Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күнінде Харьюмаа, Ида-Вирумаа, Тартумаа және Ляяне-Вирумаа аумақтары консулдық округімен Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы салтанатты түрде ашылды. Мекеме басшысы ретінде Эстония Парламентінің экс-депутаты, "Talinna Linnatranspordi" АҚ басқарма төрағасы Денис Бородич тағайындалды. Бұл туралы Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Елшісі Нұрлан Сейтімов өз сөзінде Құрметті консулдықтың ынтымақтастықтың барлық бағыттарындағы Қазақстан-Эстония қатынастарын дамытудағы, әсіресе елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы, сондай-ақ еліміздің азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Іс-шараға Ляяне-Харью ауданының басшысы Янус Саат, Палдиски теңіз портының басшылығы, дипломатиялық корпустың, Эстония Парламентінің (Рийгикогу), аймақтың іскер топтары мен жергілікті басқару органдарының өкілдері қатысты.