Атыраудағы ахуал күрделеніп барады. Қауіпті індеттің беті қайтар емес. Керісінше, таралу аясы кеңейе түсті. Індетті жұқтырушылар әсіресе, облыс орталығында жиі байқалып отыр. Мәселен, өткен бір тәулікте 229 адам коронавирустың «қақпанына» түсіп қалды. Қазір өңірде індетке шалдыққандардың саны 4 мыңнан асты. «Көтере алмасаң, қосып арқала» дегендей, пневмонияға шалдыққандар да аз емес. Оның үстіне тұрғындардың дәрі-дәрмек іздеп сабылуы дүрбелеңді одан сайын күрделендіріп отыр.
Осы орайда, «Семейное» дәріханалар желісінің директоры Руслан Сәрсеновтің айтуынша, тұрғындар «белгілі бір дәрілерді қабылдау инфекция жұқтырудың алдын алады немесе ауру салдарын азайтады» деген жалған ақпаратқа сеніп жүр.
– Мұндай дүрбелең шамамен бір апта бұрын басталды. Бұрын күніне 50 дана парацетамол сатылса, қазір оның саны 1 мың данаға дейін жетеді. Көп адамдар туыстары мен достарының немесе WhatsApp желісіндегі жалған хабарламалардың әсерінен дәрі-дәрмекті ауырғанда емес, алдын ала сатып алады. Бүгінде «қауіпті дерттің бетін қайтару үшін парацетамол көмектеседі» деген жалған ақпарат таралып кетті. Карантин кезінде зімбірді көптеп сатып алғандай, оны да сатып ала бастады. Ал адамда диарея немесе ангина болуы мүмкін. Біз дәрі-дәрмек сатып алуға тыйым сала алмаймыз. Өйткені біраз адам ауылдардан келіп, сатып алып жатады. Қазіргі уақытта дене қызуын түсіретін дәрілерге бұрынғыдан да көп мөлшерде тапсырыс беруге тырысып жатырмыз. Бір аптадан кейін дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешіледі, дейді «Семейное» дәріханалар желісінің директоры Р.Сәрсенов.
Сондай-ақ өңірде ПТР-тест қорытындысының кешігуіне шағым айтушылар да жоқ емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаеваның мәлім етуінше, бұған уақыттың тапшылығы себеп болып отыр.
– Бүгінге дейін Атырау облысына 29 620 ПТР тест алынды. Коронавирус инфекциясын анықтау үшін 20 238 рет тест жасалды. Қазіргі уақытта тестілеу нәтижесінің мерзімі кешіктіріліп жатқаны туралы шағымдар көптеп түсуде. Осы орайда, азаматтарға зертханаларда алынған барлық сынамаларды өңдеуге уақыттың тапшы екенін айтқым келеді. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеуде. Өкінішке қарай, Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлерінің 90 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырып, қазір олар тиісті ем қабылдауда. Барлығының да отбасы, қарт ата-анасы, туыстары бар. Сондықтан, тұрғындар болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарауы қажет, – деді Гүлнафис Таңбаева.
Оның айтуынша, ТШО компаниясы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы ПТР аппаратын Каспий медициналық жеке клиникасының балансына беру туралы келісім жасасты. Зертхананың толық жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайдың барлығы қарастырылғаннан кейін, жуық арада емханадан коронавирусқа тест тапсырып, нәтижесін алуға болады. Ал қазіргі уақытта ПТР сынамаларын өңдеумен «Invivo» медициналық зертханасы айналысып жатыр.
Алайда Атырауда індеттің өршуіне байланысты жаңа инфекциялық стационардың қажеттігі туындап отыр. Өйткені барының өзі науқастарға толып қалды. Енді осыған орай облыстық ауруханадан 400 орындық стационар ашу жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуына қарағанда, осыған байланысты облыстық ауруханадағы барлық бөлім басқа емдеу орындарына ауыстырылады. Қазір облыстық ауруханада 120 провизорлық орын, кардиоорталықта 70 провизорлық кереует бар. Сондай-ақ Геолог емханасында 100 провизорлық кереует дайындалуда.Қалалық және қала маңындағы емханаларда 267 провизорлық орын ашу жоспарлануда. Бұған қоса, біз облыстық ауруханадағы бөлімшелерді басқа медициналық мекемелерге ауыстырып, мұнда 400 орындық провизорлық стационар ашуды көздеп отырмыз, деді Бақытгүл Хаменова.
Оның мәлім етуінше, осыған дейін қауіпті індетке шалдыққан науқастарды емдеуге көмегі тиетін 111 өкпені жасанды желдету аппараты алынған. Алайда аталған ауруханаға дәл осындай аппарат ауадай қажет. Осыған байланысты өңір кәсіпкерлері демеушілік көмекпен облыстық ауруханаға аса қажетті екі аппаратты алып берді.
Рас, кәсіпкерлер демеушілік танытудан тыс қалып жатқан жоқ. Солардың қатарында бір реттік шприц шығаратын «Брандо» ЖШС-ның құрылтайшысы Махмут Мералиев та бар. Ол бір реттік шприцтерді тегін тарату акциясын қолға алды.
– Қазіргі ахуал қолдан келген көмекті көрсетудің қажеттігін байқатты. Себебі індеттің таралу жылдамдығы өршіп барады. Соған байланысты жалпы саны 2 950 000 бір реттік шприцті тегін таратуға ұйғарым жасадық. Алғашқы легі – 500 мың дана. Ал Қызылқоға ауданының әр тұрғыны үшін 10 данадан 300 мың данасын тегін береміз, – дейді Махмут Мералиев.
Кәсіпкер бұған дейін Қызылқоға аудандық ауруханасына 1 млн 345 мың теңгенің дәрі-дәрмегін, 1 млн теңгенің оттегі баллонын алып берген. Сондай-ақ аудандық ауруханадағы 10 пациенттің әрқайсысына материалдық көмек көрсетті. Шілденің алғашқы күні кәсіпкер ұсынған бір реттік 500 мың шприцті волонтерлер Атырау қаласының тұрғындарына тегін таратты. Бір адамға – 15 дана шприцтен. Енді олар қала маңындағы 7 ауылдық округ тұрғындарына да тегін таратуды көздеп отыр.
Әрине Атыраудағы ахуал күрделі күйінде қала бермейтін шығар. Тұрғындар тарапынан сақтық шаралары қатаң сақталса, жағдай кешікпей тұрақталары даусыз.
Атырау облысы