• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Оқиға 29 Маусым, 2020

Тіл жанашырларына – лайықты құрмет

377 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусым күнгі №110 Жарлығына сәйкес, Үкіметтің «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау жөніндегі» қаулысы негізінде Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын қазақ журналистері арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты конкурсты тұрақты ұйымдастырып келеді.

Өткен апта соңында аталған бай­қау­дың 2020 жылғы қорытындысы жария­ланып, конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Биыл мәртебелі байқауға төрт аталым бойынша 56 журналист қатысып, олардың қаламынан шыққан 116 шығармашылық жұмыс қазылар талқысына ұсынылыпты.

Осылай үздік деп танылған жур­на­листерді онлайн марапаттау шарасы кезінде қатысушыларға жүрек­жарды құттықтау сөзін жолдаған Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Ра­йым­құлова: «Мемлекеттің жан-жақ­ты дамуына, елдің бірлігіне бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының қосар үлесі зор. Біздің ортақ мақсатымыз – бір-бірімізді қолдау, бірге әрекет ету, елдің, экономиканың дамуы, әлеуметтік саланың гүлденуі, өмірдің тыныш­тығына, сіздер, журналистер қауы­мы, алтын көпір болып келесіздер» дей отырып, жүзден жүйрік шыққан шығар­машылық иелеріне табыс тіледі.

Сонымен байқаудың бас жүлдесі жас жур­налист Дәуіржан Төлебаевқа бұ­йы­­рып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болды.

«Үздік мақала» аталымы бойынша: І орын – «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Орын­бек Пазыловқа, ІІ орын – «Айқын» республикалық қоғамдық-сая­си газетінің қызметкері Гүлзина Бекта­соваға, ІІІ орын – «Ана тілі» газетінің журналисі Қарагөз Сімәділге;

«Үздік сайт мақаласы» аталымы бойынша:  І орын – «Аlаdоp.кz» сайтының редакторы Ермұ­хамед Мәу­ленге,  ІІ орын – «ҚазАқ­парат» халық­­аралық ақпарат агенттігінің қызмет­кері Аян Өрібайға, ІІІ орын – «Elorda Aqparat» сайтының журналисі Аян Әбдуәлиге;

«Үздік радиобағдарлама» аталымы бойынша: І орын – «Шалқар» радио­сының тілшісі Гүлнұр Омар­хан­қызына, ІІ орын – «Қазақ радиолары» ЖШС қызметкері Айнұр Шам­шейі­товаға, ІІІ орын – «Шалқар» радио­сының тағы бір тілшісі Нұрмат Мансұрға;

«Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша: І орын –   «Жетісу» телеар­насының журналисі Айбек Құтты­бековке, ІІ орын – «Акцент» телеар­на­сының қызметкері Жанар Кәшкін­баеваға, ІІІ орын – «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының тілшісі Гүлнұр Қалдыбаеваға бұйырды.

Жоғарыда атап өтілген аталымдар бойынша орын иеленген журналистерге бірінші орынға – 500 мың, екінші орынға – 350 мың, үшінші орынға – 150 мың теңге сыйақы берілді. 

Шараны ұйымдастырып өткізген Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының Бас директоры, танымал жазушы Әлібек Асқар марапаттау рәсімін қорытындылап, бұл реткі сынға түскен туындылар сапасы талап деңгейінен шыққанын, әсіресе жас журналистердің тіл тақы­рыбын дендеп зерттеуі қуан­тар­лық екенін жеткізді.