• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Маусым, 2020

Өкпе ауруы өршіп тұр

1577 рет
көрсетілді

Аты жаман індеттің өзгерген түрі іспетті жазғы тұмау түркіс­тандықтарды да әбігерге салуда. Соңғы келіп жеткен ақ­па­­р­ат­тарға сүйенсек, облыс көле­мінде осы түрдегі жұқпалы тұмау­мен ауырғандардың қатары 1 мыңнан асқан. Қазір облыс тұрғындары тұмаудың белгі­лерімен дәрігерлік көмекке жиі жүгінуде. Медициналық тексеру нәтижесінде науқастардан пневмония, яғни өкпенің қабынуы анықталған.

Статистика бойынша қазіргі таңда Түркістан облысындағы провизорлық ауру­ханаларда 958 науқас пневмония­дан ем қабылдап жатыр.  Оның ішінде, Түркістан қалалық ауруханасында 50, Кентауда 180 адамға ем жүргізілуде. Пнев­мониядан 198 науқас жазылып шық­са, 1 маусымнан бері облыс көле­мінде 23 адам аталған дерттен көз жұм­ды. Айта кететіні, көрсеткіш халықтың бейқамдығынан көтеріліп отыр.

Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді. Бас дәрі­гердің айтуынша, әлеуметтік желілер­дегі ауруханаларда орын жетіс­пеушілігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Науқастарға төсек-орын жеткілікті.

«Қазір облыс көлемінде дәрі-дәрмек қоры мен оттегі орындары жеткілікті. Індетке қажетті антибиотиктарды алдырудамыз. Сондай-ақ ауруханаларда төсек-орындар бойынша тапшылық жоқ. Қосымша орындар әзірленген. Мәселен, Кентау қалалық орталық ауру­ханасында 50 орындық соматикалық бөлімше қайта бейімделіп, қосымша 200 орындық төсек-орын, 16 оттегі орыны дайындалды. Ал Түркістан қалалық орталық ауруханасында қосымша 270 төсек-орын әзірленген. Орын алған жағдайға байланысты Түркістан және Кентау қалаларында науқастарды жоспарлы жатқызу тоқтатылған. ХҚТУ, «Акмарал», «Клиника Талғат» сынды жеке клиникалар да өздеріне бекітілген тұрғындарға тиісті медициналық қызмет көрсетуде», деді Марат Орынбасарұлы.

Сонымен қатар Түркістан қала­лық орталық ауруханасының бас дәрі­гері Жанболат Ділдәбеков облыс орталығында екпе бөлмелерінің тап­шы­лығына байланысты қосымша орындар даярланғанын, қалалық ауруханада төсек-орын саны артып, науқастарға қажетті дәрі-дәрмектер қосымша алынып жатқанын жеткізді.

Қазір Түркістан облысында COVID-19 індетіне шалдыққандар­ды оқшау­лауға арналған 270 орын болса, бүгінде 164-інде науқастар ем қабыл­дауда. Бұлардың дені коронавирус індетін жұқтырып немесе жұқтыр­ғандармен тығыз қарым-қатынаста болып, ем қабылдап жатқандар. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова мәлім етті.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұдан бөлек, коронавирус індетіне ұқсас белгілері бар ауру­ға шалдыққандарды қабылдайтын қосымша 885 адамға арналған орында бүгінде 962 адам ем-дом қабылдауда. Бір қуанарлығы, олардың басым көпші­лігінде коронавирус дерті анықтал­маған. Яғни пневмония, ЖРВИ секілді сырқатқа шалдыққандар. Сондай-ақ облыста 124 жедел жәрдем бригадасы күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеуде.

Айта кетерлігі, өткен жылдың бес айында өңірде өкпе қабыну дертімен 9735 адам науқастанып, жазылып шыққан. Ал 2020 жылдың 5 айында 7749 науқас өкпе қабынуы диагнозымен ауруханаға жатқызылып, олардың бәрі ауруынан толық айығып шыққан. Осы жылдың 22 маусымына дейінгі дерек бойынша 461 науқас осы дертпен ем қабылдап жатса, соның 423-і айығып шықты.

 

Түркістан облысы