қазір ол өрлеп тұр. Күніне 30 бен 50-дің арасында дертке ұшырағандар шығып жатыр. Оны алғашқы карантиндік шаралар аяқталған кезде шекараның ашылуымен Ресейден келген жерлестеріміз әкелген болса қазір республиканың ішіндегі қозғалыстардың нәтижесінде де көбейіп жатыр. Аурудың таралу ошақтары халық көп жиналатын жерлерден табылуда, деп жазады Egemen.kz

Қазіргі кезеңнің тағы бір ерекшелігі сол – ол аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде де өршіп тұр. Алғашқы кезеңде мұндай жағдай мүлде байқалмаған еді. Соның кесірінен Айыртау, Ақжар, Ш.Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов және Тайынша аудандары толығымен карантинге жабылып, блок-бекеттер қойылды. Шал ақын ауданындағы Жаңажол мен М.Жұмабаев ауданындағы Таман ауылдары да карантинге жабылды. Қазір облыстағы науқасқа ұшырағандар саны 700-ден асып кетті және бұл сан тоқтаусыз өсуде.

Кеше Солтүстік Қазақстан облысының тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің бастығы немесе қысқа сөзбен айтқанда бас санитарлық дәрігер Серікбай Қасмақасов пен Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин журналистерге сұхбат беріп, облыс пен қаладағы жаман індетке қарсы күрестің ахуалы туралы баяндады.  С.Қасмақасов алдымыздағы демалыс күндері қаладағы барлық супер және гипермаркеттер жабылатынын ескертті.

"Халықтың тек жұмыс пен дәріханаға және үйінің маңындағы азық-түлік дүкендеріне ғана баруына рұқсат етіледі. Барлық сауда ойын-сауық орындары, діни мекемелер, демалыс парктері, жағажайлар, бизнес орталықтары, базарлар, қоғамдық моншалар мен сауналар жабылады, қоғамдық көліктің жүруі тоқтатылады. Пәтер иелері кооперативтерінің басшыларына осы күндері аулаларды, балалар ойнайтын алаңдарды, автотұрақтарды дизенфекциялау ұсынылады", деді ол. Сонымен бірге адамдардың бір-бірінен алыс болуы, қолдарын үнемі жуып отыруы, ыстықтарын жиі өлшеп тұруы сұралатынын жеткізді. "Тек қана осы шектеулерді қатты сақтағанда ғана біз дертті құрықтай алатын боламыз. Сондықтан біздің талаптарымызға түсіністікпен қараңыздар", деді С.Қасмақасов.  

Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин осы талаптарды орындамаған заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға айыппұл салынатынын жеткізді. Қазірдің өзінде 16 материал жиналып, іс сотқа өткізуге дайындалуда деді ол.

"Жаттығу залдарына жасырынып барғысы келетін адамдарға, отбасылық шараларды есіктерін жауып алып өткізгісі келетін дәмханалар мен мейрамханаларға да айыппұл салынатынын ескертемін. Қазірдің өзінде 4 мейрамхананың жұмысы тоқтатылып, лицензиясын қайтарып алдық. Осының бәрі халықтың денсаулығын сақтау үшін жасалып жатқан қатаң шаралар, сондықтан ондайларға тұрғындар түсіністікпен қараулары керек", деді А.Хабибулин.

Сонымен бірге дертті тарату ошақтары ХҚКО мен балабақшалардан шыққаны да белгілі болған. Сондықтан ХҚКО онлайн режімде жұмыс істеуге көшірілген. Қаланың төрт балабақшасы карантинге жабылған. Бір дүкен, бір сұлулық салонына айыппұлдар салынған.

Шынын айту керек, қызыл пәле басталғаннан бері Қызылжарда мұндай дүрбелең болған жоқ еді. Енді облыс тұрғындары оны да көрді, әйтеуір арты дұрыс болып, індеттің беті қайырылса болғаны.