Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын бірыңғай бағытта ұйымдастыру мақсатында "Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық!" тұжырымдамасын әзірледі, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Жазғы демалыс уақытында балаларды жұмыспен қамту үшін жасалған тұжырымдама өңірлерге жолданды. Аталмыш тұжырымдаманың аясында балалардың сауықтыру демалысы мен бос уақытын тиімді өткізіп, жұмыспен қамтылуы негізінде "Мың жаса!" ерікті балалар қозғалысының жұмысын үйлестіру көзделген.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларымен қоса әр облыстың білім басқармаларында көшбасшы қозғалысының орталықтары құрылған. Орталыққа құрамында жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары бар педагогикалық отряд жетекшілік етеді.
Бүгінде "Балдәурен" РОСО РМҚК-ның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларымен ұсынылған тәлімгерлік қозғалыс орталықтарының өкілдері және облыстардың педагогикалық отрядтарының көшбасшылары үшін тәлімгерлік шеберліктің тренерлік курстарына қашықтан қатысушылардың тізімі іріктеліп, жасалды. Ағымдағы жылдың 22 маусымнан тәлімгерлік шеберліктің тренерлік курстары өз жұмысын қашықтан бастады.
Аталған курстар аяқталған соң облыстар және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының жетекші қозғалыс орталықтары мен аудандық орта білім беру ұйымдарына педагогикалық отрядтарды бекітудің жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, жазғы демалыс кезеңінде балаларды іс-шаралармен барынша қамтуды қамтамасыз ету, көшбасшылардың педагогикалық шеберлігін жетілдіру және өңірлік көшбасшылар қозғалысы орталықтарының өзара іс-қимылын нығайту жобаның аясында күтілетін негізгі нәтиже болып табылады.