Өткен жылы Жамбыл облысының орталығынан «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені ашылған болатын. Бірнеше нысаннан тұратын кешеннің шығыстық үлгідегі ерекшелігі де талайды таңдандырған.
Ал бүгінде аталған кешен маңындағы «Март» сауда және ойын-сауық орталығының жанында орналасқан «Арбат» жаяу жүргіншілер жолының үшінші кезеңінің құрылысы басталды. Жобалаушылардың идеясы бойынша «Арбат» жаяу жүргіншілер жолы «Көне Тараз» кешені Қарахан баба кесенесін байланыстырады. Мұнда жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын ұзындығы 320 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады. Сондай-ақ 8 түрлі ағаштың 160-тан астам көшеті отырғызылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Көне шаһардың келбетін арттыру үшін орындықтар мен сәкілер орнатылады. Сонымен қатар 18 мың шаршы метр жерге өрнектастар төселеді. Мұндағы жұмысқа барлығы 50 адам тартылған және олардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды.
Мердігер ұйымның директоры Еркебұлан Егізбаевтың айтуынша, нысанды мерзімінен бұрын тапсыру көзделуде екен. Яғни нысан шілде айының соңында тапсырылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жұмыстың 50 пайыздан астамы аяқталған. Жаяу жүргіншілер аллеясының жанына сауда павильондарын да салу жоспарланған. Тараз қаласында өткен ғасырдың басында салынған «Әулие-Ата» мешітін қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынуда. Аталған ғибадат үйі ұлтымыздың тарихи жәдігерлерінің бірінен саналады. Бір айта кетерлігі, бұл жұмыстар бюджеттен тыс қаражаттар есебінен атқарылуда. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардың сәулетін арттыру жалғасады.
Жамбыл облысы