Бұрын-соңды адам баласы душар болып көрмеген табиғаты бөлек вирус белең алып тұрғанда, мәжбүрлі шаралар мен қаралы хабарлардың үстінен аттап өтіп, тойлатып жатқандар әлі де табылып отыр.
Қала билігі демалыс күндері карантин шараларын күшейтіп, азық-түлік сататын дүкендерге дейін жауып, дезинфекциялау үшін жұмысын кідіртіп, қоғамдық көліктерге дейін тоқтатуға амалсыз барып жатқанда, өзіне індет жетпегеннен кейін ойын-сауығын тыя алмай отырған ағайындарды табу қиын емес.
Сонымен, сенбі, яғни 27 маусымда санитарлық талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі мобильдік топ таңғы сағат 08.00-ден 18.00-ге дейін нысандарды аралап, санитарлық нормаларды елемейтіндерді анықтады. Атап айтсақ, «Достлук» дәмханасы. Дәмхана аумағында санитарлық нормалар өрескел бұзылып, одан бөлек 100 адамға арналған үйлену тойы өткен. Әйтпесе, қаладағы барлық қоғамдық тамақтану орындары мен тойханаларға қайта-қайта қатаң ескерту беріліп жүргені бесенеден белгілі. Дәмхана иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, банкет сол мезетте тоқтатылды. Эпидемиологтерге жабық ғимараттар вирустың таралуына қолайлы орта екенін кезекті рет түсіндіруге тура келді. Аталған дәмхана жабылып, Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің мамандары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, іс сотқа жіберілді.
Қазір Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша мониторинг топтары кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтауын бақылау бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Жалпы, қалада 5395 нысан тексерілді. Соның ішінде 591 нысанның Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысындағы талаптарын өрескел бұзғаны анықталды. Осыған байланысты 571 нысанның қызметі ескертулер жойылғанға дейін тоқтатылды. Сонымен бірге 22-27 маусым аралығында мониторингтік топ 479 ШОБ субъектілерін қамтыды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын құлағына қыстырмаған «Азамат», «Қазына», «Дәулет» дүкендері, «Lanzhou», «Жастар», «Қарағайлы», «Алатау», «Шағын маркет», «Ақбөпе», «Asqar», «Ай-Ару»», «Диалог» асханалары, көкөніс дүкені, «Ақжол» автобөлшектері дүкеніне қатаң шаралар қолданылды. Сондай-ақ тәртіп бұзғандар тізіміне Бәйтерек, Sababa, Дареджани, Tomato, Хороший год, Leo`s Cafe & Terrace, Frau Irma, Мята Platinum, Тархун, Samal, Якорь, Friuli, KenRai, Lobby, Жұлдыз, Crudo, Шах, Пугасов, Origano, Золото, У Стефании, Good-Beef Steak House, Sea Marinè, Velour, Душевная кухня Шеф, Del Papa, Алаша, Park Hall, Жайлау, кафетерийлерден Дәстүр, Алатау Центр, Афиша, Cicek Мангал, Теплица, Пекинская Утка, ВьетКафе, Публика, Гости, Go bar, Тамшы бұлақ, Мамламбо, ZEN, Злато, Алтын-Ай, Восточный Квартал, Кофейня, Excellent, Kalispera, Gloria Jean’s Coffees, Urban Coffee, Honest, Mandarino, Eclair, Nautika, Масисо, Жан Плов лагман, Coffeedelia, Bisquit, Жазғы аула, Мансарда, Столовая syrmaq, Керемет, Прованс, салон жалюзи, Мамаева ЖК, Черкаш секілді мейрамхана кешендері кіреді.
Сол сияқты санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 40 шақты дәмхана қалалық биліктің қырына ілігіп отыр. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиялық ережелерді өрескел бұзған үш «Лагманхана», «Striker» компьютерлік клубы, «Ахчия» ТЖС, «Doctor» шиномонтажы, «Сытый папа», «Medina» көлік жуу орындары, сондай-ақ «Milky Icе» балмұздақ дүңгіршектері, самса, екі донер дүңгіршегі, «Шахин», «Асель», «Нұрлы», «Ляззат» азық-түлік дүкендеріне арнайы шаралар қолданылады.
АЛМАТЫ