• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 03 Шілде, 2020

Назқоңыр

526 рет
көрсетілді

Шолаққорғаннан жетпіс шақырымдай жерде Созақ ауылы жатыр. Жазға салым аяқ асты жол түскен. Дәшті-Қыпшақтың падишахы Тәуекелдің сауын айтып, жақсы-жайсаң атау­лыны жинаған Қаратаудың терістігіндегі Созақтағы құ­рылтай осы маңайда өткен екен ғой деп ғасырлар қой­науында қалған бабалардың ізін көріп қалардай, төңірекке тебірене көз тастаған едік.

Біз отырған көлік жеңіл сырғып келіп әлдебір дарбазаның алдына тоқтаған. Аула кең, салтанатты екен. Күндізгі аптаптың беті қайтқан, кеш­құрымғы майдақоңыр самал айналаны тербетеді. Мәуелі бақ иіліп, сары өріктер жерде шашылып жатыр. Оң жақ қапталда тереңірек жырада сылдырап аққан судың бергі жағын әдемілеп, ас-су ішетін орынға лайықтап, жасап қойған екен. Жол соқты болып, шаршап келген адамды аунап-қунап жата кетуге шақырып тұрғандай, жайлылығымен бірден көзге түседі. Ал сол қапталда Қара бура әулиенің күмбезді кесенесі бой көтерген. Айбарлы, суық. Басынан зиярат етушілер үзілмейді. Әуелі әулиенің басына сәлем бердік, бұлжымас дәстүр есебінде. Кейін кесенені айнала, қабірстанның түбіне қарай өтіп, ақ кірпіштен оқшау қаланған мола­ның алдына тізе бүктік. Бұл әйгілі дәулескер күйші Сүгір Әліұлының мазары екен. Ескі күйшіліктің салтын сақ­таған ең соңғы домбырашының басында отырғанымды ойлап, әуезді оқылған құранға ден қойдым.

Құт қонған қазыналы Қаратау – күй құдіреті дарыған қасиетті өлке. Қобыз­шы Ықыластан Сүгірге, Сүгірден Жаппасқа қонған қобыз бен домбыраны қосақтаған телқоңыр күйшілік өнері осы Созақта салтанат құрған. Күйді екі тартқызбай қайталау, жанынан суырып салу, таңды таңға ұрып күй толғау сынды көненің жолынан айнымаған өнерпаз күйлерін шертпелетіп те, төкпелетіп те шығара берген. Алғашқыда ойнақы естілетін «Аққу» мен «Бозінгенінің» қағысы жеңіл көрінгенімен мінезді, әуен-саздылығы басым келеді. Қара өлеңмен мазмұндас, Арқаның әншілік дәстүріне көп келетіндей. Бұл турасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай «Сүгір күйлерінің музыкалық құрылымынан аталған қасиеттерден бөлек жыр мақамдарын да аңғара аламыз. Мысалы, «Ыңғай төкпе», «Назқоңыр» сияқты күйлерден қазақтың ақ өлеңіне құрылған ырғақтар есіп тұрады», деп жазады. Музыканың тілі нақтылы өмір дерегін беруде тіл­мен жарыса алмайтыны даусыз. Әйткен­мен орта екпінмен, шалқыта орындалатын «Аққу» күйінің шығу тарихы туралы аянышты хикая қоса баян­далады. Көктемде Шу өзенінің бойына мамырлай қонған аққуларды атуға патшалық Ресейдің жасауылдары жыл сайын аңшылық ұйымдастырып тұрған. Жазушы Ө.Қырғызбаевтың романын­да аққудың мамығын жинау үшін арнайы науқан ұйымдастырылатыны, жыл сайынғы аңшылық сонардан аққу­дың тұқымы тұздай құрып кеткені туралы айтылады. Қасиетті құстың обал-кие­сіне қарамаған нәубетті көзімен көрген күйшінің салалы саусақтары домбы­раның шанағынан осы бір мұңды да тебіреністі күйді үнсіз саулатса керек. Сырт­тай тыңдағанда көтеріңкі ты­нысы жеңіл баурап алғанымен, ішкі күй­зелісі сары жазық атыраптағы буалдыр сағым­дай көз ұшында тербеліп, әлде бір өксікті, шерді анық аңғартады.

Өмірінің соңғы жылдары кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Өскен өңір» атты романын жазуға материал жинау үшін Теріскейге табаны тиіп, елдің тыныс-тіршілігімен, бай тарихымен танысады. Осы сапарында ұлы жазушының шертпе күйдің негізін салушылардың бірі, дәулескер күйші Сүгір Әліұлымен кездескені жайлы айтылады. Атақты домбырашының үйіне «Созақ» кеңшарының директоры Балтабай Әбдіраманов алып барады. Сүгірдің үйіне Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әділ Сасбұқаев, жас жазушы Тәкен Әлім­құлов та бірге барады. Үлкен парасат иесі Мұхаңды Сүгір күйші де тап басып таныпты. Әншейінде шешіліп көп алдында домбыра ұстай бермейтін күйші сол жолы ерекше разылықпен қонақтарының алдында «Тоғыз тарау», «Шалқыма», «Назқоңыр», «Аққу», «Кер­толғау», «Жолаушының жолды қоңыры», «Бозінгеннің бүлкілі» атты күй­лерін іркілмей орындап бергендігі ай­ты­лады. «Мен бір талант таптым, Тәкен! Сен Сүгір жайлы жаз», – деп жа­­нында бірге сапарлас болып жүрген Тәкен Әлімқұловқа ой тастайды. Осыдан соң үлкен жазушының бір ауыз сөзін қа­перінде ұстаған қаламгер Созаққа кел­ген сайын шертпе күйдің шеберлері күй­ші-композиторлар Сүгір мен Төлеген Мом­бековке сәлем беріп, күйшілер өмі­рінен үзік-үзік әңгімелер жазып, газет-жур­налдарға жариялап жүріп, біразын кейі­нірек кітаптарға топтастырады. Сү­гір тудырған сарынға құлақ түріп отыр­ғанда ұлылардың өмірімен астасқан көп­­ке белгілі осы бір деректер ойыма ора­ла берді.

«Бір халықтың әні кетсе әдебиеті жесір қалады. Сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып, отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар», деп жазып еді кезінде өршіл ақын Сұлтанмахмұт. Небәрі жиырма жасында айтқаны. Қандайы шынайы, дәл, әсерлі! Нәзік сипатымен, өмірге құштарлық лебі шалқыған, жаңарған қалыптағы халық күйлері – қазақтың жаны емес пе еді. Айтудан кенде қалған жеріміз жоқ, десе де бүгінгі әніміз бен күйіміздің сиқы қандай?! Осынау құт дарыған мекеннің басында алақан жайып отырып, соны ойладым. Сүгірлерден қалған әніміз бен сәнімізді сақтай алдық па?