Қазақстан Республикасының заңы бойынша тіркеуге алынбаған, заңсыз аң аулап жүргенде тәркіленген, сонымен бірге азаматтардың өз еркімен тапсырған қару-жарақтары жойылады. Жуырда Солтүстік Қазақстан полициясы осындай 724 қарудың көзін жойды, - деп жазады Egemen.kz
Оны жою үшін комиссия мүшелерінің көзінше акт жасалады және қарулар атуға жарамсыз болатындай етіп, арамен ұңғылары кесіледі. Сосын саны анықталып, одан жәшікке салынып, аузын мөрлеп бекітіп, темір-терсек қорытатын пеші бар кәсіпорынға әкелінеді. Осы жерде барлық комиссия мүшелерінің көзінше қару-жарақтың темір бөліктері ерітіледі. Сөйтіп, 724 отты қару комиссия мүшелерінің көзінше кесек темірге айналдырылды. "Бұлардың бәрі заңсыз сақталған, сонымен бірге қылмысқа қолданылғаны үшін тәркіленген қару-жарақтар. Олардың көбі заңсыз аңшылыққа пайдаланылғаны үшін соттың шешімімен тәркіленді", дейді СҚО ПД Тылдыық қамсыздандыру басқармасының бастығы, полиция майоры Александр Терехов.
Сонымен бірге ол кейбір тұрғындардың үйлерінде қалған ескі қару-жарақты өз еріктерімен тапсыратынын да айтты. Мұндайлар аталарынан қалған ескі аңшылық мылтықтары болады екен. Ондайдың кейбірін балалары тығулы жатқан жерінен тауып алатын көрінеді.
Полицейлер тіркелмеген қару-жарақты сақтағаны үшін тартқызатын жауапкершіліктен оларды полицияға өз еркімен тапсыру ғана құтқаратынын тұрғындарға ескертіп жүр. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап осындай акция басталып кеткен. Тіркелмеген қаруды тапсырғандар ақшалай сыйақы да алады. Мұндайды естіген облыс тұрғындары алғашқы үш күннің ішінде 31 қару тапсырған.
Солтүстік Қазақстан облысы