Елімізде індет белең алып, эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты іс-шаралар қолға алынып жатыр. Президент пәрменімен Мемлекеттік комиссия көптеген нысандардың жұмыс істеуін шектейтін, азаматтардың топтанып жүруіне тыйым салатын шешімдер қабылдады. Бұл – осындай қысылтаяң шақта өте дұрыс қадам болды.
Дәл қазіргі сәтте оқшаулану қажет. Үкімет 5 шілдеден бастап карантин режімі енгізілетінін айтты. Үкімет айтпаса да, халық ең әуелі өз денсаулықтары үшін сақтық шараларын қатаң ұстауы қажет. Мынадай жағдай болып жатса да, тойға шақырулар алып жүрмін. Өкінішке қарай, дәл қазір той тойлайтын кезең емес. Қуаныштың болғаны жақсы ғой, бірақ оны тойлауды ысыра тұрған жөн.
Осындай қиын кезеңде басын қатерге тігіп алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек. Өзімнің денсаулығым қалыпты. Бұрыннан көп жаяу жүремін, барынша дұрыс тамақтанамын, иммунитет көтеруге талпынамыз. Қазақстандықтардың денсаулығы үшін күні-түні тынымсыз көмек қолын созып жүрген барша дәрігерге алғыс айтамын.
Есен ЕЛЕУКЕН,
«Тамаша» телеарнасының директоры