• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 03 Шілде, 2020

Қостанайдағы провизорлық стационар дәрігерлері жұмысқа шығудан бас тартты

1012 рет
көрсетілді

Бүгін Қостанай облысында індет жұқтыру жағдайы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп, бір күнде бірден 48 науқастан Covid-19 анықталды. Күн санап асқынып бара жатқан күрделі аһуалға қарамастан, бір-екі күн бұрын уақытша провизорлық стационар қызметіне көшкен қалалық аурухананың бірнеше дәрігері жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Басты себеп – аса қауіпті аймақ саналатын провизорлық стационардағы қарапайым санитарлық талаптардың сақталмауы.

Провизорлық стационарда жұмыс істейтін дәрігер бір киген қорғаныш костюмді екінші қайтара ешкімге киюге болмайды. Мұндай костюм қауіпті саналатындықтан, оны өртеп жойып жіберу керк. Індет жұқтырмаудың бұлжымас қағидасы осыны талап етеді. Бірақ  2 шілде күні кезекшілікке шыққан дәрігерлерге стационар басшылығы бұрын киілген ескі қорғаныш костюмдерін берген. Бұл костюмдердің кейбірі  жыртылған, бас киімдері тер сіңіп кірлеп, сарғайып кеткен. Оны дәрігерлерден алынған фотосуреттерден айқын көруге болады. – Мұнда өкпесі қабынған, суық тиген, қызуы көтерілген, іші ауырып келген әр түрлі ауыр науқастар жатыр. Олардан короновирусқа арнайы  анализ алынып, талдауға жіберіледі. Талдау қорытындысы шыққанша, біраз уақыт барлығы осында бір палатада бірге жатады. Талдау қорытындысы бойынша Covid-19 анықталған науқастар осы жерден инфекциялық бөлімге жіберіледі. Осы уақыт аралығында Covid-19 расталған науқастың жанындағы адамға індет жұқтыруы мүмкін-ау деген мәселеге ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Басшылық әлгі костюмдерді химиялық өңдеуден өткіздік дейді. Бұл өкінішке қарай қауіпсіздік шараларына қайшы келеді ғой. Мұның сыртында бізде дәрігерлерге арналған қорғаныш шлемі, бетперде, респираторлар жиі жетпей қалып жатады. Кейде жай маска тағамыз, кейде бетімізге дәке орап алуға тура келеді.   

Бұл ең алыдмен біздің денсаулығымызға қауіп төндіреді. Біз ауырсақ, орнымызға кім жұмыс істейді? Жаман айтпай жақсы жоқ, бұлай кете берсе, таяу арады дәрігерлердің  ішінде індет бұрқ ете қалуы мүмкін. Бұл індет қой. Мүлдем тізгіндеуге келмейді. Оны тізгіндеу үшін әуелі өзіңді, айналаңды қауіпсіздендіру керек. Мен палатады жөтеліп, тынысы тарылып жатқан науқастарға үнемі қиын болса да масқа киіп жатыңыздар, жиі ауыстырып киіңіздер. Өйткені басқалардың обалына қалуларыңыз мүмкін деп үнемі айтамын. Қазір адамдар күн сайын көз жұмып жатыр. Біз алдыңғы шепте жүрген соң, барлығын көріп, біліп жүрміз.

Осындай жағдайдан кейін, кеше 3 дәрігерге жұмыстан бас тартуға тура келді. Оның ішінде 1 хирург, 1 жалпы практика дәрігері және мен бармын. Бірақ біз өз кезекшілігімізді толық атқарып шықтық. Өйткені көзіміз көріп тұр ғой, науқастарға ине салып, дәрі беретін адам жоқ. Мұның сыртында, науқастарға психологиялық көмек ауадай қажет. Барлығын қорқыныш-үрей билеп алған. Ешқайсысы өзінің талдау қорытындысын білмейді. Талдау нәтижелері ұзақ жүреді. Толған күр-күрс жөтел. Кейбіреулер отбасымен бірге жатыр. Осының бәрін ел әлі дұрыс түсінбей жатыр. Өзімізді өзіміз қорғамасақ, онда дауа жоқ, жаппай қырылу ғана қалады, - деді жұмыстан бас тартқандардың бірі -   дәрігер-травматолог Роман Лавриненко.

Дәрігердің  айтуынша, провизорлық стационарда қазір мамандар жетіспейді. Әсіресе, медбикелер тапшы. Сондықтан кейбір күндері 12 сағат бойы 1 медбике 40 адамға қараған кездер болған. Біздің жұмыстан бас тартуымыздың тағы бір себебі – осы мәселе. Біздің ауруханада қазір бос орын жоқ.  Мысалы, кеше біз кезекшілікке шыққанда, стационарда шамамен 210 адам жатты.  Кезекші дәрігер – екеу-ақпыз. 200 адамға 2 адам қалай ем жасайды? Мүмкін емес қой. Ары кеткенде 1 дәрігерге 25-30 науқастан келу керек.   Басшылар дәрігер мамандар жоқ дейді. Олай болса, өздері неге шықпайды? Бүгінгідей ауыр кезеңде креслосын тастап, палатаға шықса ештемесі кетпейді. Қазір "уатсап" арқылы бұйрық беріп қойып, кабинетте тығылып отыратын уақыт емес.  

Жұмыстан бас тартқан дәрігерлерге емдеу мекемесінің басшылығы бір айлық ақысыз еңбек демалысына шығуға өтініш жазуға немесе жұмыстан мүлде кетуге кеңес беріпті.

Біз бұл мәселе жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаеваға сауал жіберіп едік, ешқандай жауап болмады. 

Қостанай облысы