Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бастамасымен "Елбасы – тәуелсіздік тұғыры" деген тақырыпта онлайн конференция болып өтті.
Оны Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ашып, жүргізіп отырды. "Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның тұғырын қалап, іргесінің бекуіне сіңірген еңбегін айтып сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мемлекеттік шекараны шегендеуде де ол ТМД елдері көшбасшыларының арасында ең көп тер төккенін бәріміз жақсы білеміз. Елбасының туған күнімен бір күнде астанаға айналдырылған қазіргі әлем таныған Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуы мен дамуына да оның сіңірген еңбегі орасан зор. Қазақстанның әлемдік қауымдастықта танылып, беделді мемлекет болуы да Тұңғыш Президенттің іскерлігінің арқасында болды. ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ төрағасы болып қана қоймай оның саммитін өткізуі, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін Орталық Азияда бірінші болып жасауы – әлем назарын аударған ғаламдық шаралар болды. Оның әлемдік бейбітшілікті, тыныштық пен татулықты сақтау бағытындағы бастамаларын халықаралық қауымдастық жоғары бағалайды. Кеше ғана ел газеті "Егемен Қазақстанда" Президент Қ.Тоқаевтың мақаласы жарияланып, оның барлық істеріне әділеттілікпен жоғары баға берілді", - дей келіп, Ғани Сақтағанұлы жаман індеттің кесірінен конференцияға қатысып отырған шектеулі спикерлерге сөз берді.
Соның ішінде Парламент Мәжілісінің экс-депутаттары Ж.Сүлейменов, И.Чиркалин және Р.Полищук Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың еңбектері мен тәуелсіздіктің тұғырын бекітудегі ерен еңбектері туралы баяндады.
Ал конференцияның бір спикері болған осы жолдардың авторы Елбасының шетелдік сапарларын "Егемен Қазақстан" газетінің шолушысы ретінде 10 жыл бойы ақпараттық жағынан қамтамасыз еткенде өз көзімен көрген тұлғалық жеке қасиеттері туралы әңгімелеп берді.
Конференция онлайн режімінде облыстың барлық өңіріне көрсетіліп тұрды.
ҚЫЗЫЛЖАР