• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Шілде, 2020

Кубриннің үйіндегі көрме

301 рет
көрсетілді

Қала күні мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 80 жылдығы құрметіне арнайы ұйымдастырылған "Ұлы елдің мұрасы" фотоқұжаттық көрмесі 10-шілдеге дейін жалғасады деп күтілуде, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Көпшілік назарына фотоқұжаттар тарихының призмасы арқылы Қазақстан Республикасының Бас қаласының қалыптасуы мен дамуы туралы фотоматериалдар, архивтік құжаттар ұсынылып, елорда тұрғындары мен қонақтарына Ұлы Даланың қалыптасу, даму кезеңдеріне қызықты саяхат сыйлайды.

Фотоқұжаттық көрме өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап бүгінгі кезеңге дейінгі жүзжылдық мерзімді қамтиды. Экспозицияға Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасынан, Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен 90-нан астам фотоматериал мен архивтік құжат ұсынылып отыр.

Елордалықтар Елбасының еліміздегі әлеуметтік-маңызды нысандардың ашылу рәсіміне қатысқан сәттерін, әлемдік көшбасшылармен кездесу кадрларын көре алады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық ұйымдардың саммиттеріндегі әлемдік көшбасшылармен бірге түскен фотосуреттері ұсынылады. Елең еткізетін елеулі жаңалық – фотокөрме  астанадағы ең көне тарихи ескерткіштің бірі, көпес Кубриннің үйінде өтуде.

Жыл сайын қала күні қарсаңында ел астанасының өткені мен бүгіні туралы сан түрлі деректер алға тартылып жатады. Өйткені ел тарихында елорда шежіресі ерекше мәнге ие.  Ал енді Отанымыздың жүрегіндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге тоқталып, арғы-бергі тарихы мен сырына үңіле түссеңіз, ғажайып естеліктерге тап боласыз. Өңірдің мәдени өмірінде із қалдырған тұлғалар мен сан-сапат тағдырлар туралы  неше түрлі мағлұматқа қаныға түсесіз. Соның бірі –1910 жылы іргетасы қаланған көпес Василий Кубриннің үйі. Ғимарат Кенесары көшесінің  Әуезов көшесімен қиылысар тұсында орналасқан. Өзінің керемет архитектурасымен жан баурайды. Үйдің салыну тарихы туралы талай мәрте жазылды да. Бірақ бұл қаладағы тарихи орындар туралы естеліктер мен көнекөз шежірешілер ауызынан естіп-білгендеріміз қағаз бетіне толық түсіп бітті деген сөз емес. Кубрин үйі төңірегінде айтылып жүрген әңгіме де солай.  Ол жылдан-жылға толығып, молыға түсуге тиіс тарихи ескерткіштеріміздің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Ғимараттың қысқаша тарихына келсек, кәсіпкерлікпен Санкт-Петербургке жолы түскен Василий Кубрин қаланың еркетотай бір қызына ес-түссіз ғашық болып қалады. Әлгі ару анау-мынауды көзге іле бермейтін театр әртісі екен. Соған қарамастан сұлу бикешті бай көпес өзімен бірге Ақмолаға алып кетуге бекінеді, бірақ Петербургтің сән-салтанатына бойы үйреніп қалған ару оның бұл ұсынысын қабылдай қоймай, Ақмоладан өзіне арнап, кең сарай тұрғызса ғана баратынын айтады. Көпес Кубриндер үйінің салыну тарихы – қысқаша осы.

Архив дерегі бойынша тарихи кешеннің сыры әлі толық ашылып біткен жоқ. Бір жарым қабатты үй, жертөлесі, бірнеше бөлмеден тұратын қосалқы жай және  сол жерден дүкенге дейін созылған жерасты жолы ( кейін бұл жол бітеліп қалған), күйме-пәуескелерге арналған ат қора, тас-жер қоймалар сияқты бірнеше бөліктен тұратын ғимараттың иелері де кейін заманға қарай ауысып отырған. Алғашқыда жұмысшы-шаруалар клубы, кітапхана, қалалық уездік атқару комитеті орналасқан. Одан кейін 1920 жылы  қазанда  ресми атауы "Бірінші Кеңестер үйі" болып өзгереді. 1921 жылы 24 ақпанда – революциялық  үштіктің штабы, ОГПУ, НКВД  және  милиция орын тебеді. Ал өткен ғасырдың ортасында мұнда қалалық білім басқармасының бөлімі және Пионерлер үйі жұмыс істепті. Сексенінші жылдары облыс тарихын, Қазан төңкерісі оқиғаларын, Азамат соғысы мен екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру, кейінгі бесжылдықтар кезеңін қамтитын тарихи жәдігерлер орын тепкен өлкетану музейіне айналыпты. Тәуелсіздік жылдары Украинаның Қазақстандағы елшілігі  орналасса, бүгінде ғимарат Нұр-Сұлтан қалалық архивінің меншігінде.