Аймақтар 30 Маусым, 2020

Атыраудың Жылыой ауданына жаңа әкім келді

640 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың өкімімен, ҚР Президент Әкімшілігінің келісімімен  Жылыой ауданының  әкімі болып  Хәлел Жамалов тағайындалды, - деп жазады Egemen.kz

Хәлел Жамалұлы  1962 жылы 15 тамызда Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары,  1985 жылы Алматыдағы В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын  бітірген. Мамандығы – инженер-механик.

Еңбек жолын 1985 жылы Оңтүстік-Ембі мұнай барлау экпедициясында дизелист болып бастап, 1985-1989 жылдары аталған экпедицияда машинист, механик болып жұмыс істеді. 1989-1991 жылдары "Теңізмұнайгаз" өндірістік бірлестігінің Теңіз технологиялық көлік басқармасында МТҚ бөлімінің жетекші инженері, бөлім басшысы, бас инженер лауазымдарын атқарды.

1991-1999 жылдары аралығында коммерциялық кәсіпорын басшысы, бөлім басшысы, маркетинг бөлімінің бас менеджері  болды. 2000-2002 жылдары "Горизонт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас менеджері, 2002-2004 жылдары «Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары болып жұмыс істегді.

2005 жылдың қаңтарынан бері  "Горизонт" ЖШС бас менеджері. Жылыой аудандық мәслихатының 4, 5, 6 шақырылымдарына  депутат болып сайланды.

Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов Жылыой ауданы әкіміне  ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, жұмыспен қамту, тұрғын үй, сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.