• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Маусым, 2020

Қарағанды облысында бүгіннен бастап карантин режімі қатаңдатылды

721 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында Saryarqa телеарнасының эфирінде өткен брифингте өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров Қарағанды облысында 27 маусымнан бастап карантиндік шектеулердің күшейтілетінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Egemen.kz

"Жаман тұмаудың" Арқа төсіндегі арыны тым-қатты-ақ болып тұр. Нақты айтар болсақ, індетке қатысты аурушаңдықтың еліміз бойынша өсімі 2,4 % болса, Қарағанды облысындағы көрсеткіш 4,4 пайызды құрап отыр. Сол себепті де, тығырыққа тіреген мұндай жағдайдың жергілікті атқарушы билікті қатты алаңдатып тұрған жайы бар.

Осыған орай ұйымдастырылған брифинг барысында Қанат Асқаров жоғарыда айтылған шешімнің қандай себептермен  қабылданғанын егжей-тегжейлі түсіндірді. Індеттің өршуіне маскалық режим мен әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы бірден-бір себепкер болған. Яғни тұрғындар карантин жағдайында қойылатын талаптарды тіпті де елең қылмайды екен. Қауіпсіздік ережелерін адамдардың өздері де, кәсіпорындардың әкімшілігі де сақтамайтын көрінеді.

"Арнайы құрылған мобильдік топтар қызметін қайта бастаған 153 нысанды тексергенде, ол жерлерде бас мемлекеттік санитарлық дәрігер  қаулысының талаптары бұзылғанын анықтады. Негізінен, мұндай жағдайлар  қоғамдық тамақтану, сауда, қоғамдық көлік нысандарында анықталды", – деді Қанат Асқаров.

Міне, осындай күрделі жағдайда коронавирус инфекциясының әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында бүгіннен бастап қосымша шаралар енгізілетін болды. Бір сөзбен айтқанда, Қарағанды облысы бойынша карантин режимі қатаңдатылатын болды.

Атап айтқанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары қысқартылған жұмыс күні тәртібіне көшіп, сағат 09.00-ден 14.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн режимінде ұсынылатын болады.

Қала ішінде қоғамдық көліктердің жүру уақыты шектеліп, енді олар сағат 06.00-ден 21.00-ге дейін ғана тұрғындарға қызмет көрсете алады. Жолаушылар салонға тек алдыңғы есік арқылы ғана кіретін болады. Ал шығар кезде барлық есіктер бір мезетте ашылуы тиіс. Бұл талаптардың сақталуы қатаң түрде бақылауға алынатын болады.

Таксилерге тек бір жолаушыны немесе кәмелетке толмаған екі баланы ертіп жүрген бір ересек адамды ғана тасуға рұқсат беріледі.

Аурудың айылын жимай тұрғанына отбасылық түрлі жиындар, той-томалақ, еске алу іс-шараларының тыйылмай тұрғаны да түрткі болып отыр дегенді айтады облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері. Мұның бәрі коронавирус инфекциясы жағдайларына талдау жүргізу барысында мәлім болған.

"Көптеген жағдайда науқастар өздерінің ауру жұқтыруын үй жағдайында, мейрамханаларда, дәмханаларда өткізілетін түрлі жаппай салтанатты, отбасылық, еске алу іс-шараларына қатысқандығымен байланыстырады. Індет одан әрі өршіген жағдайда, амал жоқ, қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмысын үйге жеткізіп беру режиміне ауыстыру мәселесі қаралады", – деді Қанат Асқаров.

Бұдан бөлек, бұрын енгізілген карантиндік шектеу шаралары сол беті қалады. Мәселен, 65 жастан асқан адамдарға аса қажетсіз көшеге шығу шектелген. Жасы 14-ке дейінгі балалардың ересектерсіз жүруіне, отбасы мүшелерінен басқа, үш адамнан артық адамдардың жиналуына тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану нысандарында келушілердің саны 30 адамға дейін шектелген, әлеуметтік ара қашықтық пен отырғызу және жұмыс тәртібі сағат 08.00-ден 22.00-ге дейін сақталады. Бұқаралық (ұжымдық) іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің (орталықтарының), азық-түлік және азық-түлік емес базарларының жұмыс күндері мен демалыс күндері жұмыс уақыты шектеулі. Демалыс СОО, сауда үйлері және азық-түлік емес дүкендер сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді. Базарлар міндетті санитарлық күнге жабылады.

Облыстың бас санитарлық дәрігері бетперде тағудың дым көмегі жоқ деген ағайынның пікіріне қарсы нақты дәлелге негізделген уәж айтты.

"Бетпердені тағып жүру індет жұқтырудың алдын алуға көмектеседі, – деді ол. – Дұрыс пайдаланған жағдайда бұл маска вирус жұқтырған адамның сілекей шашырандыларын жібермей ұстап қалады. Сонымен қатар, ол кірленген қолдары бетіне жиі тиетін адамдардың ауыз бен мұрын қуысы ішіндегі шырышты қабаттарын қорғайды. Мәселен, ауырмаған адамның қолына микроб тозаңы жұғады да, оның былғанған сол қолдары бетіне тиеді. Содан барып микроорганизм мұрын, ауыз, көздің шырышты қабаттарына жұғып, әлсіреген иммунитеттің жағдайында организмге түгел тарайды".

Брифинг соңында Қарағанды облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров тұрғындарды карантиндік шектеу талаптарын қатаң сақтауға шақырды.