• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Таным 01 Шілде, 2020

Кашмирдегі қазақтар

2060 рет
көрсетілді

АҚШ-та жарық көретін National geographic magazine жур­налының 1954 жылғы 61-санында «Қазақтар азаттыққа қалай аттанды», дейтін мақала жарияланған. Оның авторы Милтон Дж. Кларк дейтін америкалық азамат. Осы мақаламен бірге қазақтар өмірінен түсірілген түрлі-түсті суреттер де берілген. Бажайлап қарасаңыз, суреттерден нағыз қазақы тұрмысты, этнографиялық өмір салтты аңғарасыз. Суреттер Пәкістанның Сринагар қаласынан 90 шақырым жердегі биік таудың аңғарында түсірілген. Сонда бұл қазақтар кімдер?

Бұлар – кәдімгі атам заманнан қиыр қонып, шет жайлап жүретін Шыңжан-Алтайдың қазақ­тары. Алғаш 1930-жылдары Өр Алтайдан үркіп, қазіргі Шыңжан өлкесінің оңтүстік-шығысына ауып барады. Онда да байыз таппай ақыры 1940 жылы Үндістан асып кеткендер. Марқұм Халифа Алтай осы көштің бел ортасында жүрген. Осы атамыз өзінің естелігінде: «Алғаш Алтайдан көшкенде 36 мың адам едік, 1941 жылы Үндістанға осыдан 3039 тірі жеттік. Арада бір жыл өткенде жерсінбей 2000-ға тарта адам өліп кетті. 1942 жылы 1150 адам тірі қалдық. Содан 1946 жылға дейін бірде-бір әйел баласы құрсақ көтермеді. Тура жетінші жылы дегенде алғашқы бала туды» деп қиын жылдардың зарын жазыпты.

Сринагар қаласы – Кашмир өлкесінің орталығы. Ол тұста Кашмир өлкесі Үндістан мен Пә­­кіс­тан арасындағы даулы өңір болатын. Халқының көбі мұ­сыл­­­­ман дінін ұстанатын болған­дық­тан алғаш Үндістанға өткен қазақ­тар осы өңірге ойысып кел­ген. Оның бер жағында Каш­мир­дің би­­леу­шісі Шейх Мұхамед Аб­­дул­­­ла қа­зақтарды жерінен ауған «мұ­­ха­жир» санап көп көмек көрсеткен.

Осы қазақтарға 1951 жылы жоғарыдағы америкалық журналшы келіп, бір жыл бірге тұрады. Қазақтың тілін үйренеді. Кино түсіреді. Марқұм Халифа атамыз: «Е, ол біздің Кларк емес пе!» деп сүйсініп айтып отырғанын талай естіген едік.

Суретке қарап отырып, бұл қазақтарды дүниенің жартысын айналып, соның ішінде даланың қоңыр аңы да өте алмайтын атақты Такламақан шө­лін басып өтіп, Гималайдан асып түскен. Жан баласы бас­пай­тын Тибеттің Дуньхуан өлке­сін­дегі Цзяньфодун жартасын көк­тей өтіп, ұзындығы 1 миль үңгір­дегі будданың мүсіндері мен фрес­ка­лық өрнектерін көрген. Арты­нан өкшелеп қуған жаудың әскер­лерімен аянбай соғысып, 90 пай­ы­зы жолда қырылған бейбақтар деп айта аламыз ба? Шындығында солай. Бірақ суретте көшпенді өмір­дің салтанаты байқалып тұр­ған жоқ па? Көп жылғы өмір мен өлім арпалысы қазақтардың сағын сындыра алмапты.

Америкалық журналшының мақаласын тарихшы Сәбетқазы Ақатай марқұм өткен ғасырдың 90-жылдары қазақ тіліне ауда­рып, жарияламаққа ниет еткен көрінеді. Содан шағын үзін­ді ұсынғанды жөн көрдік: «...Мен Кашмир жазығындағы Сри­на­гар­да ата-бабалары 2 мың жыл Ор­талық Азияда көшіп жүрген ерекше халықтың өкілі – қазақ­тардың арасында бір жыл болдым. Қасіретті жорықтың қа­тал сынын артқа тастаған қазақ­тар енді ес жия бастаған се­кілді. Олардың дәулескер ауыз әде­биетін тыңдаған алғашқы аме­ри­калық мен болармын. Бұл көш­пен­ділер жаз шыға шаңы мен қапы­рығы ығыр қылған жерді тас­тап жайлауға шықты. Кашмирлік арғымақтарын ерттеп мінген олар (мені де ертіп алды) тауға шығып кетті. Бие байлап рахат өмірді бас­тады...».

Милтон Дж.Кларк қазақ­тар­дың өмір тарихын зерттеумен ғана айналыспаған көрінеді. 1954 жылы бұлардың Түркияға көшуіне мұрындық болған. Тіпті 1953 жылы АҚШ-тың пре­зи­денттігіне үміткер Адлай Е.Сте­венсонды Сринагарға ертіп келіп, қазақтардың өмірімен та­ныс­тырған. Хасен Өралтай ағамыз­дың айтуынша, Милтон Дж.Кларк АҚШ-тағы ЦРУ-дің қыз­мет­кері. Ол қазақтарды шынында ком­мунистік режімнің тепкісінен қашты ма, жоқ па дегенді анықтау үшін жіберілген адам дейді.

Қалай десек те бұл суреттер бү­гінгі қазақ диаспорасының тари­хи құжаты ретінде қымбат. Діт­теген жеріне жете алмай қаза тапқан немесе қаңғырып басқа­ларға қолды болып кеткен бейбақ­тардың сарқытындай тарихтан бізге жеткен тәбәрік.

Осы орайда Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев бұл қазақтардың ала­сапыран өмірі жайлы: «Туған жерінен тыс бүкіл Жер шары­на шашырап өмір сүріп жатқан бес миллионға жуық қандас­тары­мыздың қандай қайғылы да, қорлықты жолдан өткенін бүгінгі көзі тірілердің ешқайсысы да өз деңгейінде барша қасірет қайғысымен бейнелеп бере алмайды. Өйткені кейде құжат жетіспейді, кейде босқындардың тұтас көш керуенінің іздері белгі-бедерсіз тау шатқалдарына сіңіп, жоқ боп кетеді немесе мүрделері қазақ даласынан шалғайда атау­сыз қалған», деп атап өтіпті. («Тарих толқынында» Алматы, «Атамұра» 1999 жыл, 140-бет)

Шындығында қазақ тари­хын­­дағы аса бір елеулі оқиға түйе­лі көш­пен «Гималай асқан» көшпен­ділер туралы соңғы жылдары бір­неше шығарма жарық көрді. Х.Ал­тайдың «Алтайдан ауған ел», Д.Жа­налтайдың «Қи­лы заман – қиын күндер», Хасан Өрал­тай­дың «Елім-айлап өткен өмір» кі­тап­тарында егжей-тег­жейлі баяндалған.